31.01.2018, 21:38
Қараулар: 296
«Бар-жоғы бес мың теңгем болды…»

«Бар-жоғы бес мың теңгем болды…»


Студенттік кезең – өмірдің ең қызықты әрі керемет шағы. Саусақпен санарлық жылдар көзді ашып жұмғанша өте шығады. Ал оның қызықты сәттері ешқашан ұмытылмайды. Әсіресе, туған күн кештері ерекше есте қалады.


Жылына бір рет келетін бұл күнді Мұқағалиша «Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!» деп ерекше тойлағымыз келеді. Бірақ өз қолы өз аузына жете қоймаған студенттердің жұпыны қалтасы үлкен той-тамашаны көтере ме?!  Ауылдан ата-анамыз беріп жіберген ақша оқу, тамақ және киімнен артылмайды. Алайда туған күнімізді тойлауға келгенде қаражатты табамыз. Біріміз мейрамханаларға даяшы болып жалдансақ, екіншіміз ай сайын алатын шәкіртақымызды үнемдеп жинаймыз. Мен де екінші курс студентімін. Он сегіз жасқа толған туған күнімді бір үйдің балаларындай болып кеткен бір топта оқитын достарыммен мейрамханада қарсы алдық. Оған кеткен қаражатты ата-анама ауыртпалық түсірмей, жұмыс жасап жинағанмын. Жұмысым оқуыма еш кедергі жасамады, екеуін қатар алып жүрдім. Басқа студенттердің туған күнмен байланысты қызықты оқиғаларын білгіміз келіп, сұрақтың астына алдық. Солардың бірі, ағамдай қамқор болған досым Демесін. Ол оқуын үздік аяқтап, білімін әрі қарай кеңейту мақсатында басқа оқу орнында оқып жүр.

– Мен педагогикалық колледждің музыкалық білім беру мамандығы бойынша 2017 жылғы түлегімін. Қазір Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алудамын. Студенттік шағымның қызығы мен шыжығы ешқашан ұмытылмақ емес. Сенбі сайын жиналатын тазалық күнінде, іс-шараларда бастары қосылмайтын студенттердің туған күн десе ұйыған сүттей біріге қалатыны рас. Әдетте топтың қорына ақшаларын бергісі келмейтіндердің туған күн десе қарызға ақша сұрап алатыны бар емес пе?!  Сол қызықтардың ішіндегі  жатақханадағы сәт есіме түсіп отыр. Жатақханадағы ең жақын досым – Айдар. Екеуміз ажырамас доспыз. Өзгелер қызыға да қызғана  қарайтын. Наурыздың бесінде Айдардың туған күні келіп қалды. Қалтамда бар жоғы бес мың теңгем болды. Оған не жөнді сыйлық келер дейсің?! Ақыры Айдарға білдіртпей сыртқа шығып, кешке дейін базар мен сауда үйлерін араладым. Досыма ұнайтын сыйлықтарды алғаныммен, туған күннің ерекше бір белгісі іспеттес тортты алуға ақшам жетпей қалды. Бірақ қыздардан қарызға ақша сұрап алдым. Барлық тосын сыйлығымды 105-бөлмедегі көрші қыздарға апарып қойдым. Түнгі сағат он екіде торттың шырағын жағып, асыға дайындалып жатқанымызда жатақхана вахтері Айгүл апайдың келіп қалғаны. Әбден ұрыс естіп, сол сәтте есіміміз ескертпе дәптеріне “алтын әріппен” жазылды. Алайда досыма тосынсыйды аман-есен ұсынып, үлкен мереке етіп атап өттік, – дейді Демесін досым.

Жатақханада тұратын Фариза Хабитова – Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің 1-курс студенті. Информатика мамандығы бойынша білім алып жүр. Фаризаның қыркүйек айында туған күні өтті. Алғаш рет ата-анасынан жырақта өткізген туған күнге қаражатты қайдан алды екен?

– Негізінен туған күнімді жасау үшін ата-анам беріп жіберген ақшаны сақтап қойған болатынмын. Бірақ бұл туған күнімді маған жатақханалық достарым жасап берді. Сол күні сабақтан шаршап шықтым. Жатақхана баспалдақтарымен әрең көтеріліп, бөлмеме қарай беттедім. Бөлме есігін ашсам, қолдарында гүлдері, түрлі-түсті шарлары және ерекше сәнді торты бар достарым дастарқан жайып, мені күтіп отыр екен. Қатты таңғалдым. Игі тілектерін айтып, сыйлықтарын ұсынып, мені қуантып тастады. Осылайша он алты жасымды достық мекеніне арналған жатақханада қарсы алдым, – деп Фариза ерекше есте қалған туған күнін жадырап айтып берді.

Міне, студенттердің туған күндері түрлі қызыққа толы өтеді. Оны бауырыңдай болып кеткен достарымызбен сағына еске алатын боламыз.

Зафура  МАМУТ,

Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің студенті,

Орал қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар