27.12.2017, 18:48
Қараулар: 306
Құлпытас – тарихымыздың қайнары

Құлпытас – тарихымыздың қайнары


Үш ғасырға жуық бодандықтың қамытын киген, бодандыққа дейін де, кейін де тарихын қағазға түсіріп хаттамаған ел үшін ата-бабамыздың тасқа жазған жазбалары түсінген адамға аса құнды құжат, жазба тарихымыз екені анық. Соңғы бес жылда облысымыз бойынша құлпытастарды зерттеу жұмыстарын мүмкіндігімізше атқарып келеміз. Нәтижесінде үш мыңға жақын құлпытас табылып, суретке түсірілді. Үш ханның, сұлтандардың, ел билеген билеушілердің, батырларымыз бен әулиелеріміздің, тарихи маңызы бар талай тұлғалардың құлпытастары табылып, оқылып, шынайы тарихымызды жазуға қажет көптеген тың мәлімет айналымға енгізілуде. Көптеген замандасымыздың ата-бабалары табылды. Құлпытас аудармалары көпке жария болмағандықтан, көпшілігі әзірге хабарсыз.


«Dana.qaz» журналында «Құлпытас сырын ашайық!» айдарымен басталған ісіміз республикалық деңгейде ғалымдардың қызығушылығына ие болып, Исламдық әріптестік ұйымы жанындағы (IRCICA) Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеу ғылыми орталығының қаржылай қолдау білдіруінен-ақ бұл жобаның әлем тарихында да орны бар екенін түсінуге болады. Бірақ қажет қаржы өз елімізден табылмай, өзге елден табылуы түсінген адамға қуанатын жәйт емес екені анық.

Жүйелі жұмысты құлпытастарды зерттеудің маңыздылығы мен оны ұйымдастыру жолы туралы “Орал өңірі” газетінде (11.12.2014 ж.) “Құлпытасты құрметтеу – ардың ісі” және “Приуралье” газетінде “Надгробия чтить – поступок совести” (11.12.2014 ж.) атауымен мақала жариялаудан бастадық. Одан соң барлық аудан әкімдеріне жұмыстарды бірлесіп атқару жөнінде хат жолдадық. Әр ауданда жұмыс тобы құрылды. Біз жұмыс тобына арнайы нұсқаулық дайындап, ұғынықты болуы үшін бейнероликтер жасадық. Аудандарда жасақталған жұмыс тобын Орал қаласына шақыртып, бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп, қажетті ақпараттармен қаруландырдық. Біздің бастамамызды түсініп қолдағаны да, мәніне терең бойламай, салғырт қарағандары да болды. Қолдан келгені жасалды. Нәтижесінде бүгінгі есебіміз бойынша 12 ауданның 63 ауылдық округінен 250-ге тарта қорым қаралды. Құлпытастардың көпшілігі суретке сапасыз түсірілген, нұсқаулыққа сай жасалмаған. Сондықтан бұл ісіміз өңірімізде қанша құлпытас барын анықтау бағытында жасалған қадам болды деп есептеуге болады. Тізімге алынған қорымдардың көбіне қайта барып, нұсқаулығымызға сай тазалап, сапалы суретке түсіру қажет. Оған қоса кей аудандардың тіптен жұмыстанбағанын, кейбірінің немқұрайлы қарап, салғырт жасағанын ескерсек, есепке алынбай, суретке түсірілмеген талай қорым бар екені анық.

Әзірге қолда барымыз:

  1. Ақжайық ауданының 5 ауылдық округінен 23 қорым есепке алынып, 186 құлпытас тіркелді.
  2. Бөрлі ауданының 4 ауылдық округінен 8 қорым және ескі МТС-тың іргетасына салынғандары есепке алынып, 113 құлпытас тіркелді.
  3. Бөкей ордасы ауданының 3 ауылдық округінен 9 қорым есепке алынып, 141 құлпытас және Хан зираты қорымынан 526 құлпытас суретке түсіріліп, қазіргі уақытта алматылық ғалымдармен бірге жұмыстанудамыз, барлығы 667 құлпытас тіркелді.
  4. Жаңақала ауданының аумағынан 604 құлпытас оқылып, аударылды. Бұл жұмысты Мұратбек Жахатов бір өзі атқарды.
  5. Жәнібек ауданының 4 ауылдық округінен 29 қорым қаралып, 108 құлпытас тіркелді.
  6. Зеленов ауданының 4 ауылдық округінен 7 қорым қаралып, 21 құлпытас тіркелді.
  7. Қазталов ауданының 7 ауылдық округінен 17 қорым қаралып, 56 құлпытас тіркелді.
  8. Қаратөбе ауданының 8 ауылдық округінен 73 қорым есепке алынып, 401 құлпытас тіркелді.
  9. Сырым ауданының 10 ауылдық округінен 26 қорым қаралып, 66 құлпытас тіркелді.
  10. Тасқала ауданының 1 ауылдық округінен 2 қорым қаралып, 16 құлпытас тіркелді.
  11. Теректі ауданының 7 ауылдық округінен 17 қорым қаралып, 288 құлпытас тіркелді. Бұның жартысы – алматылық ғалымдармен бірлесіп жұмыстанып жатқан Хан зиратындағы құлпытастар.
  12. Шыңғырлау ауданының 7 ауылдық округінен 20 қорым есепке алынып, 117 құлпытас тіркелді.

Тек осы құлпытастардағы тұлғаларды білу арқылы көптеген жерлестеріміз ата-бабаларын танып, тектерін түгендей алады. Бұның өзі өткеніміз бен бүгінгімізді жалғап, көпшіліктің нағыз рухани жаңғыруына сеп болары сөзсіз.

Біздің жобамыздың маңыздылығына көзі жеткен Алматыдағы Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкерлері – т.ғ.д., профессор (OIC) Әшірбек Мүмінов, т.ғ.к. Айтжан Нұрманова, т.ғ.к. Дина Медерова, Бағдат Дүйсенов арнайы жоба жасап, үш қорымды ғылыми негізде зерттеуді қолға алды. Бұл жобаға Батыс Қазақстан облысынан Қазыбек Қабжан, Жәнібек Исмурзин, Мұратбек Жахатов, Айболат Құрымбаев және мен кірдім. Институттан қарастырылған қаражат жасаған жұмыстарды кітап етіп шығаруға жетпейтін болды. Түркияда уақытша қызметте жүрген Әшірбек Мүмінов Стамбұлдағы Исламдық әріптестік ұйымы жанындағы (IRCICA) Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеу ғылыми орталығының бас директоры, проф. (OIC) Хален Эренмен сөйлесіп, Батыс Қазақстан облысындағы құлпытастарды ислам мәдениетінің бөлшегі ретінде қарауды ұсынып, Алматы қаласында “Арал – Каспий өңірінің мұсылмандық мұрасы” атты ғылыми семинар ұйымдастырды. Жиынның қорытындысы бойынша Исламдық әріптестік ұйымы жанындағы (IRCICA) Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеудің ғылыми орталығы біздің алматылық ғалымдармен бірлесіп зерттеп жатқан құлпытастарды – “Мәулімберді білім-мемориалдық кешені”, “Жантөре хан кешені”, “Бөкей ордасының ислам мәдениеті”, “Хан зираты” атты ғылыми жинақтарды қазақ және ағылшын тілдерінде шығаруды қаржыландыруға уәде етті. Бірақ шығарылған жинақтың бір данасы да бізге берілмейді. Бәрі ұйымға мүше 56 мемлекеттің ірі ғылыми орталықтары мен кітапханаларына таратылмақ. Тәжірибелі, кәсіби білікті ғалымдармен бірлесе шығарылмақ бұл жинақтар құлпытастарды зерттеуде істі қалай жүйелі атқару және кітап етіп шығаруда үлгі болмақ.

Сыры ашылған құлпытастар

Жинақталған үш мыңға жуық құлпытастың оқылғандардың арасында хан, батыр, би, сұлтан, әулие – бәрі де табылып жатыр. Бәрін жариялап, таныстыру мүмкін емес, бірақ дәлел үшін бірсыпырасын ұсынайын.

 

 

Хандар

 

Қорым, орналасқан жері

 

Қысқаша сипаттама

 

1

 

Есім хан Нұралыұлы

 

Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округіне қарасты Ескіесім елді мекенінің маңын­дағы көне қорымдағы №5 құлпытас. Қорымнан 5 құлпытас тіркелді.

 

Нұралы ханның үлкен ба­ла­сы, Ерәлі ханның мұ­ра­гері, Әбілқайыр хан­ның немересі. 1794-1797 жыл­дар аралығында Кіші жүзі ханы болған тарихи тұлға.

 

2

 

Жантөре хан Айшуақұлы

 

Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылындағы Хан зираты қорымындағы №1 құлпытас. Қорымда сақталған 141 құлпытас зерттеліп, қазақ және ағылшын тілдерінде жинағы жасалды. Сонымен қатар қорымда Әбіл­қайыр тұқымынан тараған бірнеше сұлтан-төре жерленген.

 

Әбілғазы мен Қаратай ханның билігін жалғас­тырушы, Айшуақтың үл­кен ұлы, Әбілқайырдың не­ме­ресі. 1805-1809 жылдар ара­­лығында Кіші жүз ханы бол­ған тарихи тұлға.

 

3

 

Жәңгір хан Бөкейханұлы

 

Бөкей ордасы ауданының Орда ауылдық округіне қарасты Хан зираты қорымындағы №1 құлпытас. Қорымда сақталған 628 құлпытас зерттеліп, қазақ және ағылшын тілдерінде жинағы дайындалуда. Сонымен қатар қорымда бірнеше сұлтан-төре жер­ленген.

 

Әбілқайыр ханның шө­бе­­ресі, Нұралы ханның не­мересі, Бөкей ханның ұлы. 1823-1845 жылдар ара­­­­­­лығындағы Бөкей орда­сының ханы

 

4

 

Айшуақ хан Әбілқайырұлы

 

Теректі ауданы Бекей ауылы маңындағы қорымда орналасқан.

 

1797-1805 жылдар ара­лы­ғында Кіші жүздің ханы болған. Хандыққа 1797 жы­лы 70 жасында қол жеткі­-
зіп, 78 жасында өз еркімен бас тартқан. 

 

 

 

 

 

Батырлар

 

Қорым, орналасқан жері

 

Сипаттама

 

1

 

Дәуқара батыр Қарақожаұлы

 

Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округіне қарасты Жігерлен ауылынан 2-3 шақырым жердегі Дәуқара батыр қорымындағы №1 құлпытас. Қорымнан 9 құлпытас тіркелді. Дәуқара батыр (1687-1751) – Кіші жүз Байұлы Сұлтансиық ішіндегі ай­бақты руының ұранына шық­қан айтулы батыр, та­рихи тұлға.

 

2

 

Науша батыр Қаржауұлы

 

Ақжайық ауданы Есенсай ауылдық округіне қарасты Тайлан қорымындағы №1 құлпытас. Қорымда 2 құлпытас сақталған. Байбақты руынан шық­қан, тумысынан еш­кім­ге оз­быр­лық жа­са­ма­ған, еш­кім­ге на­мы­сын жібер­меген, ақыл­ды бол­ған. Оның жау­ға көрсеткен ерлік қай­ратынан кейін халқы «Найзагер, батыр Науша» деп атап кеткен.
3

 

Ерсары батыр Бегетайұлы

 

Сырым ауданы Тоғанас ауылдық округіне қа­расты әулие Жұмағазы қазірет қоры­мын­дағы №7 құлпытас. Қорымда 6 құлпытас Жұма­ға­зы хазірет пен ұрпақтарына қойыл­ған және 7-ші Ерсары батырдың құлпытасы оқшау жатыр. Атақты найзагер, мерген, батыр.

 

4

 

Байбақты Тайлақ батыр

 

Сырым ауданы Бұлан ауылдық округіне қа­расты Жамбыл ауылының іргесінде, оңтүс­тікке қарай шамамен 1 км жердегі Тайлақ қорымындағы №3 құлпытас. Қалмақтарға қарсы шық­қан батыр.

 

5

 

Өгіз батыр Тайлақұлы

 

Сырым ауданы Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылының іргесінде, оңтүс­тікке қарай шамамен 1 км жердегі Тайлақ қо­рымындағы №1 құлпытас. Батыр, Тайлақ батырдың ұлы.

 

6

 

Толыбай батыр Тайлақұлы

 

Сырым ауданы Бұлан ауылдық округіне қа­расты Жамбыл ауылының іргесінде, оңтүс­тікке қарай шамамен 1 км жердегі Тайлақ қорымындағы №2 құлпытас. Атығай руынан шыққан батыр.

 

7

 

Өтебай Сәңкібайұлы

 

Базартөбе ауылдық округінің Қызылжар ауылынан 3 км шығысқа қарай орналасқан Қаратоған/Қарақоға қауымында орналасқан №26 құлпытас. Тана руының Қалқаман тайпасынан, старшын.

 

8

 

Сәңкібай Тұмабайұлы

 

Базартөбе ауылдық округінің Қызылжар ауы­лынан 3 км шығысқа қарай орналасқан Қа­ра­қоға қауымында орналасқан №16 құлпы­тас. Бөкей сұлтанның қолбасы, қалқаман тананың баты­ры.

 

9

 

Сатай батыр Кенжеғараұлы

 

Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық окру­гіндегі Байғұтты-Шолаққамыс атты көне қо­ныс маңында, Байғұтты сорының оңтүстік қабағындағы үлкен қорымда тұр. Бұл қо­­рымды жергілікті қариялар «Кенжеғара қа­уымы» деп атайды. Мұнда ХІХ ғасырға жа­та­тын 40-50 құлпытас сақталған. Старшын, алаша руы­ның биі, Махамбет Өтеміс­ұлы­ның қайын атасы.

 

10

 

Шора Наушаұлы

 

Ақжайық ауданы Есенсай ауылдық округіне қарасты Тайлан қорымындағы №2 құлпытас. Науша батырдың баласы.

 

11

 

Жетпіс палуан Бақтыбайұлы

 

Ақжайық ауданы Қурайлысай ауылдық ок­ру­гіне қарасты Хандық деген мекенде орна­ласқан құлпытас.

 

Халқының қорғаны бо­­лып, жұртының жоғын жоқ­та­ған ерен қайратты, мықты палуан.

 

 

 

Дін ғұламалары, әулие, ғалымдар

 

Қорым, орналасқан жері

 

Сипаттама

 

1

 

Дамолла Қажыәлі ибн шайх Мәулімберді

 

Ақжайық ауданы Базартөбе ауыл­дық округінде орналасқан.

 

Өте жоғары білімді, ғалым, терең білім алып, кітап жаз­ған шәйх–үлкен ғұлама

 

2

 

Сүлеймен хазірет

 

Бисен мен Орда ауылдарының ара­сындағы құм жолдың бо­йын­дағы Сағи, Сүлеймен ха­зі­рет қоры­мын­да­ғы («Хазірет» атан­­ған жер) №2 құл­­пытас.

 

Сүлеймен хазірет Соқыран­ұлы (1800-1849) – діндар-ғұ­ла­­­ма, Бөкей ордасынан шық­қан зия­лы­лардың бірі, Самарқандағы діни медресені тә­мамдаған дамолла.

 

3

 

Бостан

 

Ақжайық ауданының Қурай­лысай ауылдық окру­гіне қа­расты Сайқұ­­дық ауы­лы­нан 6 км жерде, жергі­­лік­ті жұрт «Бостан қауымы» деп атай­тын көне зи­ратта орналасқан.

 

Мешіт ұстаған адам, жергі­лікті тұр­ғындардың айтуы бойынша, ер­те­ректе Бостан атауымен ме­шіт болған екен.

 

 

 

 

Билер, байлар, т.б.

 

Қорым, орналасқан жері

 

Сипаттама

 

1

 

Жанайбай би Еділұлы

 

Бөрлі ауданы Бөрлі ауылынан оң­түс­тік-шы­ғысқа қарай 40 км жерде, бұ­рынғы Аман­келді колхозының ор­­нындағы Шиесабақ деген ­жер­де, Қа­раба өзенінің жағасында Жанай ­ата қо­рымында сақталған жалғыз құл­пытас. Жанай ата өте беделді адам болған, кейін бұл жерге кісі түнеп, зиярат орнына айналдырған.

 

 

 

2

 

Қазы би Сырымұлы Сырым ауданы Жетікөл округіне қарасты Ай­­дар соры маңындағы Сы­­рым батыр ұр­пақ­та­рының қорымы. Би болған кісі. 1770-1772 жылдары туылып, 90 жастан асқанда қайтыс болғанға ұқсайды. Тегі – Кіші жүздің Байбақты атасынан, оның ішінде Әй­тімбет, одан Шолан. Шоланнан – Түр­кеш, Дат. Даттан – Сырым батыр . Сы­­рымнан Қазы, Жүсіп болып та­ра­лады.
3

 

Байшеркеш

 

Ақжайық ауданы Базартөбе ауыл­дық окру­гін­де Мәулімберді қо­ры­мында орна­ласқан №23 құлпы­тас. Мәулімбердінің әкесі.

 

4

 

Байболұлы Секерәлі

 

Теректі ауданы Шағатай ауылдық ок­ругі Қы­зылжар ауылы «Хан зираты» қорымында ор­наласқан №39 құл­пытас. Кердері руының құтсиық тайпасы Амалды немересі Байбол ұлы Се­керәлі 22 жасында 1857 жылы дү­ниеден өткен.

 

5

 

Келалы мырза

 

Теректі ауданы Шағатай ауылдық ок­ругінің Қызылжар ауылы «Хан зи­раты» қорымында орналасқан №64 құлпытас. Кіші жүз Байұлы байбақты руының
батан тайпасының Қара балалары Бұланның немересі Нұқабан бидің баласы, 1825 жылы 49 жасында дү­ниеден өткен. 
6

 

Шынәлі Сұлтанқызы Ермекжан ханым

 

Бөкей ордасы ауданы Хан зираты қорымында орналасқан құлпытас. Белгілі ақын Шәңгерей Бөкеевтің
туған анасы. Атасы Орман сұлтан Нұралы ханның Ырыс атты қалмақ әйелінен туған. Орманның Күсеп­қа­ли деген баласынан Сүлеймен, одан
Әмина тарайды. Әмина – Кеңес Ода­ғының Батыры Мәншүк Мәмето­ваның анасы.

 

 

Сұлтандар

 

Қорым, орналасқан жері

 

Сипаттама

 

1

 

Өтепәлі сұлтан Айшуақұлы

 

Теректі ауданы Шағатай ауылдық округі Қызылжар ауылындағы Хан зираты қорымындағы құлпытас.

 

Айшуақ ханның баласы, сұлтан.

 

2

 

Асфендияр сұлтан Суғалиұлы

 

Бөрлі ауданы Успен ауылдық округіне қарасты Қаракемер ауылының көпшілік зиратында сақ­талған көне құлпытас. Жолбастаушы Ақсай қала­сының тұрғыны Зарлық Мусиннің айтуынша, дәл осы қорымда сұлтан-правитель Баймағамбет Ай­шуақов та жерленген.

 

Әйгілі Кіші жүз ханы Әбілқайырдың шөбересі, Айшуақ ханның немересі.

 

3

 

Сүйінішқали Жаналыұлы

 

Бөкей ордасы ауданының Орда ауылдық округіне қа­­рас­ты Хан зираты қорымындағы №5 құлпытас. Қо­рымда сақталған 628 құл­пытас зерттеліп, қазақ және ағылшын тіл­дерінде жинағы дайындалуда. Соны­мен қатар қорымда бірнеше сұлтан-төре жер­ленген.

 

Сұлтан

 

4

 

Қыдыр Жаналыұлы

 

Бөкей ордасы ауданының Орда ауылдық окру­гіне қа­­расты Хан зираты қорымындағы №22 құл­пы­тас. Қо­рымда сақталған 628 құлпытас зерттеліп, қа­зақ жә­не ағылшын тілдерінде жинағы дайында­лу­да. Соны­-
­­мен қатар қорымда бірнеше сұлтан-төре жерленген. 
Сұлтан

 

5

 

Шығайұлы Көшекқали

 

Жаңақала ауданында орналасқан №1 құлпытас

 

1815-1816 жылдары дүниеге келген, сұлтан.

 

 

 

 

 

 

 

Бұрын белгісіз боп келген үш ханның құлпытасы табылды, тіпті осыған дейін әбден зерттелді деп жүрген Жәңгір хан Бөкейханұлының туған жылы тек құлпытасы оқылған соң ғана анықталып, тарихтағы қателік түзетілді. Енді құлпытасы табылған үш ханға назар аударсақ. Бұның екеуі өлтірілген, біреуі қарттықтан дүние салған. Қазақ хандығы үш жүзге бөлінген кезден-ақ Әбілқайыр өзінің ақылы мен айлакерлігі, батырлығы мен көшбасшылығы арқасында мұрагерлік жолмен емес, өз күшімен 1718-1848 жылдар аралығында Кіші жүздің ханы болды. Бақталастарының қолынан қаза тапты. Құлпытасы болмағанымен, тыңғылықты зерттеулерден кейін шамамен жатқан жері анықталды. Ақтөбе облысының аумағында. Орнына ұлы Нұралы хан болды. Ресей патшалығының бекітуімен таққа келген алғашқы билеуші еді. 1748-1786 жылдар аралығында 40 жылдан астам хан болғанымен, 1785 жылы биліктен аластатып, Уфаға жер аударды, 1790 жылы сол жақта қайтыс болды. Яғни ханымыздың сүйегі шетелде жатыр, өкініштісі, әлі басын барып қарайтып, еш құрмет көрсетпедік. Тіпті нақты қай жерде жерленгенін де білмейміз. Нұралы ханнан кейін Патшалық Ресей билеушілері хандарымызды жиі ауыстырады. Билеушімен халықтың арасын әдейі барынша араз етіп, бір-бірімен арпалыстырып, халықтың берекесін кетіріп, елді аздырады. Хандарымызға Жайықтың жағасынан ішке (Қазақ бетіне) қарай шамамен 30 шақырымнан артық баруға тыйым салады. Оларды халықтың ортасына жібермей, өз дегендерімен жүргізді. Үш бірдей ханымыздың құлпытастарының Жайық бойынан қашық болмауының сыры осыда. 1791-1794 жылдар аралығында Әбілқайырдың ұлы Ерәлі билікте болса, 1794 жылы хан боп бекіген Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның ұлы Есім 1797 жылы өлтірілген. Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округіне қарасты Ескіесім елді мекенінің маңынан табылған құлпытасымыз осы Есім Нұралыұлынікі. Қаза болған Есім ханның орнына 1797 жылы 70 жас шағына қараған Әбілқайыр ханның ұлы Айшуақты хан етіп бекітеді. 1805 жылы өзінің қарттығына байланысты Айшуақ хандықтан бас тартып, орнына ұлы Жантөрені хан етіп бекітуге ұсыныс береді. Қалауы қабыл болып, Жантөре хан болады, бірақ 1809 жылы бақталастарының қолынан қаза табады. Айшуақ Әбілқайырұлының құлпытасын Теректі ауданына қарасты Бекей ауылы маңынан тапсақ, ұлы Жантөренің құлпытасы Теректі ауданы Қызылжар ауылы маңындағы Хан зиратында. Жантөреден кейін әдейі бірнеше жыл хан етіп ешкімді бекітпейді. 1812 жылы Кіші жүзді екіге бөліп, қазақ бетіне Айшуақтың ұлы Шерғазыны, Ішкі ордаға Нұралының ұлы Бөкейді хан етіп бекітеді.

Енді хандарымызды тізбектеп қарасақ:

1718-1748 ж.ж. Әбілқайыр Қажыұлы

1748-1786 ж.ж. Нұралы Әбілқайырұлы

1791-1794 ж.ж. Ерәлі Әбілқайырұлы

1794-1797 ж.ж. Есім Нұралыұлы

1797-1805 ж.ж. Айшуақ Әбілқайырұлы

1805-1809 ж.ж. Жантөре Айшуақұлы

1812-1824 ж.ж. Шерғазы Айшуақұлы (Осымен қазақ бетіндегі хандық билік жойылды)

Ішкі ордалықта

1812-1815 ж.ж. Бөкей Нұралыұлы

1815-1823 ж.ж. Шығай Нұралыұлы

1825-1845 ж.ж. Жәңгір Бөкейұлы

Хандарымыздың шамамен қай жылдары билік құрғандарын білгенімізбен, қай жылдары дүниеге келіп, қашан қайтыс болғандары туралы нақты деректер жоқ еді. Тек құлпытастары табылып, оқылғандарын ғана қазір біліп отырмыз. Алдағы уақытта басқаларын да тауып, ақтаңдақтарды анықтау аса маңызды болмақ. Кәсіби, ісіне адал берілген тарихшыларымыз хандарымыздың атқарған істерін жан-жақты жазар, біздің мақсатымыз – оларды қолдан келгенше қажет мәліметтермен қаруландыру.

Батырларымыздың құлпытастары табылуы да көптеген жаңсақ пікір, жалған әңгімелердің таралуына тосқауыл болды. Сырым ауданы Жамбыл ауылы маңындағы Тайлақ қорымында «Қыз Жібек» жырындағы Бекежанның ұлы Тайлақ батыр жерленген деген пікір көптің аузында болды, тіпті жазушылардың өзі шығармаларына осылай арқау еткен. 2015 жылы осы қорымдағы құлпытастар оқылғанда ғана байбақты руы күшпен тайпасынан шыққан Тайлақ батыр екендігі, 1808 жылы 90 жасында қайтыс болғандығын білдік. Байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батыр Қарақожаұлы туралы да аңыз-әңгіме көп те, нақты мәліметтер жоқ еді. Құлпытасы оқылған соң ғана 1754 жылы 64 жасында бақилық болғаны белгілі болды. Жетпіс палуан Бақтыбайұлының орыс ұлығының алдында жауырыны жерге тимеген мықтыны жеңіп, ұрпақтарына жер алып бергендігі туралы қызықты әңгіме тарағанымен, нақты деректер болмаған соң сенімсіздікпен қараушылар болатын. Құлпытасы табылып, оқылғаннан кейін 1896 жылы 84 жасында қайтқанын білдік. Оның ұлы Ғаббас Алашорданың прокуроры болғанын, «халық жауы» болып атылғанын, Ақтөбе облысы ішкі істер департаментінің мұрағатында сақталған Ғаббас Жетпісұлының ісінде әкесі «палуан» деп көрсетілгенін анықтадық. Құлпытас арқылы анықталған деректер шежіре әңгіменің шамамен қай уақытта болғанын анықтауға мүмкіндік беруімен қатар, тың зерттеулерге себеп болды. Алматыдан келген ғалым Әшірбек Мүміновтың Мәулімберлі қорымындағы құлпытастарды аударуы тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтың орнын толтырды. Сол маңдағы Қарақоға қорымында Өтебай Сәңкібайұлының, оның әкесінің, басқа да әулет мүшелерінің құлпытастарының оқылуы да үлкен жаңалық. Тарихшы Жәнібек Исмурзиннің айтуы бойынша, Жанмырзаұлы Есенгелдінің ұлы Бекей өлген соң дистанция төрбасшысы Есенгелді байдың орнына Өтебай Сәңкібайұлы осы қызметке келіпті. Ел аузында ел билеушілігінен бөлек Өтебайдың батырлығы жөнінде де көп айтылады. Бөрлі ауданы Бөрлі ауылы маңындағы ескі МТС-тың іргетасына қаланған құлпытастарды шығаруымыз да осы жобаның аясындағы ауқымды істердің бірі.

Тек бірен-саран құлпытасқа ғана қысқаша тоқталып отырмын, егер әр қорымдағы әр құлпытастағы мәліметті толық тарқатуға жұмыстансақ, атқарар ісіміздің ауқымы мен анықтар мәліметтеріміздің көлемін бағамдай беріңіз.

Әзірге барды қорытып, игерген жоқпыз, ал далада кезегін күткен құлпытастар тіпті көп. “Әй, қап!” деп санымызды соқпау үшін ісімізді әлде де ширату қажет.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар