«Ауру-сырқауды алғашқы сатысында анықтау қажет»

Күні , 70 рет оқылды


Осы  аптаның  сәрсенбісінде  Орал  қалалық  көпбейінді аурухананың  конференц-залында  облыстық  денсаулық сақтау  басқармасының алқа  жиыны  өтті.  Өңірдегі барлық  медициналық  мекеме-ұйымдардың  басшылары бас  қосқан  келелі  жиынға  облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары  Арман  Өтеғұлов  арнайы қатысты.


Шарада денсаулық сақтау басқармасының өткен жылда атқарған қызметіне есеп беріліп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, денсаулық саласына қатысты жол картасының орындалуы туралы баяндамалар оқылды. Осы тұста баяндамалардың түгелге дерлігі орыс тілінде ғана жасалғанын айта кетейік. Мұны өңірдегі аталмыш сала басшылығының мемлекеттік тілдің мәртебесіне, болашағына, қала берді мемлекеттік тілде жарық көретін БАҚ-қа деген немқұрайлы көзқарасының көрінісі демеске лаж жоқ.

Хош, сонымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың мәлімдемесіне сүйенсек, былтыр  алдыңғы жылмен салыстырғанда тұрғындар денсаулығына қатысты көптеген көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалған. Атап айтқанда, жалпы өлім-жітім саны 5,3 пайызға, нәресте өлімі 14,1, қатерлі ісік және туберкулезден өлгендер саны 5,3 пайызға, қан айналымы жүйесінің ауруынан қайтыс болғандар саны 1,1 пайызға төмендеген. Ана өлімі бойынша 2016 жылы екі жағдай, ал былтыр бір жағдай тіркелген. Бір өкініштісі, улану және оқыс жарақат алудан қайтыс болғандар саны 0,3 пайызға  арта  түскен.

Жедел жәрдем жұмысын жаңғырту, көрсетілетін көмектің жылдамдығын арттыру бағытында жедел жәрдем стансасы диспетчерлік қызметінің компьютерлік паркі жаңартылған. Нәтижесінде шақыртуларды қабылдау, оқиға орнына шұғыл жету көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған.

Медициналық ұйымдарды компьютерлік техникамен жабдықтау 100 пайызға жеткізілген. Бір айта кетерлігі, өңірдегі 399 медициналық нысанның 120-сы интернетке қосылмаған (шалғай аудандардағы медпункт, фельдшер-акушерлік пункттер). Бүгінгі таңда медициналық маман тапшылығы 207 бірлікті құрайды. Бұл олқылықтың орнын толтыру бағытында тиісті іс-шаралар қолға алынған.

Өңірдің денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында 2018 жылы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының барлық индикаторларына қол жеткізу, Ақжайық ауданы орталығынан инсульттік орталық ашу, 21 нысанды күрделі жөндеуден өткізу, сонымен қатар жүз пайыз қағазсыз аурухана жүйесіне көшу секілді мәселелер  жоспарланған.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның БҚО бойынша филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлованың мәлімдеуінше, аталмыш филиал атқарған жұмыстың нәтижесінде медициналық қорға облыс бойынша млрд. теңгенің үстінде төлем түскен. Оның ішінде жұмыс берушілерден түскен төлем көлемі 860 млн. теңгені құрайды. Жеке кәсіпкерлердің жарналары мен аударымдары 182 миллион теңгені құраған. Облыс бойынша 5783 тұрғын емхананы таңдау еркін пайдаланған. Тиісті талаптарға сай қызмет көрсететін жеке медициналық ұйымдар саны да артып келеді. Болашақта бұл бағытта атқарылатын жұмыстар жандана түспек.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова аталмыш салаға қатысты жол картасының орындалу деңгейі туралы жан-жақты талдау жасады. Оның айтуынша, жыл қорытындысы бойынша 36 индикатордың бесеуіне қол жеткізілмеген.

– Біз тұрғындарды дәрігерлік тексеріс, скринингпен 100 пайызға жуық қамтыдық деген сықылды есеп беруге мүдірмейміз. Асқынудың алдын алатын мұндай шаралар шын мәнінде тиісті деңгейде атқарылып отырса, түрлі аурулар салдарынан болатын өлім-жітім саны неге толастамайды? Бұл әлі де болса уақтылы тексерістен өткізудің, тұрғындардың денсаулығына деген жауапкершілігін ұқтыру жұмыстарының ақсап жатқандығының айғағы. Ауруды алғашқы сатысында анықтау жұмыстарына баса мән беруіміз қажет. Бұл мәселе Елбасының биылғы Жолдауында айтылды. Мұны әрбір тұрғынның санасына жеткізу бағытында сергек жұмыстану керек. Әсіресе, қатерлі ісік ауруымен күресті кардиология, туберкулезбен күресте жеткен жетістіктер деңгейіне көтеруіміз керек. Маман тапшылығын жою үшін ауылдық жерлерде жұмыс жасайтын жас дәрігерлерді кезексіз баспанамен қамту, сондай-ақ қызметтік көліктерді тиісті мақсатқа ғана қолданып, барынша күтіп ұстау секілді мәселелерді аудан әкімдерінің алдына қойып, нәтижесін талап ету керек, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов жиынды  қорытындылаған  сөзінде.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика