31.01.2018, 21:40
Қараулар: 379
«Сабырлы қыздарды сыйлаймын…»

«Сабырлы қыздарды сыйлаймын…»


Кеңестік заманның бойжеткені серттескен серігін әскерге шығарып салып, оны екі-үш жыл күтуді мәртебе көретін. Ал бүгінгінің сұлулары уәделеріне берік пе? Әскердегі өмір қандай екен? Осы сауалдар аясында Отан алдындағы борышын өтеп келген бірнеше азаматпен әңгімелестік.


– Бала кезімнен сарбаз болуды армандайтынмын. Арманым орындалып, Отан алдындағы борышымды атқарып келдім. Әскери өмір төзімділікке, тәртіптілікке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке үйретеді екен. Дайындық сабақтарында шынығып, өзіңнің жауынгер екеніңді сезінесің, – дейді Теректі ауданындағы Магистральный ауылының тумасы Нұрболат Түгелов.

Әскердегі алғашқы күндері қиындықпен өткенін жасырмаған Заманбек Әкімжанов та әскер қызметіндегі уақытын мақтанышпен еске алады.

– Басында қиын болғанымен, кейін үйреніп кетесің. Әскер жігіттерді ер-азаматтарша өмір сүруге баулиды. Спортпен дұрыс айналысуды, қару-жарақты қолдануды сол жақта үйрендік. Елімізде болып жатқан жаңалықтарды теледидардан көріп, саяси сабақтарда талқылайтынбыз. Қазақ қыздарының көпшілігі әскерге кеткен жігіттерін күтеді.

Өзім әскерге аттанған кезде сүйгенім жоқ, басым бос болатын. Ал жанымдағы жора-жолдастарымның сүйіктілері күтіп алғанын көрдім, – дейді Заманбектей замандасым.

Жамбыл облысы, Қордай ауданының Гвардия қалашығындағы №21450 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп келген бөкейордалық Райымбек Жұмабайұлы денсаулығы жарамды барлық ер-азаматтың әскерде шыңдалғанын   жөн   санайды.

– Бос уақытымды текке жоғалтпай, Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын» оқыдым. Сондай-ақ «Үздік барлаушы» белгісімен марапатталып, ефрейтор шенін және екінші сыныпты сарбаз дәрежесін иемдендім. Әскерге жігітін шығарып салып, төзіммен күтіп алатын сабырлы қыздарды сыйлаймын. Өмірде адамдар әр түрлі болады. Сүйемін деп шығарып салып, күтпей қалатын қыздар да баршылық. Бірақ ол жағдай әскердегі сарбазға оңай тимейді. Сондықтан өзіне сенімсіз сұлулар жігітке күтемін деп уәде бермесе екен. Өйткені қызы түскірі күтпесе, сонысымен жігіттің ер көңіліне қаяу түсіреді ғой, – дейді Райымбек Жұмабайұлы.

№21450 танктік бригада да әскери борышын өтеп келген Артур Әкімжанов әскерде болған кезінде ауылын сағынса, енді ауылында жүріп, әскердегі өмірін аңсайды екен.

– Қазір бұрынғыдай екі-үш жыл емес, бір жыл дегеніңіз қас пен көздің арасында өте шығады. Мені сүйген қызым әскерден күтіп алды деп мақтанышпен айта аламын. Бірақ біз үйленуге әлі асықпаймыз. Түбі бірге болатынымызға сенімдімін. Қызым оқуын бітіріп, қызметке тұрсын. Өзім де аяғымнан тұрайын. Әскерге барғандардың әңгімесі бөлек болады, сондықтан жігіттер әскерге баруы керек. Ол үшін спортпен айналысса, түк те қиындық көрмейді, – дейді Артур.

Гүлдана СЕРІКҚЫЗЫ,

Зеленов ауданы