24.01.2018, 22:08
Қараулар: 215
Астана Ақ Жайыққа жақындай түсті

Астана Ақ Жайыққа жақындай түсті


Сейсенбі  күні  Астана  қаласының  әкімі  Әсет  Исекешев  пен  Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  Алтай  Көлгінов  Елордада   кездесті.  Елбасымыздың   «Төртінші  өнеркәсіптік   революция жағдайындағы  дамудың  жаңа  мүмкіндіктері»  атты  Жолдауы  аясында өткен  басқосуда  аймақаралық  ынтымақтастықты  дамыту жайы  талқыланды.  Кездесу   Қарашығанақ   Петролеум  Оперейтинг  (ҚПО)  мұнай  және  газ  конденсатты  кен  орнын  игеру жөніндегі  консорциум  басшылығының  қатысуымен  өтті.


Сондай-ақ кездесуге Астана қаласындағы бірқатар өндірістік компания қатысты. Атап айтқанда, мұнай өнімдерін өндіруші «Іскер-Ойл» ЖШС, медициналық құрылғылар шығаратын «KAZMEDPRIBOR Holding» ЖШС, ағынды суларды тазартатын құрылғы шығарушы «Торговый Дом Эколос» ЖШС, құрылыс материалдарын өндіретін «Selena Insulations» ЖШС, трансформаторлық қосалқы станциялар жасайтын «Спецэлектра» серіктестіктерімен қатар «Documentolog» ЖШС, «Коркем-телеком» ЖШС секілді IT-компаниялар қатысты.

Басқосу барысында қатысушылар «Индустрия 4.0» принциптерін қолдана отырып, индустриалды-инновациялық даму мен цифрландыру элементтері және «Смарт сити» концепциясы аясындағы әріптестіктің болашағы туралы талқылады. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті отандық өнім өндіруді дамыту үшін жағдай туғызу, қызмет көрсету сапасын арттыру туралы да айтылды.

Кездесу соңында Астана қаласы мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі арасында «Индустрия 4.0», цифрландыру және «Смарт сити» концепциясы аясында және Астана қаласы әкімдігі мен «ҚПО б.в.» компаниясы арасында бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыру және өнім түрін кеңейту мақсатында Астана қаласының шағын және орта бизнес базасында жаңа өндірістерді құру туралы меморандумға қол қойылды.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Астана қаласының үлгісінде Оралқаласында «Смарт сити» концепциясының жүзеге асырылып жатқандығын айтты.

– Біздің басты мақсатымыз –Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыру. Біз Астана қаласында «Смарт сити» жобасының өте жоғары деңгейде іске асырылып жатқанын көрдік. Бірнеше кәсіпорындарды араладық. Соның ішінде Астана қаласында жол жүру ережелерін сақтауда, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шаралар көп. Осы тәжірибе біз үшін де нәтижелі болады деп ойлаймын. Сондай-ақ «Индустрия 4.0» бағытына тоқталсақ, Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ компаниясы – еліміздегі ең ірі инвесторлардың бірі. Былтыр бұл компаниямен бірге Қазақстанның жеті өңірін араласақ, биыл Астанадан бастап отырмыз. Мақсат – Елбасының сапалы отандық өнім шығару және жергілікті қамтуды жүзеге асыру туралы тапсырмасын орындау. Мысалы, былтырғы жылы жергілікті қамту бойынша Қарашығанақ компаниясы 130 млрд. теңге инвестиция құйды. Биыл да сол жұмыстар жалғасын таппақ. Астана қаласының кәсіпкерлерін тартып, сапалы отандық өнім өндіруді жолға қойғымыз келеді. Бірнеше келісімшарт жасастық, – деді  облыс  әкімі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық тәжірибені таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек» деген болатын. Орал қаласы «Смарт сити» принциптеріне сәйкестендіруде Астана қаласын әрдайым үлгі етіп келеді. Елордаға қарап бой түзеп келе жатқан Орал қаласында басталған жаңа жобалар жоқ емес. Ағымдағы жылы облысымызда «Смарт сити» концепциясы бойынша 30 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Аталған концепция аясында облыс аумағындағы жолдар бойына, көп қабатты үйлердің кіреберістеріне, мектептер мен балабақшаларға 6 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылуда. Бұған қоса биыл 1500 камера орнату жоспарланып отыр.

Облыс орталығындағы бірқатар қоғамдық көліктерге жолақыны электронды қосымшамен төлеу үшін SMS-BUS жүйесі енгізіле бастады. Сондай-ақ емханалардағы кезекті азайту мақсатында «Электрондық  кезек» жүйесі  жұмыс жасауда.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар