Үш мың жәдігері бар жаңа музей

Күні , 139 рет оқылды


Шыңғырлау ауданының орталығында тарихи-өлкетану музейі ашылды.


Өткен жылдың соңғы күндерінде тұсауы кесілген өлкетану музейінің қорында қазірдің өзінде үш мыңға жуық жәдігер бар. Тарихтың талай-талай айтулы оқиғасы өткен шежірелі топырақтағы бұл ғимаратта Шыңғырлаудың өткені мен бүгіні көрініс тапқан.

Музей бес залдан тұрады. Келушілер арнайы экраннан Шыңғырлаудың әсем табиғаты мен көз тартар орындарынан түсірілген бейнебаянды да тамашалай алады.

Дәл сол күні өңірдегі зираттарда сақталған тарихи ескерткіштер – араб жазулы көне құлпытастардың құпиясы шертілген арнайы жинақтың да тұсауы кесілді.

Шыңғырлау ауданы үшін есте қаларлық осы оқиғаға орай өзге өңірлерден туған жерге арнайы жиналған бір топ ардагер музей ғимараты алдына қарағай көшеттерін отырғызды. Бұл көшеттерді олар өз қаржысына сатып алып, туған жерге тарту ре-тінде ала келген екен.

Ержан ТҰРМАҒАМБЕТОВ, аудан әкімінің орынбасары

– Ауданымыздың тарихы әлі де толығымен зерттеліп болған жоқ. Десек те, осы музейдің ашылуы адамдарға үлкен бір серпіліс беріп, өткен тарихымызға тереңірек үңіліп, қолда барды жиып-теріп, келер ұрпақ үшін жұмыстануға себеп болуда. Себебі, осы музейді жасақтауда жұмыстанған топтың байқағаны – Шыңғырлауға байланысты әлі де көптеген тың дерек көздерінің шығуы. Сонымен қатар экспонаттардың біразы сонау Санкт-Петербургтен бастап, облыстық музейлерден табылуы ізденушілерге үлкен ой салды. Осыған бір мысал, ауыз әдебиеті арқылы бізге дейін келіп жеткен жыршы-жыраулардың шығармаларын зерттей келе, тарихшылар Асан Қайғының осы Шыңғырлау жерін мекен еткенін дәлелдеуде. Елді жаудан қорғаған Махамбет батырға қатысты да тың деректер табылып, әлі де зерттелу үстінде. Бұл тек қана қолда дәлелдері бар мәліметтер, ал, көнекөз қариялар айтып кеткен аңыз оқиғалары қаншама?! Осыған қарап, Шыңғырлау өңірі тарихқа тұнған, талай құпиясы қойнында жатқан киелі мекен екеніне тағы да көзіміз жетуде. Қойнауы сырға толы, шежіресі ғасырларды қамтыған аудан тарихына көп болып атсалысқанда, бірге жұмыстанғанда ғана үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болатыны сөзсіз. Тек осы жұмысты тиянақты қолға алып, зерделеп-зерттеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыратындай жағдай туғызуымыз қажет. Қазіргі уақыттың талабы мен заманның түрлі өзгерістерін бағамдай отырып, кенжелеп кейін қалмай немесе жаңашылдықтан көш соңында жүрмей, алға басу үшін бәрібір өткенімізді толық білмесек, өзгеру, жаңару мүмкін емес.

Жаңылсын ТҰЯҚОВА, аудан тұрғыны, зейнеткер-ұстаз:

– Музей үшін қуанышымыз шексіз! Жас кезімде Сегізсай ауылындағы кішкене музейге жәдігер жинауға үлес қосқанмын. Содан келе жатқан заттардың бірсыпырасы жаңа музей ішінде көзіме оттай басылды. Тарих қойнауынан жеткен жәдігерлер жойылмауы тиіс. Себебі, ол – біздің өткеніміз, оны артымыздан ерген ұрпағымыз білуі, көруі, құрметтеуі тиіс. Тарих осылай жасалады.

Тілеген ҚАЛИЕВ, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы:

– Археологиялық қазба жұмыстарына рұқсаттары бар мекемелермен келісімшартқа отыру қажет. Сөйтіп күн жылына келе аудан аумағында талай жұмыстарды атқару ойымызда бар. Ал оған дейін тұрғындардың көмегімен қолда бар жәдігерлерді жинақтап, арнайы картотека жасамақпыз. Тұрғындар арасында насихат жұмыстарын жүргізу қажет. Тағы бір айта кетерлік жәйт, бұл – аудандық тарихи-өлкетану музейінің тек қана музей емес, оны ғылыми-зерттеу орталығы іспеттес, яғни зиялы қауым мен тарихшылардың басын қосатын жиындар, ғылыми семинар-конференциялар өтетін бір орталыққа айналдыру, рухани орта жасау жоспарымызда бар. Музейге келген әрбір жан өзіне қажетті мәлімет пен рухани азық алатындай болуы үшін қолдан келер жұмыстарды атқармақпыз.

Надежда ХРИПЧЕНКО, аудандық мұрағаттың директоры:

– Музей қорына біздің мұрағат қолдан келгенінше көмектесуде. Оның үстіне қолдағы бар құжаттарды сұрыптап, реттеп, тіпті іздену жұмысымен де айналыстық. Біз, әсіресе, Қазан төңкерісі және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы құнды мәліметтер мен шыңғырлаулықтардың жеке архивтерінен алынған құжаттарымен жұмыс істеп, фотодеректерді молынан жинақтадық. Музейге келгендердің осы дереккөздерді ерекше ықыласпен қарап-көріп, ризашылықтарын білдіргенде, еңбегіміздің зая еместігін сездік.

Әлі де жұмыстанып, музей жұмысына қолдау білдіреміз.

Серік ОТАРҒАЗИЕВ, еңбек ардагері, Орал қаласының тұрғыны: 

– Шыңғырлау мен үшін аса қымбат. Шилі орта мектебінде оқып, тәрбие алдым. Алғашқы еңбек жолым да осында басталды. Шыңғырлау астық қабылдау кәсіпорнында еңбек еттім. Мектепте оқып жүрген кезде де көше бойына, мектеп ауласына тал-теректерді көптеп егуші едік.

Сол үрдіс бүгін әдемі жалғасын тапқанына қуаныштымын. Жаңадан ашылған музей алдына қарағай ағаштарын егуге қатысқаныма қуаныштымын.

Ел тарихын түгендеп, кеше мен бүгінді жалғайтын жәдігерлері мол музейдің болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Музей экспонаттары көбейіп, мән-мазмұны арта берсін деп тілеймін!

Адақ  ШОТПАНОВ,

Айсұлу  АРЫСТАНОВА,

Шыңғырлау  ауданы


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика