27.12.2017, 22:23
Қараулар: 89
АТТ-ның саны азайып, сапасына мән берілмек

АТТ-ның саны азайып, сапасына мән берілмек


Кеше  облыс  әкімдігінің  жанындағы  діни  бірлестіктермен байланыстар  жөніндегі  кеңестің  кезекті  отырысы  өтті.  Алқалы басқосуға  облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов қатысты.


Облыста күні бүгінге дейін 75 діни ұйым тіркелген. Оның 44-і ислам дінін уағыздайды. Енді келесі жылы заңдылық негізде бір кришнаит ұйымы жұмысына кіріспек. Мемлекеттік тіркеуден өтпесе де, баптистер жұмысын тоқтатпай отыр. Ал, біздің басқармада тіркелген сегіз миссионер заң шеңберінде жұмыс атқарып жүр. Дін саласында былтыр бір құқықбұзушылық тіркелсе, биыл олардың саны 18-ге жетті. Биыл дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру мақсатында БАҚ-тарда жалпы саны 4936 материал жарық көрді. Елдің дінге қатысты ой-пікірін анықтау мақсатында ұдайы мониторинг жүргізілуде. Біз ақпараттық-түсіндіру топтарының (АТТ) жұмыстарына жіті назар аударып отырмыз. Құрамында 213 адамды қамтитын 14 ақпараттық-түсіндіру тобы жүйелі де жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Басқарманың өзге де құзырлы топтармен ынтымақтастығы жолға қойылған. Мәселен, жоғары оқу орындарымен арадағы байланыстың нәтижесінде биыл қыркүйек айында бірінші курс студенттерімен кездесу оздырылып, онда білікті дінтанушылар теріс діни ағымдар және олардың қатерлілігі жөнінде дәрістер өткізді, сөйтіп ашық әңгіме жағдайында бетпе-бет жүздесу болды. Прокуратура органдарымен де байланыс жақсы. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері А. Зинуллин мен Д. Саратовтар ерекше белсенділік танытып, ел арасындағы, әсіресе, жастар алдындағы түсінік жұмысына ұдайы қатысып жүр.

Сондай-ақ дін істері басқармасы христиандық православие тармағының дін басылармен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Мәселен, екі тараптың ұйымдастыруымен Орал қаласында 250-дей діндар қатысқан кездесу өткізіліп, онда жалған христиандықтың мақсаты мен мәні, зиянды салдары жөнінде кеңінен баяндалды. Жалпы алғанда, діни түсінік жұмыстары Ақжайық, Бөрлі, Зеленов аудандарында жақсы жолға қойылған. Өкініштісі сол, өзге аудандарда әлі де енжарлық басым.

Дегенмен түгелімен алғанда, өңірде жат ағымға еріп кетіп, адасқандардың жыл өткен сайын азайғаны байқалады. Әрине, біз қашан да жұмысымызға сын көзбен қарауымыз қажет. Келешекте ақпараттық-түсіндіру топтарының санын азайтып, сапасына мән бермекпіз. Әрі бұқаралық жұмыстардың жанды болуын қамтамасыз етуіміз керек. Ел арасында түрлі мәселелер бойынша мониторинг жүргізу арқылы халықтың ой-пікіріне құлақ түргіміз келеді, – деді  жиындағы алғашқы баяндамашы, облыстық дін істері басқармасының басшысы Саялбек  Ғиззатов.

– Құзырлы құрылымдардың бұл бағытта жүйелі жұмыс істегені көрініп тұр. Бірақ жұмысты әлі де ширата түсу керек. Нәзік те иірімі мол дін саласы әркімнен де жұмысты үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді.  Мәселен теріс діни ағымнан зардап шегіп, қорлық көрген, оны ашық айтқысы келген куәгерлерді тиімді пайдаланған дұрыс. Сондай-ақ кей аудандардың топ жұмысынан мүлдем хабарсыз болуы да алаңдатарлық жәйт. Топ мүшелерінің терең білім және біліктілікпен қатар жұртты ұйытатын сөзге шешен болуы да аса маңызды. Жұмыс әдістемесін де жаңартып отыру керек. Әйтпесе, істе қайтарым  болмайды. Биыл «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол Парламент қарауында жатыр. Сол заң қабылданған соң, жаңартылған құжатпен жұмыс істейміз, – деді басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов. Әрі қарай ол Бөкей ордасы, Сырым, Теректі және өзге де аудан басшыларына жұмысты күшейтуді  тапсырды.

– Мектеп – мемлекеттік мекеме. Біздің мемлекет зайырлы болғандықтан, мектеп аумағында діни киімге рұқсат етілмейді. Өкініштісі сол, арамызда бұған қарсы оқушылар мен олардың ата-аналары аз емес. Тілге тиек етсек, биыл оқу жылының басында сондай 162 дерек анықталды. Соған орай білім ұяларының басшыларына талап күшейтіліп, арнаулы комиссияда мәселелер қаралып, ата-аналарға ескертулер жасалды, айыппұлдар салынды.

Соның нәтижесінде мектепке діни киіммен келетіндердің саны 111-ге дейін азайды. 26 оқушы өңірден тыс жерге ауысты. Бір оқушыны ата-анасы алып кетсе, 11 мектептегі 24 оқушы орамалға байланысты сабаққа қатыспай отыр. Осыған орай дін өкілдері мен мемлекеттік құрылымдардан көмек пен қолдау сұраймыз, – деді екінші баяндамасында облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.

– 24 оқушыны мектепке қайтару қажет. Олардың еш кінәсі жоқ. Бәрі де ата-ананың теріс ықпалына байланысты. Ал ескертуді қабылдап, түсініп, ұл-қызын мектепке қайта әкелген ата-аналарға ризамыз. Бұл іс өзгелерге үлгі болуы тиіс. Жалпы мемлекеттік заң талабы орындалуы керек. Сондықтан қалған балаларды қайтаруда үгіт-насихат та, заңның күші де қолданылуы тиіс, – деді сөз соңында  Ғабидолла Абдоллаұлы.

Жиында ҚМДБ-ның  БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов, «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық-мәдени қоғамының жетекшісі Данильбек Саратов, облыстық білім сапасын қадағалау департаментінің басшысы Светлана Бахишевалар сөйледі. Соңынан діни ақпараттық-түсінік жұмысына белсене қатысқаны үшін Д. Саратов, облыстық мешіттің наиб имамы М. Асанов және басқалары марапатталды.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар