Жаңа технологияны меңгерген жұрттан озады

Күні , 86 рет оқылды


Мақсот БАЛҚЫБАЕВ,

қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырына қатысты республикалық палатаның Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілі:

Елбасымыздың биылғы Жолдауымен мен де мұқият таныстым. Саналы ғұмырым мен еңбегімді ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал шаруашылығына арнап келе жатқандықтан, осы бағыттағы міндеттер мені ылғи мазалап жүреді. Президентіміздің Жолдауда қозғаған индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс деген идеясы менің ойымнан шықты. Мұны ірі қараны асылдандыру сияқты күрмеуі көп, қиындығы одан да мол жұмыстарға байланыстыра айтсақ, бұл саланың да жаңа технологиясыз алға баспайтыны даусыз. Жаңа технология демекші, оны ауыл шаруашылығына соның ішінде мал шаруашылығына дендеп енгізген елдер бүгінде озықтардың қатарында. Біздің ғалымдарымыз да қолдарын қусырып қарап отырған жоқ. Дегенмен, атқаратын шаруалар да шаш етектен. Ірі қараны асылдандырудың ұшан-теңіз жұмыстарымен қатар түліктің тегін анықтауға ДНК арқылы тестілеуді қолдану, осы заманға сай жаңа зертханалар ашып және оларды аккревитациялау мен аттестациялаудан өткі-зуді жолға қою керек. Математикалық модель негізінде малдардың өнімділігінің болжамдық бағдарламасын жасау әдістерін (ВLUP) игеру бүгінгі ғылыми-технологиялық міндеттердің біріне айналып отыр. Малдарды азықтандыруды электрондық бақылау әдістеріне көшірудің де маңызы зор. Мысалы, ол арқылы мал қанша жем жеді, соған орай қанша литр сүт берді немесе қанша келі қосымша салмақ қосқанын мүлтіксіз біліп отыруға болады.

Геномдық селекция – асыл тұқымды малдарды іріктеудің жаңа жүйесі. Бұл  да мал тұқымын асылдандырумен айналысатын ғалымдарымыз үшін бес саусақтай білуі, ұршықтай иіруі тиіс сала. Мұнда да математикалық модельдер қолданылады. Яғни цифрлық технология дегендерге сәйкес келеді. Бұдан басқа Елбасымыз Жолдауында көрсеткеніндей, шикізатты қайта өңдеу арқылы әлемдік нарықтарға шығуымыз қажет, аграрлық ғылымды дамыту, сол арқылы жаңа технологияларды трансферттеу және оларды отандық жағдайға бейімдеуге қолымыз жетуі тиіс.


Мұрат САБЫР,

филология ғылымдарының докторы, профессор, Орал қаласы:

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық тыныс-тіршілігіндегі күрделі және өзекті мәселелерді көтеруімен аса құнды құжат. Қазақстанның жаңа кезеңдегі дамуының 10 басым бағыты айқын көрсетілген. Біріншіден, индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Қайта өңдеу секторына баса көңіл аударып, өнімнің экспортқа шығуына жаңа тетіктер ұйымдастыру қажет. Табиғи ресурстарды басқару ұстанымдарын сыни тұрғыдан қарастыру, агроөнеркәсіп кешенін дамытуда «ақылды технологияларға» орын беру аса көкейкесті мәселелер. Нұрсұлтан Әбішұлы-ның, әсіресе, адами  капиталды дамыту мен білім сапасын жаңғырту туралы ой-ниеті бірінші кезекте жүзеге асырылуы шарт. Елбасының «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде», – деген тұжырымы аса маңызды. Орыс тілді мектептерде қазақ тілі жаңа деңгейде оқытылуы тиіс. Мемлекеттік тілді білуге жаңаша талаптар қойылатын уақыт келді. Қазақ тілін халықаралық деңгейге шығару үшін терминдерді жаппай аударудан гөрі жаңа бағыт ұстанған дұрыс. Кірме сөздерді қабылдауда қазақ тілінің дыбыс жүйесіне бағындырып, қазақ тілдің заңдылығымен айтылып, жазылуына мән берген жөн. Тілімізді жат тілдердің ықпалынан сақтап, дамыту, байыту – азаматтық міндетіміз. Қазақ әліпбиін латын жазуына ауыстыру үдерісінде, жаңа емле-ереже дайындауда осы мәселелер ескерілуі шарт.

Жаңа заманға сай өркендеу үшін осы Жолдаудың әр бағыты бойынша жұмыла еңбек ету қазақстандықтардың жалпыға бірдей елдік мұрат-мақсаты екендігі даусыз.

Ольга БАСИМОВА,

Бөрлі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа Жолдауында 10 міндет нақты көрсетілген. Жолдау анық та түсінікті. Әлеуметтік қорғау саласының қызметкері ретінде 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақының енгізілуі маңызды деп ойлаймын. Бұл санаттағы адамдар ерекше күтім мен қамқорлықты қажет етеді. Ал, аталмыш жәрдемақы ата-аналарға жақсы қолдау болары сөзсіз. Өйткені, балаларының күтімімен үздіксіз айналысып отыратындықтан,  олардың жұмыс жасауға мүмкіндіктері жоқ.

Онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспардың қабылдануын аса қажетті шешім ретінде қолдаймын. 2016 жылы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы аурудың 3 және 4 сатысындағы 68 науқасқа 2 163,0 теңге төленген болса, өткен жылы онкологиялық аурудың 1, 2, 3 және 4 стадияларындағы 394 аудан тұрғынына 13 410,0 теңге төленді. Ауруды емдегеннен гөрі алдын ала ескерткен не ерте сатысында анықтаған оңай. Сондықтан да Жолдауда айтылған ғылыми онкологиялық орталық құру, халықаралық озық тәжіри-бе негізінде ауруды ерте анықтаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігін қамтамасыз ету дер кезінде қолға алынып отыр. Сондай-ақ, әрбір қазақстандық өз елінің тарихын, тілі мен мәдениетін білуі керек. Заман ағымына ілесіп, шетел тілін меңгеруі қажет. Сонымен бірге сапалы жұмыспен қамтылуға және әлеуметтік қолдаудың әділ жүйесіне қол жеткізуге мүмкіндігі болу қажет.

Айта кету керек, бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталатын бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу де заман талабына сай жасалған қадам.

Лариса ОБЫДЁНКИНА,

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Орал қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры:

– Жаһандану тамырын тап басатын Елбасының Жолдауында білім саласы жан-жақты қамтылып, атқарылуы тиіс нақты іс-шаралар көрсетілген. Мектеп басшыларынан бастап, барлық мұғалімдердің біліктілігін арттыру арқылы әлемдік білім беру кеңістігіне аршынды қадамдар жасап келеміз. Мәселен, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Орал қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығында облыс бойынша ағылшын тілі пәнінің 122, физика, химия, биология, информатика пәндерінің 35 маманы жаңа білім беру бағдарламасын меңгерді. Ал 2016 жылдан бері орталығымыз М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың жоғары курс студенттерін жаңа бағдарламамен сабақ беруге дайындауда. Сонымен қатар сандық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән берілуде. Қорыта айт-қанда, еліміздің бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз ететін ең тиімді әрі ұзақ мерзімді стратегия білім беру болып табылады. Сондықтан біз Жолдаудан өз қызметімізге байланысты мақсат-міндеттерді анық көреміз.

Сағынбек СТАМОВ,

Жәнібек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты:

– Елбасының биылғы Жолдауында жастар болашағына айрықша мән берілген. Жолдауда техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту қажет екені айтылады. Ол үшін халықаралық талаптар мен цифрлық жүйе ескерілмек. Сонымен қатар «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыру жалғасады. Бірыңғай электрондық еңбек биржасы қолданысқа енгізіліп, бос жұмыс орындары туралы барлық ақпарат жинақталуы тиіс екені хабарланды. Мемлекет басшысының «Азаматтар үйлерінен шықпай-ақ, кәсіби бағдарлы тест тапсырып, оқу курстары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы біліп, өзін қызықтыратын жұмыс таба алатын болады» дегені көңілге қуаныш ұялатады. Бұл бастама облыс орталығынан шалғай аудан-ауылдар үшін зор мүмкіндік туғызатынына сенімдімін. Жәнібек ауданы тұрғындарының 24,7 пайызы, яғни 4 мыңнан астамы – жастар. Жұмыссыз жүрген, жаңа кәсіп бастағысы келетін, қоғамдық шараларға белсене қатысатын жастар ресурстық орталық арқылы тиісті де тиімді кеңес алады. Оларға мемлекеттік бағдарламалар ауқымында жергілікті құрылымдар қолдау көрсетуде.

Зарина ЫҚСАНОВА,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 4-курс студенті:

– Аса маңызды мәселелер мен тақырыптарды қаузаған биылғы Жолдау мазмұнынан маған жақыны – білім беру мәселелері болды.

Президентіміз әр Жолдау, мақалаларында білімге баса назар аударып, әр кез жаңа технологияларды қолдануға шақырады. Төртінші революциялық даму барысында да үш тұғырлы тіл саясатын назардан тыс қалдырмай, латын әліпбиіне 2025 жылға дейін толықтай көшетініміз атап өтілді. Болашақ мұғалім ретінде бұл мамандықтың керектігін сезіну, біліктілікті арттыру курстарының жаңа бағытта өткізілетіндігін білу мен үшін маңызды. Елбасы педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту жөнінде де айтты. Біз, жастар, өз кезегімізде мемлекеттік маңызы бар істерге өз үлесімізді қоса отырып, жаңаша бастамаларды жүзеге асыруға әзірміз!


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика