31.01.2018, 18:07
Қараулар: 150
Жолда қалғандар құтқарылды

Жолда қалғандар құтқарылды


Ағымдағы жылдың 18 қаңтар күні Самара Шымкент тасжолының Ақтөбе облысы аумағында қайғылы жағдай орын алған болатын. Жолаушылар тасымалдайтын аутобус отқа оранып, өзбек ұлтының 52 азаматы қазаға ұшыраған еді.


Осындай төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 2018 жылдың 30 қаңтар күні сағат 12.00 шамасында Сырым ауданының төтенше жағдайлар бөліміне облыстық төтенше жағдайлар департаментінен тапсырма түсті. Бірыңғай диспетчерлік кезекшілік қызметі басқармасының жедел кезекшісі Самара – Шымкент тасжолының 462 шақырымында Мерседес Спринтер аутокөлігі техникалық ақауға байланысты тұрып қалғандығын және жолаушыларды жақын жердегі жылыту пунктіне жеткізу керектігін хабарлады.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Е. Тасқалиев, аудандық №39 жол пайдалану бөлімінің басшысы Б. Бисалиев және аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар бойынша бас маманы С. Тәжібаев Мәскеу қаласына бет алған, Шымкент – Самара тасжолында  сынып тұрған мемлекеттік нөмірі КG /G4 983 ААА Қырғызстан Республикасының «Мерседес Спринтер» аутокөлігінен Тәжікстан Республикасының 18 азаматын Жымпиты ауылындағы №39 жол пайдалану учаскесінде орналасқан жылыту пунктіне эвакуация жасап, шұғыл түрде жеткізді. Жолда қалған көршілес елдің азаматтарына жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен ыстық тамақ, жататын орын ұйымдастырылды. Сөйтіп, аутокөліктері толықтай жөнделген тәжік азаматтары 31 қаңтар күнгі таңда Жымпиты ауылынан Мәскеу бағытына сапарларын жалғастырып кетті.

Жолаушылар қатарында болған Тәжікстан Республикасының азаматы Ш. Еров сапарластары атынан ауданның жергілікті атқарушы органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің жедел жұмысына ризашылығын білдіріп, ақ жүрегімен жазылған алғысхатын қалдырып кетті.

Мүсірбек АЙТАШЕВ,

Сырым ауданы