Ұлттық бұйым «ұсталары»

Күні , 127 рет оқылды


Сіріңкеден жасалған қылқобыз

Бейбітпен әңгімелескенде ойыма «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген тәмсіл оралды.


Зеленов ауданының Трекин ауылындағы Новенький мектебінің технология пәнінің мұғалімі Бейбіт Мұқанәлиев «Шебер қолдар», «Шеберліктің қыр-сыры» үйірмелерін жүргізеді. Үйірме мүшелері алуан қолөнер туындыларын жасайды, ғылыми жобалар қорғайды. Мәселен, 2014-15 оқу жылы мектептің 9-сынып оқушысы Мадияр Елубаев ұстазының жетекшілігімен қарапайым сіріңкеден қылқобыз құрастырды. Аспапты жасау үшін 8 мыңнан астам сіріңке желімделді. Қылқобыздың қос ішегін тартуға жылқының қылы пайдаланылды. Кейін аспаптың сырты боялды. Тақтайға сызылған қылқобыз кескінін «тірілтуге» үш ай уақыт жұмсалды. Шанақтың түбіне ежелгі заманда түйенің терісі тартылады екен. Мадияр оның орнына ешкінің терісін кәдеге жаратты. Ол үшін жаңа сойылған ешкі терісінің ішіне қоймалжың әк жағып, тұмшалап орап, жылы су құйылған қақпағы бар ыдысқа салды. Екі-үш күн ыдыста тұрған теріні жүнінен арылтып, тазалап, еті мен майын сылып алып тастады. Үш-төрт мәрте кергішке салынған тері кептірілді. Кейін теріні дымқылдап, арнайы үлгімен сызып кесіп алды. Шүберекпен сүртіп құрғатқан соң, қобыздың көнтерісі ретінде қайыс баумен байлап тастады. Қылқобызды жасау үшін оның барлық материалына 13 мың теңгеге жуық қаражат жұмсалған.

– Мектепте ағаштан ойып жасалған қобыз бар. Бірақ сіріңкеден жасалған аспап оқушылардың назарын бірден аударды. Қызығып сұраушылар арасында өзге ұлттың балалары да көп болды. Қобыздың ерекше құрылымы арқылы жасөспірімдердің қызығушылығын оята алдық. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында қолға алынған ғылыми жобаны қорғауға шәкіртім тыңғылықты дайындалды. Ол үшін тарихи деректерді жинақтап, аудандағы Дариян балалар саз мектебі қобыз пәнінің мұғалімі Раушан Рақымберлиевамен әңгімелестік. Бұл сұхбат Мадиярға ерекше құлшыныс берді, – деді Бейбіт Мұқанәлиев.

 

Әмбебап бесік

 

Былтыр Новенький мектебінің 9-сыныбының оқушысы Нұрдәулет Руланов ұстаз демеуімен жаңа жобаны қолға алды. Нұрдәулет – «Шеберліктің қыр-сыры» үйірмесінің мүшесі. Ол ағаштан жонып, түрлі бұйым жасауға бала кезінен бейім. Сурет салуға да құмар.

– Үйірме жетекшісі қабілетімді ұштап, білімімді жетілдіруге көмектесті. Алғашында қолөнер ісіне төселіп кету қиындау болды. Уақыт өте үйреніп кеттім. Болашақта да қол үзбей, еңбектене бергім келеді. Ұстазымыз екеуміз былтырғы оқу жылының басында «Әмбебап бесік» жобасын қолға алып, жуырда аяқтадық. Оның жасалуына бес айдай уақыт кетті. Алдымен нобайын сызып, қажетті жабдықтарын дайындадық. Бұл бесіктің жасалу технологиясы өте ерекше. Бөлшектеп жатпай-ақ басқа жабдықтарды құрастырып алуға мүмкіндік жасалған. Мысалы, бесікпен сәбиді тербете аламыз. Кейін тамақ ішуге арналған үстел ретінде қолдануға болады. Бөбектің буыны қатып, жүре бастаған шағында итеріп жүруге арналған жабдыққа айналады. Сондай-ақ бұл – жиналмалы бесік. Сәбимен сапарға шыққанда, қонаққа барған кезде өте ыңғайлы, – деді жас өрен.

– Басты мақсатым – ұмыт қалып бара жатқан қолөнер түрлерін оқушыларға таныстыру, шығармашылыққа баулу, олардың еңбекке деген құлшынысын арттыру. Қазақтың ұлттық жәдігерлері мен бұйымдарын заманауи талапқа сай жасап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптегіміз келеді. Әмбебап бесік туралы толық ақпарат алғыңыз келсе, «Youtube» желісіне орналастырған бейнетүсірілімімізді тамашалау-ыңызға болады. Нұрдәулет – іске икемді, қолы епті, талантты шәкірт. Еңбекқор, алға қарай талпынып, үнемі ізденісте жүреді. Енді әмбебап жер үстелін жасауды жоспарлаудамыз, – деді Бейбіт Маратұлы.

Мектепте шебердің сабағы теориялық білім берумен шектелмейді. Талапты өрендер түрлі материалдардан бұйымдар жасайды. Мысалы, мүйізден кәдесыйлар жасайды. Оны әрлеп, өңдеуге ағаш құрал-саймандар пайдаланылады. Мүйізді өңдеу үшін оны бір апта бойы суға салып жібітіп, кейін ыстық суда қайнату қажет. Сонда жұмсарып, түрлі қалыпқа салуға икемделеді.

Мүйізден кәдесый бұйымын жасап қана қоймай, оны асыл тастармен бірге безендіруге қолдануға болады. Ертеректе сүйектен музыкалық аспаптардың бөлшектері жасалған. Мектепте балалар мүйізден су жануарларын жасайды.

 

Бала шақтан болашаққа

 

Шебер жөнінде мәлімет бере кетсек, Бейбіт Мұқанәлиев Теректі ауданы Шағатай ауылдық округіндегі Қарабас елді мекеніндегі жалпы білім беретін негізгі мектепте оқыды. Әкесі Марат көлік жүргізуші болып қызмет етсе де, ауылдастарына безендіруші әрі суретші ретінде танылды. Әкесі балаларына қолдан жасалған түрлі ойыншық бұйымды тарту ететін. Ағаштан аттың мүсінін жонып беріп, қолдан шана жасап беретін. Баланың бойына дарыған қабілет ұстаз тәлімімен ұшталады. Мектепте еңбекке баулу пәнінен сабақ берген Махмут Жұмағалиев Бейбітке шеберліктің қыр-сырын үйретеді. Кейін ол Ж. Досмұхаммедов атындағы педколледжді тәмамдап, 2005 жылы Теректі ауданындағы Таран мектебінде еңбек жолын бастайды. Бір жылдан кейін Зеленов ауданындағы Новенький ауылына көшіп келді. Новенький мектебінде еңбек ете жүріп, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да кәсіби бағдар бойынша білім алды. Мұғалімнің қолөнерге қатысты әдістемелік мақалалары газет-журналдарда жиі жарияланып отырады. Ұстаз шәкірттерінің талантын ұштап, бәйгеге қосудан жалыққан емес.

Бейбіт – төрт баланың әкесі. Отағасы перзенттерінің де өнерге жақын, атакәсіпке бейім екенін айтты. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің әзіл-қалжың қойылымдарында ойнайтын әрі ән салатын өнері бар. Асыл жары Альбина екеуі облыстық «Алтын ұя – 2016» отбасылық байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болғаны бар.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

Динара НАСЫР


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика