27.12.2017, 18:43
Қараулар: 207
Ақын рухына құрмет

Ақын рухына құрмет


Кеше Орал қаласында қазақтың ақиық ақыны Қайрат Жұмағалиевке арналған ескерткіш тақта ашылды.


Ақын өмірінің соңғы жылдарында қызмет еткен «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратының қабырғасына ілінген ескерткіш тақтаны халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева және Қайрат Жұмағалиевтің жары София Нығметоллақызы салтанатты түрде ашты.

Шараға Жайық өңірінің аға буын қаламгерлері, ақынның көзін көре қалған замандастары мен әріптестері жиылды.

– Ақынның туған жерге оралуы, туған жер топырағының қасиеті, «Туған жердің бір уыс топырағы бұйырсын» деген ата-бабадан жалғасқан арман – Қайрат Жұмағалиевтің өмір жолының бәрі өздеріңізге белгілі. Еріктен тыс полигон жасалып, Хан орданың ойрандалуы, кешегі қазақ жастарының, қазақ ұрпағының, анасының сонау Ақтабан шұбырындыдан кейінгі тағы бір қасіретті көші сіз бен біздің көз алдымызда өтті. Соның бәрін ескеріп, тарихқа тағзым етіп, туған жер топырағын және ананы қастерлеген ақынға арналған шараны ұйымдастырып отырған біздің өскелең ұрпаққа, ұлттың жас азаматтарына өз атымнан шексіз алғысымды білдіріп, «Рахмет сіздерге, балаларым, рахмет сіздерге, жас ұрпақ!» дегім келеді. Әулиедей болып өткен алдыңғы ұрпаққа тағзым бүгінгі рухани жаңғырудың, Елбасы саясатының тағы бір көрінісі. Туған жер тебіренткен, туған жерін жырлаған, туған жерге қызмет еткен ұлдың есімі өшпейтініне тағы бір куә болып отырмыз, – деп тебіренді ақын Ақұштап Бақтыгереева.

Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің студенттері Қайрат Жұмағалиевтің анаға, ана тіліне деген кіршіксіз махаббатынан туған жалынды жырларын жатқа оқыды. Бөкей ордасынан түлеп ұшқан жазушы Сара Латиева, ескерткіш тақтаның ашылуына бастамашы болған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретденов жүрекжарды лебіздерімен бөлісті. Ақынның жары София Нығметоллақызы бастамашы азаматтарға, шараға қатысушыларға зор алғысын жеткізді.

Облыстық филармонияның әншісі Мәди Сабыров ақын Қайрат Жұмағалиевтің сөзіне жазылған Марат Омаровтың «Анашым» әнін шырқады.

Салтанатты шара «Жайық Пресс» ЖШС-ның конференция залында, ақынның жары София ана жайған қазақы дастархан басында жалғасты. «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин жүргізген бұл жиында ақын рухына құран бағышталып, тағылымды естеліктер айтылды. Жиылған көпшілік экраннан Қайрат Жұмағалиевтің көзі тірісінде «Жайық Пресс» медиахолдингінің қызметкерлеріне берген әсерлі сұхбаттарын тамашалады. Шараға қатысушылардың бәріне Қайрат Жұмағалиевтің «Кие» атты таңдамалы өлеңдер жинағы сыйға тартылды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар