27.12.2017, 18:45
Қараулар: 152
Ел білетін Есенғалиев

Ел білетін Есенғалиев


Еңбек жолында Абат Есенғалиев ірі лауазымды қызметтер атқарды.  Абат Қадимұлының туған жері – Жаңақала ауданы Айдархан ауылы. Әке-шешесі дүниеден ерте озғандықтан, алты жасар баланы Ресейдің Саратов облысы, Александр Гай ауданында тұратын әкесінің інісі Бақыт Есенғалиев қолына алып, қамқорлайды. Балалық шағы туған жерімен шекаралас Алғайда өткен бозбала елге оралып, Қазталов ауданындағы Алма Оразбаева атындағы мектептің 11-сыныбында оқиды. Мектеп түлегі 1965 жылы Ресейдің Саратов малдәрігерлік институтына оқуға түсті. Институтта білім алғаннан кейін жолдамамен Қазталов ауданында еңбек жолын бастады. 1971 жылы ветеринарлық станса басшысының орынбасары болды. 1972 жылы аудандық ветеринарлық зертхананың директоры қызметіне тағайындалды. Абат Қадимұлы басқарған жылдары мекеме жаңа орынға көшіп, елеулі кәсіпорынға айналды. Зертханаға жабдықтар алынып, мамандар тарту мәселесі шешілді.


1980-1986 жылдары Қазталов ауданындағы «Мирон» және «Бостандық» кеңшарларын басқарды. Сол кезеңдерде тұралап қалған қос шаруашылықтың жағдайы жақсарды. Екі жыл жарым ішінде «Мирон» мамандандырылған кеңшарында тері, тұқым қоймасы, кеңсе ғимараты, МТМ салынды.

Іскер азамат Бостандықты да түлетті. Облыста тұңғыш қолданылған цехтық жүйе арқылы басқарылған кеңшарда әлеуметтік нысандар бой көтерді. Малшылар мен механизаторларға баспаналар берілді. Ауылды қақ жара ағатын Сарыөзенге көпір салынды. 1987 жылы облыстық агроөндірістік комитеті төрағасының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып тағайындалғаннан кейін Абат Есенғалиев мал мен құс шаруашылығын дамыту жайына ден қойды. 1990 жылы облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалуымен қатар, оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқару жүктелді. 1992-1994 жылдары Орал облыстық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Кейін бір жылға жуық ҚР Жоғары кеңесінің депутаты болып сайланды. 1995-2000 жылдары Орал қаласындағы «Газқамту» АҚ-ның бас директоры, «Батысгаз» АҚ-ның вице-президенті қызметін атқарды. 2000 жылдың соңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың шақыртуымен өңір басшысының ауыл шаруашылығы саласы жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. 2004 жылдың тамызында «Аңқаты» ЖШС басшысының кеңесшісі болды. 2005 жылдан бастап он жылға жуық уақыттай Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Қазіргі уақытта Орал газтурбиналық стансасының директоры.

Жетпіс жасты алқымдаса да, Абат ағамыз әлі тың. 1972 жылы математика пәнінің мұғалімі Райхан апамен отау тіккелі екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Ерік жеке кәсіпкер, Берік облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып қызмет етуде. Қыздары Самал мен Сенім тұрмыс құрып, өмірде өз бақытын тапқан. Абат Қадимұлы ұрпақтарынан немере-жиендер сүйіп отыр.

Сұхбат барысында кейіпкеріміздің еңбек жолымен ұштастыра отырып, сауалдар өзегіне өңірімізде қордаланған мәселелердің біразын өзек қылуға тырысқан едік. Ол кісіден байыпты жауап алдық, айтар уәжі мен пікірлерінің салмағын бағамдадық. Облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына сергек қарап отырғанына көзіміз жетті.

Абат Қадимұлы кезінде сүттей ұйып отырған шаруашылықтар егемендіктің елең-алаңында таратылмағанын құп көргенін айтады. «1994 жылға дейін шаруашылықтарды сақтап қалу мәселесіне баса назар аудардық. Осы мақсатта Израиль тәжірибесін зерттедім. Соғыстан кейін біздің елден көшкен жебірейлер ұжымдастыру тәжірибесін орнықты жүзеге асырған. Олар шаруашылықтарын «кибутси» деп атайды. Басқарма басшылары сайланғаннан кейін, олар тұрғындарға есеп беріп отыруға міндетті. Жұмысшылардың еңбекақысы, ақылы демалысқа шығуы – бәрі ұжымшар есебінен жүргізіледі. Осы үлгіге сүйеніп, біздің өңірде сақталған кеңшарлар жарғысына өзгерістер енгізіп, оларды акционерлік қоғам ретінде құрғымыз келді. Шаруашылықтағы әр адам акция есебінен пайда табуына мүмкіндік бар еді. Бөлек «отау құрғысы» келген шаруа қожалықтарының бетін қақпадық. Бірақ мен 1995 жылы депутаттық қызметтен оралғанда, облыстағы шаруашылықтардың көбесі сөгіліп болған еді. Шаруашылықтарды бүтін ұстап қалғанда, кооперативтерді қайта құру мәселесіне жолықпас еді», – деді Абат Есенғалиев.

Оның айтуынша, 1990-93 жылдары Ақ Жайық өңірінде 1,5 млн. га жерге дәнді дақылдар егіліп, жақсы өнім алынған. Ол 2000 жылы облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған кезде, егістік алқаптың көлемі 250 мың гектарға дейін кеміген еді. Егістік науқанына тұқым әзір болмады. Құзырлы құрылымдар алдында мәселе көтеріліп, облыс бюджетінен ауыл-аймақ деңгейін көтеруге 1 млрд. теңге көлемінде қайтарымды қаражат бөлініп, шаруаларға қолдау жасалды. Төрт түлік санағы жүргізілді. Малдәрігерлік коммуналдық мекемесі құрылды. Облыстағы зауыттар арқылы ауыл шаруашылығына керекті қосалқы бөлшектер мен қондырғылар шығару жолға қойылды. Соның нәтижесінде 2004 жылы егістік көлемі 700 мың гектарға дейін ұлғайды.

Қазіргі уақытта облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерді суландыру-суғару жүйесін дамытуға назар аударылып жатқаны мәлім.

Мәселен, Киров-Шежін магистралді каналы қайтадан жаңғыртылуда. Енді Азынабай – Тайпақ су арнасын қалпына келтіру жоспарлануда. Біз Әбекеңнен ауыл шаруашылығын дамытудың күре тамыры – су арналары мен тоғандардың күтімі кенжелеп қалу себебін сұрадық. «Өңірдегі су магистральдеріне республикалық бюджеттен қаржы бөлінбей, ұзақ жылдар бойы күтімсіз қалғаны рас. 2001 жылы жобалық-сметалық құжаттамаларын жасақтатып, су арналарын жаңғыртуға үш жыл қатарынан 1 млрд. теңгеден қаражат аудартуға күш салдық. Мәселен, 450 млн. теңгеге Жәнібек ауданы аумағындағы арналарға Еділден су айдайтын сорғыларды жөндеттік. Көшім су арнасындағы тозған тоғандар қалпына келтірілді», – деп еске алды Абат Есенғалиев.

Осы ретте айта кетейік, 2000 жылдары біраз ауылға «болашағы жоқ» деген ат қойылып, айдар тағылды. Мемлекеттік оңтайландыру саясатының салқын лебі есті. Сол кезеңде атқамінерлер ауылдарды аралап, бұл мәселені тұрғындарға ашық айтуы тиіс болды. «Алдымен, шекараға таяу орналасқан ауылдардың жағдайын нығайтып алу керек болды. Бұл шешімнің стратегиялық мәні бар еді. Сондықтан кездесу өткен бірқатар ауылға көгілдір отын, су жеткізу, жаңа нысандар салу таяу уақытта қолға алынбайтынын, оған бюджет қаржысы жоқтығын ашық баяндадық. Мәселен, сол кезде Ақжайықтағы Жамбыл, Жәнібектегі Ақоба, Қазталовтағы Талдықұдық ауылдарының әлеуеті төмен еді», – дейді Абат Қадимұлы.

Өңірдегі кадр саясатын қалыптастыруға Абат Қадимұлының ықпалы аз болған жоқ. Есенғалиевтің шекпенінен шыққан, ел білетін азаматтардың біразы бүгінде басшылық қызметте жүр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Салауат Нұрғалиев, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің БҚО-дағы аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов, Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбековтің және басқа да азаматтардың мансаптық өрлеу жолдарында кейіпкеріміздің қолтаңбасы жатыр. Абат Есенғалиев жергілікті маман кіндік қаны тамған өлке жұртшылығы алдында жауапкершілігі зор болатынын ерте түйсінетінін айтты.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Рахметолла СҮЙЕРБАЕВ, еңбек ардагері:

– 1984-1988 жылдары Қазталов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқардым. Қазталовта еңбек еткен кезінде Абат Қадимұлы іскерлік қабілетімен бірден көзге түсті. 1983-86 жылдары “Бостандық” кеңшарын басқарды. Кеңшарда тұқым қоймасы, көпір, медпункт салынды. Іскер азаматтың болашағына сенім артып,  қолдау білдірдік. 1986 жылы Ақжайық аудандық агроөндірістік комитетінің төрағасы болды. Бірнеше жылдан кейін екеуміз еліміздің Жоғары кеңесінің депутаты болып сайландық. Мен Бөрлі, ол Қазталов ауданы атынан сайлауға түсті. Абат Есенғалиев өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарын қалпына келтіруге зор үлес қосты. Мәселен, сүт өндірумен айналысатын ірі шаруашылықтардың негізі қалануына ықпал етті.

Тұяқбай РЫСБЕКОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Біраз жыл басшы-лық қызметте болған Абат Есенғалиев – жарқын да жайдары мінезді, мәдениетті, жаны жайсаң, мәрт көңіл, адал, бекзат болмыс иесі. Тектілігі сөйлеген сөзінен, ісінен, тіпті, жүріс-тұрысынан аңғарылып тұрады. Абат Қадимұлы бес жыл бойы Орынбор қаласындағы Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының (ВИМС) аспирантурасында сырттай оқып, 1994 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атағын қорғады. Замандасым туралы «Егемен ел үшін еңбек еткен ерлер» кітабымда кеңінен жазғанмын. Абат Қадимұлы – «мен істедім» деп кеуде кермейтін, іскерлігі мен адамгершілігін көпшілік жоға-ры бағалайтын азамат.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар