«ПИК-тер тозығы жеткен құбырларды жаңалауды «ұмытып» кетеді»

Күні , 24 рет оқылды


Биыл өңірімізге қыс әдеттегіден ерте түсті. Облыс орталығында жылумен қамту жұмыстары да ертерек басталды. Қыркүйек айының 25-інде әлеуметтік нысандарға, одан кейін 29-ында тұрғын үйлерге жылу берілді. Бірақ қыс басталғалы сарышұнақ аяз бен көз аштырмайтын боран бола қойған жоқ. «Кәрі құданың» қаһарына мінер кезі әлі алда сияқты. Сондықтан сәрсенбіде Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев шаһардағы бірқатар стратегиялық нысанды аралап, жұмыс барысымен танысты.


«Жайықжылуқуат» АҚ Оралдағы 1182 тұрғын үйді және әлеуметтік нысандарды жылумен және ыстық сумен қамтиды. Қыс басталғалы жылумен қамту жұмыстарында іркілістер бола қойған жоқ. Әзірге ауа температурасы да бірқалыпты. Қала әкімі Орал жылу қуат орталығындағы жылу беру қазандықтарының жұмыс ырғағын көріп, байқады. Жылу орталығында екі бу турбинасы, үш су жылыту қазандығы және жылу беретін екі қазандық жұмыс істейді. Күн күрт салқындап, сары аяз қаһарына мінген жағдайда қосымша үш жылыту қазандығы іске қосылмақ. Олар жөнделіп, дайын тұр. Жаз мезгілінде жылу желілері жөндеуден өткізілген. Қыс басталғалы жылу беруде тоқталыс немесе апатты жағдай орын алған жоқ.

– Кейбір тұрғындардан пәтердегі жылудың төмендігіне қатысты шағымдар түседі. Ондайда жылу инспекциямыз мекенжайларға барып, жағдаймен танысады. Мамандарымыз пәтерлердегі жылудың нашар болуы пәтер иелері кооперативтерінің жұмыстағы салғырттығы, жауапсыздығынан екендігін анықтап жүр. Көптеген ПИК-тер қысқы маусымға тұрғын үйлерді дайындамаған, құжаттарын алмаған, жылу желілерін тазартпаған, «сумен шаймаған», сондықтан тұрғын үйге келіп тұрған жылу пәтерлерге «кірмей» далада қалады. Инспекциядағылар ондай ПИК-терге анықталған кемшіліктерді жоюға ұсынба жазып қалдырады. Жиырма жыл болған ішкі жылу желілері жаңартылуы тиіс. Бірақ бұл жағы ескерілмейді. Тұрғындарға да ПИК-термен тығыз жұмыстану керектігін барынша түсіндіреміз, – деді «Жайықжылуқуат» АҚ-ның директоры Мұрат Бәйменов. Оның айтуынша, жылу есептегіш құралдары бар үйлердің тұрғындары жылуға неге қымбат төлейтіндерін сұрайды. «Жылу есептегіш құралы жылуды үнемдемейді, электр қуатын есептейтін құрал сияқты берілген жылуды тіркеп қана отырады.

Инспекторларымыз шағым түсірген пәтерлерге барғанда бөлме температурасының +24, +25 градус екенін өлшеп тіркейді. Норматив бойынша тұрғын үйдің бұрышындағы (угловой) пәтер-лерде +22, ал өзгелерінде +20 градус жылы болуы тиіс. Сондықтан тұрғындар өздері ақысын төлеп отырған ПИК-терден тиісті жауапкершілікті талап етуі керек. Жалпы жылу беру маусымы барысында тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдар тіркеліп, мұқият тексеріліп отырады», – деді «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Мұрат Бәйменов.

Директордың айтуынша, бүгінде тұрғындардың жылуға бережағы – 580 млн. теңге. Өткен жылы кәсіпорындағылар соңғы 15 жыл бойы қордаланған 908 мың теңге қарызды өндіріп алуға қол жеткізген. Мекеме қарызды қайтаруға соттарға жүгінген, олардың шешімімен қарызы бар азаматтардың мүлкі «тұтқындалған», одан кейін сол мүлікті сатуға рұқсат алынған және өзге әсерлі әрекеттер жасалған. Бүгінде оның шамасы төмендеген. Аталмыш кәсіпорынның өзінің газ үшін берешегі 400 млн. теңге шамасында. Жылда «Жайықжылуқуат» қала көшелеріндегі ұзындығы 8-9 мың метр жылу құбырларын ауыстырып келеді. Биыл да сол шамадағы құбырларды ауыстыру жоспарланған.

Қала әкімі «Батыс су арнасы» ЖШС-ның өндірістік базасындағы су тазалайтын учаскеде болып, су тазалау үрдісімен жақынырақ танысты. Одан кейін сорғы стансасында болып, мамандармен, жұмысшылармен пікірлесті. Мамандардың айтуынша, серіктестіктің қарамағында 400 шақырымнан астам су және 300 шақырымдай кәріз желісі бар. Сол желі арқылы тұтынушыларға қызмет көрсетіледі. Оралға су Дариян жерасты су қоры көзінен және Жайық өзенінен алынады. Оралдықтар тәулігіне 36 мың текше метр су пайдаланып отыр. Жазға салым бұл көрсеткіш екі-үш есеге өседі. «Жайықжылуқуат» кәсіпорнының Жайықтан көтерген суын әрі қарай «Батыс су арнасы» іліп әкетеді. Одан кейін су тазалайтын учаскеде су төрт рет сүзгіден өтіп, жұмсартылып, тазаланады. Қаланың 250 мың тұрғыны таза сумен, соның ішінде 90 пайызы орталықтандырылған таза сумен қамтылған.  Ал өзгесі көшедегі су колонкаларына тәуелді.

«Батыс су арнасы» ЖШС-ның су тазарту учаскесінің бастығы Александр Семенов қала басшысына ауыз судың сапасы үшін су құбырының тұрғын үй аумағына жеткізілетін бөлігіне ғана жауапты екендерін айтты. Оның айтуынша, кәсіпорын мен тұрғын үй иелері кооперативтері арасында әрқайсысына жауаптылық жүктелетін су құбыры шекарасы нақты белгіленген. Пәтер иелері кооперативтері үйдің барлық инженерлік желілерінің жай-күйін қарап, қадағалауға міндетті. Егер де пәтерде лай су ақса, біздің кәсіпорынның емес, пәтер иелері кооперативтерінің кінәсінен. Сондықтан су сапасына қатысты шағымды бірінші кезекте  пәтер иелері кооперативтеріне айту керек, – деді Александр Семенов.

– Қалаға жіберілетін ауыз су сапасы осы зертханада тексеріледі. Зертхана аккредитациядан өткен. Күніне қаланың бірнеше жерінен су сынамалары алынып, тексеріледі. Барлық технологиялық үрдіс сапа стандарттарына сәйкес және санитарлық талаптарға сай, – деді кәсіпорын зертханасының инженері Елена Латыгина. Қала әкімі мамандармен әңгімелесу барысында бұл нысанның стратегиялық маңызы бар нысан екендігін айта келіп, судың сапасына тәулік бойы сергек қарап, тұрақты тексерісті «қаза» етпеуді тапсырды. «Су сапасы адамдардың денсаулығына әсер етеді», – деп түйіндеді сөзін ол.

Серіктестіктің бас инженері Аян Ілиясовтың айтуынша, 2017 жылы серіктестік инвестициялық бағдарлама бойынша 7024 шақырымдық су және кәріз желісін жаңартқан. Сонымен қатар кәріздік сорғы стансаларына 2012 жылы сорғы агрегаттары сатып алынып орнатылған-ды. Барлығы да тоқтаусыз жұмыс істеуде. Жұмысшылар техникалық қажетті жабдықтармен қамтылған.

Қала басшысы БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында қос кәсіпорын жұмысының қалыпты режімде екеніне көз жеткізгенін айтты. – Қаланы ауыз сумен қамтитын мекемеде су бірнеше тазалау кезеңінен өтеді және талапқа сай. Кейбір тұрғындар тарапынан су сапасына қатысты шағымдар түсті. Алайда бүгін кәсіпорыннан жіберілетін судың барлық талап үдесінен шығатынын көрдік. Бірақ біз бүгін мәселенің түйткілі неде екеніне көз жеткіздік. Кейбір үйдің жертөлесіндегі ескі су құбырларының кесірінен тұтынушылар сапасыз суды тұтынуға мәжбүр. Кейбір құбырлар қоқыспен бітелген, тат басқан, пәленбай жылдар бойы ауыстырылмаған. Пәтер иелері кооперативтері тозығы жеткен құбырларды жаңалауды «ұмытып» кетеді. Пәтер иелері кооперативтерінің бірқатары өз деңгейінде дұрыс жұмыс атқармайды. Бір айдың ішінде жұмысты жақсарту мақсатында коммуналдық шаруашылық бөлімімен, «Батыс су арнасы» кәсіпорнымен бірлескен шаруаларды қолға аламыз. Жалпы ауыз судың тазалығы, көлемі қалыпты деңгейде, – деді Мұрат Мұқаев.

Қала басшысының айтуынша, қала әкімдігі ПИК-терге қатысты бірқатар жұмысты қолға алған. Бүгінде әрбір кооперативтің интернетте өзіндік парақшалары ашылған. Оған әр тұрғын кіріп, өзінің шағымын жазып қалдыра алады. ПИК-тердің төрағалары онда өз есептерін, қандай жұмыстар атқарылғаны, төлемдердің  қайда жұмсалатыны жөнінде ақпараттарды береді. «Қалада 103 ПИК болса, соның 76-сының парақшасы бар. Интернеттегі осы парақшалардың көмегімен кооперативтердің сан-салалы жұмысын (ағымдағы жөндеу, судың сапасы, жиналған қаржының тиімді жұмсалуы және т.б.) бағалаймыз. Мұның өзі кооперативтердің жұмысының ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етеді», – деді қала әкімі.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика