31.01.2018, 21:23
Қараулар: 337
Кудошылар қатары көбеюде

Кудошылар қатары көбеюде


Орал қаласындағы «Арман» спорт кешенінде жасөспірімдер мен жастар және ересектер арасында кудодан ҚР кубогі сарапқа салынды.


– Жетпістен астам спортшы қатысқан жарысқа еліміздің бес облысынан кудошылар келіп, өздерінің бақтарын сынап көрді. Астана, Петропавл және Павлодар

қалаларынан спортшылар келу керек болатын. Бірақ қазіргі ауа райының қолайсыздығына орай жолға шықпады. Бүгінде кудо спортының еліміздің барлық аймағында дамып келе жатқандығы байқалады. Аталмыш жарысқа Ақтөбе, Жаңаөзен, Қостанай, Алматы және Орал қаласының спортшылары қатысты. Кудода спортшының дене салмағы мен бойының ұзындығын қосып есептегенде, коэффициенті анықталып, бір топқа біріктіріледі. Кудоның тілінде оны «дивизион» деп атайды. Жалпы кудо – төрт спорт түрінің біріктірілген түрі. Яғни оған дзюдо, тайбокс, каратэ және ағылшын бокс түрлерінің әдістері енгізілген. Арқадан, желкеден және белден төмен тебуге болмайды. Биылдан бастап әлемдік, азиялық додаларға қатысатын боламыз, – дейді БҚО бойынша кудо федерациясының президенті Нұржан Таленов.

Жарыс нәтижесінде Темірлан Серіков, Назар Есенболат, Темірлан Темірғалиев, Рустам Бақберген, Алпамыс Кенжешев, Ерназ Ерланов, Еркен Хамидолла сияқты оралдықтар жеңістің биік сатысынан көрініп, жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль, диплом және кубок табысталды.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар