«Қызыл кітап» – табиғатқа берілген қызыл мандат!

Күні , 238 рет оқылды


   …Отыра алмас ұл шыдап,

   Қызың шыдап.

   Жоғалғандар тізімі – ұзын шұбақ.

   Қызыл кітап –

   Мезгілсіз кеткендердің

   Бастарына қойылған қызыл шырақ!

   Келеді кез,

   Күрделі біздің бұл кез!

   Жаутаңдайды адамға түзде мың көз,

   Қызыл кітап –

 Опат боп кеткен аңның,

 Бастарына қойылған қызыл күмбез.

 Қашқан кезде адамнан

 Ізін қандап,

 Тау ешкісі өтеді құзыңды аңдап.

 Қызыл кітап –

 Тірі жан тимесін деп,

 Хайуанатқа берілген қызыл мандат!.. 

                                                                                    

Қадыр МЫРЗА ӘЛИ

(«Қызыл кітап» поэмасынан)


«Қызыл кітап» – бұл жер бетінен жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жәндіктер, құстар мен аңдар туралы қысқаша сипаттамалық жинақ. Өкінішке орай, бүгіндері әлгіндей зауал төніп тұрған табиғат перзенттері аз емес. Тіпті жылдан жылға олардың қатары көбейіп, сондықтан да «Қызыл кітап» атаулы әр шыққан сайын күрт қалыңдап барады.

1948 жылы құрылған Халықаралық табиғатты қорғау қоғамы сиреп кеткен өсімдіктер мен хайуа-наттардың тізімін жасауға кірісті. Араға бір жыл салып, тым сирек ұшырасатын түрлерді қорғауды мақсат тұтқан комиссия құрылды. Осы комиссия мүшелерінің жылдар бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1963 жылы алғашқы халықаралық «Қызыл кітап» шықты. Үшбу комиссияның төрағасы, ағылшын эколог-орнитологы Питер Скотт «Қызыл түс қауіп-қатердің түсі, сол себепті адамдардың назарын бірден аударуы тиіс» деген ұйғарымға келіп, құрып кету қаупі төнген табиғат перзенттеріне арналған алғашқы жинақ қызыл түспен һәм сондай атаумен шықты. Содан бері халықаралық «Қызыл кітап» толықтырылып, бірнеше рет қайта басылған көрінеді. Бұған қоса әр мемлекет өзінің «Қызыл кітабын» шығаруды жолға қойды. Керек десеңіз, Ресей Федерациясы сияқты жер көлемі тым үлкен мемлекеттер өзінің құрамындағы әр аумақтық бөлініске қатысты дербес «Қызыл кітап» шығаруды дағдыға айналдырған. Ерекше екпін түсіріп айта кетерлік бір мәселе, қай жылы, қай мемлекетте, қай тілде, қандай көлеммен шықса да, «Қызыл кітап» атаулының бір-ақ басты мақсаты бар, ол – жер бетінен жойылып кету қаупі төнген табиғат перзенттерін (өсімдік, жәндік, құс, аң, балық, т.с.с) біржола құрып, мүлдем жойылып кетуден арашалап қалу. Осы тұста бәлкім, балаң, жасөспірім-көкөрім санада «Құдай жаратқан жәндік пен өсімдікке, аң мен құсқа мүлдем жойылып, тып-типыл құрып кететін қауіп-қатер қайдан?!» деген сауал қылаң беруі әбден кәдік. Иә, ондай қауіп-қатер негізінен адамнан, яғни адамның ашкөздігі мен адам қолымен жасалатын техногендік үрдістер кең дүниенің апшысын қуырып, тынысын тарылтып, жайпап барады.

Қазақстандық қоғамда қазіргі кезде сана сергектігі, рухани жаңғыру, рухани түлеу мәселесі өткір тұрға-ны мәлім. Демек, туған еліңнің, туған өлкеңнің табиғатына жанашыр болу әрі перзенттік парыз, әрі Отанның ортақ шаруасына оң иығыңды тосу деген сөз. Осындай ұғым-түсінікпен біз бүгін «Қызыл кітап» деген арнайы айдар ашып отырмыз. Бұл айдар аясында Ақ Жайық атырабы, яғни біздің Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қызыл кітапқа» енген табиғаттың төл перзенттерінің сипаттамасы беріліп тұрмақ. Дала-қала, аудан-ауыл, ел-жұрт тегіс білсін, туған өлкеміздің қай өсімдігі мен қай хайуанатының тағдыры қыл үстінде тұрғандығын. Біліп қана қоймай, олардың жер бетінен мүлдем жойылып, біржола құрып кетуіне жол бермей, үлкен-кішіміз бірдей жанашыр болайық, әлеумет! Осы идеяны қағазға түсірмек ойда жүргенде, ең болмаса қолымызға ұстап, парақтап көрейік деп «Қызыл кітапты» іздегенбіз. Облыс орталығындағы кітап дүкендерінен бірде-бір үшбу жинақты таппадық. Содан табиғатты қорғау, эколо-гиялық ахуалды қадағалау тікелей міндет-миссиясы болып табылатын облыстық деңгейдегі барлық мекемеге хабарластық. «Қызыл кітап» олардың барлығында дерлік жоқ болып шықты. Іздегенімізді тек Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың кітапханасынан ғана таптық. Көрдіңіз бе, табиғаттың қай перзентіне адамның аялы алақаны, жанашыр көзқарасы керек екендігі жөнінде мәлімет беретін «Қызыл кітаптың» өзі қасқалдақтың қанындай қат болып тұр. Негізі мұндай жинақ әр мекеме, тіпті әр үйде тұрса да, еш артықтық етпес еді…

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»

 

Ақ тұңғиық

Саны азайып бара жатқан сирек түрлердің бірі.

Ақ тұңғиық азықтық, өндірістік, шипалық және эстетикалық маңызға ие. Көпжылдық шөптесін су өсімдігі. Сабағы жоқ. Жапырақтары ұзынсағақты, суда қалқып жүреді, қалақтары тең бүйірлі емес, жапырақтарының үстіңгі беті жасыл, ал төменгі беті күлгін түсті. Тостағаншасының түбі дөңгелек. Гүлдері ақ түсті, біртіндеп аталыққа айналады, саны көп. Аналығы сары түсті, жалпақ. Гүлдері таңғы сағат 7-лерде ашылып, кешкі бесте жабылады. Түнде су астына кетеді. Жапырақтарының устьицалары тек үстіңгі бетінде болады және олардың саны орасан көп – 1 мм-ге 460-тай устьице келеді. Вегетативті  көбеюі ірі тамырсабағы арқылы жүзеге асады. Маусым-тамыз айларында гүлдеп, шілде-қыркүйекте жеміс береді. Табиғи жағдайы Батыс Қазақстанда (Жайық өзенінің бассейні) тоғандарда, қақ суларда, ағысы баяу өзендердің тоғандарында, көлдерде кездеседі. Кішігірім өзендердің арналарының кеуіп кетуі, су қоймаларының таяздануы, суының ластануы және өсімдіктің әсем гүлдерін көптеп жинау кесірінен тамырсабағының зақымдалуы түрдің сақталуына теріс әсер етеді. Қолдан өсіруге келмейді. Сирек су өсімдіктерін: сальвиния, тұңғиық, сарытұңғиық сияқты өсімдіктерді сақтау үшін Жайық өзенінің тармақтарының бірінде (Быковка, Прорва) қорықша құрылуы тиіс.

Алып көртышқан

Сирек, таралу аймағы шағын, Каспий өңірінің эндемигі. Солтүстік Каспий өңірінде таралған, Қазақстанда Жайық, Жем өзендерінің аралығында мекендейді. Әр түрлі типтегі құмдардың ылғалы мол жазықты және дөңесті бөліктерінде, терең сайлардың беткейлері мен құрғап қалған өзен арналарында ұшырасады. Қазақстанда жалпы саны белгісіз. Қоныстау тығыздығы 1 га-да 0,26-дан төрт басқа дейін ауытқып отырады. Шектейтін негізгі себептер – малды шектен тыс жаю, қатал қыс пен құрғақшылық. Батыс Қазақстан облысының Қарағаш құмды алқабында қорықша ұйымдастыру қажет.

Бұйра бірқазан

Саны кеміп келе жатқан түр. Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарындағы және Қазақстанның оңтүстік бөлігіндегі кейбір өзен-көлдерде жекеленіп ұялайтын топтары кездеседі. Тіршілік мекенінің нашарлауы және қасақылықтың (браконерліктің) әсерлерінен республикамызда бар-жоғы осы құстың ұялайтын 2 мыңға жуық жұбы ғана сақталып қалған. Ең алдымен Іле өзенінің бойында, сол сияқты Торғай өзенінің көлдерінде қорғалатын территорияларды ұйымдастыру керек.

Еділ майшабағы

Республика суларында, өзендердегі уылдырық шашатын жерлерінің жойылуынан және ретсіз аулаудың нәтижесінде саны өте жылдам кеміп келе жатқан өтпелі балық. Солтүстік Каспий су алқабында тіршілік етеді, бұрын онда ауланатын майшабақтардың негізін құраған. Жайық (бұрын 300 шақырымға дейін өрістейтін), Еділ, Терек өзендерінде уылдырық шашатын. Теңізде жайылып, ұзындығы 40 см, салмағы 600 г жететін. Таралу аймағының қазақстандық бөлігінде бұрын да көп болмайтын, ал қазір өте сирек кездеседі. Табиғи көбеюіне қамқорлық жасап, қолдан өсіру биотехникасын іске асыру қажет.


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика