Көпір көптің тілегі еді

Күні , 76 рет оқылды


Кеше Шыңғырлау ауданы Белогор ауылы маңындағы жаңадан салынған көпірдің ашылу салтанаты өтті.


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл жоба ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы еді. Белогорлықтардың бұл қуанышымен бөлісу үшін облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов арнайы келді.

– Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу керектігін ұсынған болатын. Соған орай республикамызда, соның ішінде облысымызда көптеген игі іс қолға алынуда. Жалпы, былтыр өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2,6 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асты. Оған үлес қосқан меценаттарды облыс әкімі марапаттағаны белгілі. Бағдарлама бойынша биыл да біраз жоба іске қосылмақ. Міне, бүгін сол жобалардың бірінің ашылу салтанатына қатысудамыз, – деді құттықтау сөзінде Ғабидолла Абдоллаұлы.

Айта кетейік, бұл көпірдің орнында бұрын топырақ үйіндісі болатын. Көктемде Шыңғырлау өзені тасыған кезде ол шайылып кетіп жүрді. Бұл тұрғындарға қиындық тудыратын. Ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен жергілікті кәсіпкерлер мен азаматтар жер кепкесін оны қалпына келтіргенімен, көктемде қайта таз қалпына түсетін. Мәселен, жеке кәсіпкер Мият Еспембетовтың «КамАЗ» көлігімен 11 мәрте бор, 4 мәрте топырақ тасытып, жөнге келтірген еңбегі зая кеткен.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын оқыған әкелі-балалы Алғали мен Мирболат Тасмағамбетовтер өздерінің туған жеріне көмек көрсетуге бел буады. Яғни белогорлықтардың «бас ауруына» айналған көпір мәселесін шешуге атсалысты. Осылайша 7 млн. теңгеге  су жаңа  көпір  салынды.

Ауыл ақсақалы, ауданның құрметті азаматы Клим Бексейітовтың айтуынша, көктемде Шыңғырлау өзені бір ай өткел бермейтін, тұрғындар ай бойына қайықпен қатынайтын еді.

Су тасығанда кісі өлімі де болған. «Жыл сайын жаздың бір айы осы көпірді жөндеуге кетеді. Ол көпірдің «ғұмыры» ұзақ болмаса да, амал жоқ жөндейтінбіз, – дейді Клим Нұғманұлы. –  «Туған жер» бағдарламасы аясында осынау қиындықтан құтылғанымызға қуаныштымыз. Елбасы мақаласында жазғандай, туған жерін ұмытпайтын кәсіпкерлердің қатарына біз Алғали мен баласы Мирболатты да қосамыз. Олар жетекшілік ететін «Жарас» ЖШС-ның ұйытқы болуымен Торыатбас ауылына қатынайтын көпір де салынды. Туған жеріне туын тіккен азаматтар  осындай  болса  керек!

Қаршыға  ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау  ауданы


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика