Компаниямен тығыз қарым-қатынас орнаған

Күні , 64 рет оқылды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 2017 жылы облыста атқарылған жұмыстар айтылды.


«Биылдан бастап «Самұрық-Қазына» компаниясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарудамыз. Облыстық басшылық пен аталмыш компания арасындағы меморандумға сәйкес бірқатар шаралар қолға алынды. Жаз айларында «Samruk-Kazyna Trust» қорымен бірлесе отырып 500 миллион теңгеге жуық қаражат тартып, қаланың инфрақұрылымы бойынша үлкен жобалар іске асырылды. Көп функционалды жеті ойын және спорт алаңы салынды. Ең бастысы бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады. Компаниямен алдағы жылдарда да бірлесіп жұмыстанатын боламыз», – деді Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының оператор болуымен өңірімізде облыс әкімдігінің қолдауымен үш жоба жүзеге асырылуда. “Самұрық-Қазына” АҚ Қазақстандағы үлкен 15 ұлттық компанияны топтастырған ірі холдинг екенін атап өткен «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі, басқарушы директоры Лима Диас қор 2016 жылы «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасын бастады деді.

Холдингте барлығы 340 мың адам еңбек ететін болса, біздің өңірде холдингтің 5600 қызмет-кері жұмыс істейді. Мыңдаған тұрғынды жұмыспен қамтып отырған холдинг олардың өмір сапасының жақсы болуын да басты назарда ұстап, стратегиялық бағыттарының бірін қалалардың инфрақұрылымын дамытуға арнаған. Бағдарлама «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қатысатын тоғыз өңірде іске қосылады. Қазіргі таңда «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы Павлодар, Маңғыстау, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан мен біздің облыста жұмыс жүруде.

Жастар және оқушылар сарайында облыс әкімі Алтай Көлгіновтың қатысуымен орта білім беру ұйымдары арасында өткен «Биіктерге бірге!» үздік спорттық жоба байқауының жеңімпаздары марапатталды. Мәселен, «Жалпы орта білім беретін мектептерді спорт жабдықтарымен қамтамасыз ету» бағдарламасы шеңберінде облыстағы 20 мектеп «Биіктерге бірге!» байқауының нәтижесінде жаңа спорттық жабдықтармен қамтылған. Бұл мақсатқа 85 млн. 698 мың теңге жұмсалған. Бөкей ордасы ауданындағы М. Мәметова атындағы ЖОББМ, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласындағы №4 мектеп, Зеленов ауданындағы Дариян ЖОББМ мектебі бастаған 17 білім ошағы да спорттық құралдар алуға мүмкіндік беретін сертификаттарға ие болды. «Елбасының біздің алдымызға қойған үлкен міндеті бар. Ол – бұқаралық спортты дамыту. Яғни әрбір жас азаматтың арманы орындалу үшін ең бірінші дені сау болуы керек. Денсаулық болу үшін спортпен айналысу қажет. Бұқаралық спортты дамыту бағытында мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Спорттық инфрақұрылымды дамытуға «SamrukKazyna Trust» мекемесі үлкен қолдау көрсетті», – деген Алтай Сейдірұлы компания басшылығына ризашылығын білдірді.

Құшақтары гүлге толып, марапатқа марқайған ұстаздар қауымының жүзінен қуаныш табы анық байқалды. «Тәуелсіздік күні мерекесі алдында зор қуанышқа кенеліп отырмыз. Оқушылар, ата-аналар мен мектеп ұжымы атынан ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Бұл мектептер үшін үлкен көмек. Әлеуметтік жоба болған соң, балалар бұл марапатқа өздерінің еңбектерімен, жетістіктерімен қол жеткізіп отыр. Спорттық құрал-жабдықтардың түрі көп екен. Өте ризамыз. Ұжым болып әрімен қарай биіктерді бағындыра беретінімізге сенімдімін», – деп қуанышымен бөлісті Трекин ЖОББ қазақ мектебінің директоры Нұрсәуле Талипова. Ал Алтай Сейдірұлы осы білім мен тәрбие нысанының спорт залындағы жаңа құрылғылармен арнайы танысып шықты.

«Түзету мектептеріне және интернаттарға қажетті жабдықтар» жобасы бойынша облыстағы үш түзету мектебі 22 млн. 982 мың теңгенің жаңа құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған. Жеке тоқталар болсақ, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатына 8 млн. 975 мың теңгеге, ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатына құны 6 млн. 538 мың теңге болатын және облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернат кешеніне 7 млн. 468 мың теңгеге заманауи үлгідегі жабдықтар алынған. Журналистер пресс-тур барысында «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдерімен бірге ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатына барып, оның тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда 336 бала тәрбиеленуде. 137 педагог жұмыс жасайды. Жаңадан алынған жабдықтардың барлығының да бала тілінің, ой-өрісінің, дене бітімінің дұрыс қалыптасып, дамуына ерекше көмегі бар. Сондай-ақ облыста «Менің елім» жобасы аясында «Дара» қайырымдылық қорымен бірге жалпы сомасы 15 млн. 500 мың теңгеге психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылған. Қажет болған жағдайда кез келген ерекше бала немесе оның ата-анасы жоғары білікті дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, массажист, тифлопедагог мамандардан кешенді жәрдем ала алады. Орал қаласында ерекше білім беруді талап ететін екі мыңнан аса бала тұратын болса, олардың 800-ден астамы мүмкіндігі шектеулі жан. Жыл сайын орталықта дамуында ауытқуы бар 150 балаға және олардың ата-аналарына тегін қызмет көрсетілетін болады.

«Ойын және спорттық алаңдарын орнату» бағдарламасы аясында Орал қаласында жалпы сомасы 379 млн. 785 мың теңгеге жеті спорттық және ойын алаңы салынған. Бес спорт және ойын алаңы Орал қаласында болса, екеуі Зашаған елді мекенінде орналасқан. Пресс-тур барысында №13 ЖОББ мектепте жаңа спорт және ойын алаңы ашылды. Салтанатты шараға Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері Нұрлан Оразалиев пен Лима Диас қатысты. Көпбейінді алаңдарды ұқыпты ұстау қажет деп атап өткен Мұрат Мұқаев қала халқы атынан компания өкілдеріне алғыс білдірді. Спорт алаңының лентасы қиылып, балалар жаңа алаңдағы алғашқы ойындарын бастап кетті.

Ясипа РАБАЕВА,

 «Орал өңірі»


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика