5.01.2018, 18:31
Қараулар: 102
Жаңғырған аурухана

Жаңғырған аурухана


Күрделі  жөндеуден  өткен  Теректі  аудандық  орталықтандырылған  ауруханасы   тұрғындар  игілігіне  берілді.


Бейсенбі күні өткен аурухананың ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Зәуреш Аманжолова және Бақтияр Мәкен, сондай-ақ облыс әкімі Алтай Көлгінов  арнайы  қатысты.

Нысанның құрылыс жөндеу жұмыстары өткен жылдың шілде айында басталған болатын. 479 млн. 839 мың теңге жұмсалған жөндеу жұмыстарына қаржы облыстық бюджеттен бөлінген. Жөндеу «Кварцспецсервис» ЖШС-ның мердігерлігімен жүзеге асып отыр. 1984 жылы  бой көтерген бұл ғимарат осы күнге дейін  күрделі жөндеу  көрмеген.

– Былтыр Батыс Қазақстан облысында 19 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. Соның бірі осы Теректі аудандық орталық ауруханасы. Өткен жыл Теректі ауданы үшін жемісті болды. Ауылдарға газ тартылып, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз су барды. Жол мен жалпы орта білім беретін мектептер жөндеуден өтті. Мұның барлығы – халықтың игілігі үшін мемлекеттің жасаған қамқорлығы, сондай-ақ  Елбасының саясаты бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуының нәтижесі. Жалпы, денсаулық сақтау саласында атқарылған істер көп. Соңғы екі жылда облысқа 80 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Маман даярлау мәселесіне де ерекше назар аударудамыз. Биыл жергілікті бюджет есебінен 24 мектеп түлегінің медициналық жоғары оқу орнындағы оқу ақысы төленуде. Олар оқу бітіріп келген соң келісімшарт бойынша дәрігерлер жетіспейтін медициналық мекемелерде қызмет ететін болады. Өткен жылы облысқа 84 жас маман келсе, оның 42-сі дәрігер болғандықтан сұраныс бойынша аудандарға жіберілді. Тұрғындардың игілігі үшін жасалатын жұмыстар мұнымен тоқталмақ емес. Болашақта Елбасы тапсырған цифрландыру саясаты бойынша ауқымды жұмыстар атқарылмақ, – деді облыс әкімі Алтай  Көлгінов.

Ауыл тұрғындарының атынан сөз алған медицина саласының ардагері Татьяна Креймер аудандық аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге атсалысқан  азаматтарға  алғысын  айтты.

Ғимараттың сырты жылытқыштармен және қаңылтыр қаптамамен қапталған. Ондағы массаж бөлмесі, шаруашылық корпусы, емделушілерге арналған палаталар, зертханалар, неврология, хирургия, балалар хирургиясы бөліміндегі барлық жиһаздар мен медициналық құрылғылар заманауи  үлгіде  жабдықталған.

Теректі аудандық орталықтандырылған ауруханасының директоры Зейіл Мағзомовтың мәліметінше, ауруханада амбулаторлық ем қабылдауға 45, күндізгі стационарға 35 орын бөлінген.  Бүгінде аталмыш ауруханада 35 дәрігер өз қызметтеріне  кіріскен.

Аурухананың ішін  аралап, қызметкерлерімен кездескен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова өзінің дәрігерлік тәжірибесімен бөлісті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»,

Теректі ауданы

Суретті  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ