Криптовалюта — болашақтың төлем құралы ма?

Күні , 555 рет оқылды


Жер бетінде ақшаны керек қылмайтын адам жоқ шығар, сірә?! Ата-бабаларымыз «Байлық, атақ – қол кірі, көңіл құрты» немесе «Байлық – қолда ұстаған мұз» десе де, қазіргінің қазағы «сананы тұрмыс билейді» қағидасымен өмір сүреді. Нарық заманында бай-бақуатты болу үшін басқалардан көп еңбек етуің керек, бір жалақыға байымайсың, бизнестің қыр-сырын меңгеруің қажет деген сыңайда ақыл-кеңес айтатын ақылгөй интернет сайттар мен онлайн оқыту курстары көп бүгінде. Олардың дені желілік маркетингті жасырын жарнамалау құралы болса, тағы бір бөлігі – тәуекелі көп онлайн сауда-саттық қызметі. Қазақтілді ғаламтор кеңістігінде криптовалюта, биткоин, сандық ақша ұғымдары алғаш пайда бола бастаған жылдары көпшілігіміздің ештеңе түсінбегеніміз, анығын айтар болсақ, ақша табудың осы тәсілінің астарына үңілуге тырыспағанымыз рас. Сөйтсек, бұл әрекетіміз бекер-ақ екен. Қазір дамыған елдерді айтпағанның өзінде криптовалюта арқылы қомақты табыс тауып отырған іскер азаматтар қатары Қазақстанда да көбейіп келеді.


Криптовалюта  дегеніміз  не?

Алдымен осы сұраққа жауап берейік. Грек тілінен аударғанда «крипто» сөзі –  құпия, жасырын деген мағынаны білдіретін төлем бірлігінің бұл түрі өзгертуге келмейтін таңбалар жиынтығынан, яғни математикалық алгоритмдер арқылы шешілген әріптер мен сандардан тұрады. Түсінікті тілде криптовалютаны «цифрлы ақша» немесе «электронды ақша» деуге болады. Бұл ақшаның физикалық баламасы жоқ, сондықтан ол виртуалды кеңістікте ғана жүреді. Бір қызығы, біз басқа елге барсақ, сол жердің валютасын қолдануға мәжбүрміз, өз елімізде валюталар курсын «аңдып» жүреміз. Ал интернет қолданушылары үшін криптовалютаны қай елде қалай қолданса да еркіндік бар. Криптовалюта ешқашан девальвацияға ұшырамайды. Оған кибершабуыл қауіпті емес. Қазіргі уақытта бүкіл әлем интернетті белсенді  пайдаланатындықтан, критовалютаны да пайдалану қиындық етпейді. Оны әлемнің кез келген нүктесіне қас-қағым сәтте жөнелтуге болады. Сондай-ақ  криптовалютаның тағы бір ерекшелігі —  кез келген үкіметтің немесе Ұлттық банктің (кейбір елдерде Орталық банк) бақылауында болмайды. Алайда виртуалды валюта болғандықтан, оны қолмен ұстап, көзбен көру мүмкін емес. Криптовалютаның еуродан, доллардан, юаньнан және теңге мен рубльден басты айырмашылығы, онымен кез келген елде есеп айырысуға болады. Бүгінгі таңда Еуропа одағы криптовалютаны жаппай қолданысқа енгізуге талпынып жатыр, ал Жапонияда ақшаның бұл түрі күнделікті өмірде кеңінен қолданыста. Жалпы, криптовалюта ұғымы алғаш рет 2009 жылы пайда болды. Оны қолданысқа Сатошо Накомото деген лақап атпен танылған бағдарламашы енгізді.

2017 жылғы ең танымал криптовалюта рейтингі:

  1. Bitcoin (BTC)
  2. Ethereum (ETH)
  3. Ripple (XRP)
  4. NEM (XEM)
  5. Ethereum Classic (ETS)

Биткоин  –  криптовалютаның ең  танымал  түрі

Қазіргі таңда үш мыңға жуық криптовалюта болса, оның ең танымал түрі биткоин (bitcoin, btc, бтк) деп аталады. Төлем құралы ретінде биткоинмен түрлі төлем жасап, тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алуға  болады. Биткоинді сақтау, қабылдау және жіберу үшін қажетті баланс және құпия кілтсөзден тұратын әмиян қажет. Ақша аудару үшін қызмет көрсетушінің мекенжайы ғана сұралады. Мекенжай күрделі  сандар мен әріптердің жиынтығынан тұрады. Виртуалды әлемде отырып биткоин табу үшін есепке жүйрік болуыңыз керек. Биткоинға қатысты барлық транзакциялар ашық жүргізіледі. Дерек қорында ақша қашан, қанша жұмсалғандығы нақты жазылып тұрады. Тек ақшаны алушы мен жіберуші туралы мәлімет болмайды. Биткоинның бағамын  Bestchange.ru сайтынан бақылап отыруға болады.

Биткоинның осындай артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар. Ол валюта, мұнай, алтын, құнды қағаз сынды активтерге байлаулы болмаса да, оны қолданатын мемлекеттердің экономикалық саясатына тәуелді. Сол себепті биткоинның құны аяқ астынан тез шарықтауы, иә болмаса әп сәтте құлдырап кетуі ғажап емес. Мәселен, былтырғы 17 желтоқсанда бір биткоинның бағасы 20 мың долларға дейін қымбаттап, көп ұзамай 7 мың долларға қайта құлағаны белгілі. Алайда сарапшылар криптовалюта бағамының күрт өсіп, қайта құлдырауын қалыпты құбылыс деп санайды.

Әлемдегі   криптоахуал

Жалпы, әлемде криптовалютаны заңдастыруға қызығушылық 2015-2016 жылдары басталды. Еуропа елдері инновацияға ашық болғандықтан, криптовалютаны экономикаға енгізудің түрлі жолдарын қарастырып, тәжірибелер жүргізіп жатыр. Дегенмен көпшілігі әлі де бағытын айқындай алған жоқ. Мысалы, Чехия билігі криптовалютадағы старт-ап жобаларға тыйым салмаса да, жұмыстарына кедергі келтірмейді. АҚШ-та бұл тұрғыда аздап болса да алға жылжу бар. Аздап дейтініміз, ол жерде криптовалюта жергілікті деңгейде ғана мойындалған. Атап айтқанда, Нью-Йорк штаты 2015 жылдың 3 маусымынан бері криптовалютадағы бизнеске BitLicense лицензиясын беретін жергілікті заң қабылдаған. Аляска штаты бұл бизнесті заңмен бекітуге әрекет жасап келеді. АҚШ пен Канада блокчейн технологиясына негізделген ұлттық валюта шығару жолдарын қарастырып жатса, Қытай криптовалютадағы бірлі-жарым компаниялармен жұмыс істейді. Алайда  әлемде ең бірінші болып биткоинды заңдастырған ел — Жапония.

2017 жылдың соңында Беларусь мемлекеті ТМД-да алғашқы болып «Талер» криптовалютасын шығарды. Беларусьтің ұлттық криптовалютасы қазір қолданысқа еніп кетті. Мәселен, кафе мен дүкенде биткоинмен есеп айырысып, көлік пен баспананы жалға алу кезінде криптовалютаны қолдануға жағдай жасалған.

Болашақта Ресейдің ұлттық криптовалютасы пайда болады деп хабарлады таяуда «Аргументы и факты» басылымы. Қазірдің өзінде ел президенті В. Путин тиісті қаулыға қол қойған. Көрші елдің ақпарат және бұқаралық байланыс министрі Николай Никифоровтың айтуыша, крипторубльді тезірек нарыққа шығару керек. Әйтпесе, ЕурАзЭҚ елдеріне мүше көршілес мемлекеттер олардан озып кетуі мүмкін. Оның айтуынша, крипторубль құру үшін биткоин мен өзге де криптовалюталарды заңдастыруға мұқтаждық жоқ. Сонымен қатар  ғаламтор кеңістігінде алдағы екі жыл ішінде мұсылмандардың халал криптовалютасы пайда болуы мүмкін деген жаңалық та тарауда.

Биткоинның танымалдығы күн санап артқаны соншалық, Севастополь қаласында 2017 жылдың 20 желтоқсанында туған нәрестеге Биткоин есімі берілсе,  Жапонияда «Virtual Currency Girls», яғни виртуалды валюта қыз деп аталатын музыкалық топ пайда болды.

Қазақстандағы  жағдай

Былтыр Астанада өткен Экономикалық форум аясында Елбасы Н. Ә. Назарбаев бүгінде әлемдік экономикалық саясат заман талабына толық жауап бере алмай отырғанын айтқан еді. Елбасы жаһандық экономиканың қазіргі үлгісі ескіргенін айта келіп, бүкіл әлемге ортақ электронды валютаны енгізуді ұсынды. Дейтұрғанмен, Ұлттық банк бұл тақырыпты әлі де зерттеу-зерделеу үстінде.

2017 жылдың күзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының шетелдік инвестициялық компаниямен Қазақстандағы криптовалюта активтерін дамыту туралы арнайы келісімге қол жеткізуі және «Қазақстан блокчейн және криптовалюта ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің құ-рылуы сарапшылардың осындай байлам жасауына негіз болып отыр.

Қазақстандық жетекші компаниялардың криптовалютаға қызығушылық танытып отырғанын айтпағанның өзінде қолда бар азды-көпті қаражатын көбейтіп, пайда табуды көздейтін азаматтар арасында электронды валютамен төлем жасау трендке айналып келеді. Олардың қатарында виртуалды ақшаны жылжымайтын мүлік пен қымбат көліктерге айырбастап жатқандар да бар. Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда биткоин терминалдары қызмет көрсете бастады. Тіпті  Қазақстанда биткоинды құны төмен кезінде сатып алған криптомиллионерлердің алғашқы шоғыры қалыптасып үлгерді деген бейресми деректі де көзіміз шалды. Бейресми деуіміздің сыры – кімнің қолында қанша криптовалюта бар екенін дөп басып анықтау мүмкін емес.

Астаналық журналист Әмірхан Алмағамбетов қазақстандықтардың криптовалюта нарығына қатысып, қаржы табуына жағдай жасалуы қажет деп есептейді.

— Балаларым ештеңеден тарықпай өмір сүрсін, болашақтары жарқын болсын деп талпынған ата-ана бір жалақыны қайда жеткізеді. Сондықтан қосымша табыс көздерін іздейді. Еңбекпен тапқан, салығы төленген ақшасын қайда салатынын әр адам өзі біледі деп ойлаймын. Виртуалды еңбекпен табатын ақша, яғни криптовалюта – бүгінгі заманның талабы. Тәуекел тұстары да бар, әрине. Бірақ тәуекел етпесең, пайда да көрмейсің.  Кейбіреулер биткоинды соңғы ақшасына немесе несиеге алып жатады. Ол дұрыс емес.

Мен 100-1500 доллар аралығында ақша салып, еңбегіме қарай әжептәуір табыс тауып жүрмін. Ақшаны тек заңды тіркелген компанияларға ғана салып отырамын. Ақшаны қолма-қол ұстата салу дегенге қарсымын, сондықтан қаражатты банк картасы арқылы аударамын.

Жалпы, әлемді жайлаған бұл үрдістен Қазақстанның қалып қоймауы қажет деп

ойлаймын. Елбасы айтқандай, егер бұл технологияны экономикамызға енгізе алсақ, еш ұтылмаймыз. Әзірге елімізде ешбір заңдық құжат криптовалютаның айналымын реттемейді, — дейді Ә. Алмағамбетов.

Аты-жөнін атамауды өтінген 23 жасар оралдық азамат бірнеше жылдан бері ғаламтор арқылы ақша тауып жүргенін айтады.

— Криптовалюта – тәуекелі мол нарық. Виртуалды валютаның бағамын ұдайы бақылап, сауатты шешім қабылдай алсаң, қаражатыңды еселеуге болады. Мәселен, бір апта бұрын 13 мың доллар болған биткоин аяқ астынан 18-19 мың долларға шарықтауы мүмкін. Кейбір тәуекелге бел байлағыш адамдар оңай жолмен ақша тапқысы келеді. Бойындағы құмарлығын тия алмайтын (азартный) адамдар да қатты қызығады. Бірақ құны түсіп кететін болса, шығынды ешкім қайтарып бермейді. Оған ешкім кепілдік бермейді, — дейді ол.

Жасыратыны жоқ, біздегі криптовалютада пайда табуды көздейтін компаниялардың қызметінде қаржы пирамидаларының элементтері кездеседі. Өкінішке орай, осындай алаяқтардың арбауына түсіп, ақшасын әлі күнге қайтара алмай жүрген отандастарымыз да бар.

Танымал  сарапшылар  пікірі

Өткен жылы ең танымал криптовалюта атанған биткоин бағасы бірнеше рет шарықтап, тарихи өсім көрсетіп, $20 мыңға жетіп жығылған еді. Биткоин құны 2017 жылдың басында  $9 263-тен  басталып, небары  бір жыл ішінде 47 есеге өсті. Сонымен бірге  оның құны қарқынмен артып қана қоймай, кейде тәулігіне $5 мыңға  дейін төмендеген сәттерімен ерекшеленді. Оның ең төменгі бағасы 2017 жылы кем дегенде $7 387, ал шекті бағасы $20 мыңға дейін жетті. Нарық қатысушыларының болжамы бойынша 2018 жылы криптовалюта көптеген жерде кеңінен қолданысқа беріліп,  бірқатар елдер  оны ресми түрде бекітуі мүмкін. Яғни  биткоинға жаңа фьчюрстер мен опциондар немесе өзге өндірістік құралдар енгізілетін болады.

Blockchain.ru компаниялар тобының негізін қалаушы Дмитрий Мацук өз кезегінде 2018 жылы криптовалютаның реттеу саласында оң өзгерістер болады деген ойда.  Оның ойын VRT World жобасының негізін қалаушы Константин Негачев та қолдады. Сарапшының пікірінше, тіпті биткоин фьючерсі саудаға шығарылғанның өзінде құқықтық реттеулерде көптеген алшақтықтар бар. Егер бұл салаға көптеген ірі ойыншылардың кіріп жатқанын ескерсек, құқықтық базаны қалыптастыру керек және ол көптеген елдерге қажет, бұл ең алдымен өз салымдарына кепілдік алатын инвесторларға, олардың мүддесін қорғау үшін  керек.

Сарапшылар айтқандай, Bloomberg  хабарлауынша, танымал криптовалюта 2015 жылдан бері алғаш рет жаңа жылды құлдыраумен бастады. Сoinmarketcap мәліметтеріне сүйене отырып, агенттік «2015 жылы криптовалюта құны 1,855%-ға арзандаған. Ал 2018 жылы төмендеу көрсеткіші 4,28%-ға жеткен. Былтыр биткоин бағасы 3,58%-ға дейін өскен. Еске сала кетелік, биткоин құны 22 желтоқсан күні құлдыраудың шегіне жетіп, бір тәулікте криптовалюта 20%-ға  арзандаған болатын» деп жазды.

Жалпы, нарықтағы барлық цифрлық валюталардың қоры 300 миллиард доллардан асады. Новограцтың айтуынша, капитализация көлемі келесі жылдың соңында 2 триллион долларға артпақ. Десе де, кейбір сарапшылар биткоинға сақтықпен қарауға шақырады.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика