Қоныстой көбеюде!

Күні , 84 рет оқылды

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жымпиты ауылынан салынған 14 бір пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.


Салтанатты шараға қатысқан Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, үйлердің құрылысын жүргізген мердігер, «Сәтті сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәбит Рахметов тұрғындарды қоныстоймен құттықтады. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиевтің берген мәліметіне сүйенсек, жаңа тұрғын үй кезектілік тәртібі бойынша халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын бес адамға, қамқоршысынан айырылған балалардың санатындағы екі адамға, тұрғын үйлері апатты деп танылған екі азамат пен мемлекеттік және бюджеттік саланың екі қызметкеріне берілген. Жаңа тұрғын үйдің иелеріне кілтті аудан басшысы Төлеген Төреғалиев салтанатты түрде тапсырды.

Жаңа тұрғын үй иелері атынан «Алтын алқа» иегері Гүлсім Кенбаева сөз сөйледі.

Айта кетейік, құны 134 млн. теңгені құрайтын бұл жобаның құрылысы осы жылдың шілде айында басталған еді. Мердігерлер жұмыстарын мерзімінен бұрын әрі сапалы аяқтап отыр. Тұрғын үйдің әрбіріне инженерлік-коммуникациялық желілер толық жеткізілген. Бір пәтердің жалпы ауданы 85, 5 шаршы метрді құрайды.

Нұртай КЕНЖЕБАЕВ,

жаңа тұрғын үйдің иесі:

– Өзім ата-ананың қамқорлығынан ерте қалғандардың бірімін. Қолдау болмаса, жалғыз адамға аяққа тұрып кету қиын екен. Бүгін мемлекеттің қолдауымен өзімнің жеке тұрғын үйіме қолым жеткеніне өте қуаныштымын.

Менің тұрғын үйім осыдан 9 жыл бұрын апатты жағдайда деп танылып еді. Бұл күнді, өзімнің шаңырағымның кілтін қолыма алатын сәтті көп армандадым. Адамға әуелі баспана керек. Аллаға шүкір, бүгіннен бастап мен де баспаналы жанмын. Бүгіннен бастап қалған арман-мақсатымды жүзеге асыруға толық мүмкіндігім пайда болды деп ойлаймын.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

* * *

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Бөкей ордасы ауданының орталығы – Сайқын ауылында көп пәтерлі үйдің кілті иелеріне табыс етілді.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов тұрғындарды баспанамен қамту ісі жолға қойылғанымен әлі де мұқтаж жандар барын тілге тиек етіп, осы күрделі мәселені шешу бағытында жергілікті бюджеттен 8 млн. теңге қаржы бөлініп, Қ. Сағырбаев көшесіндегі бос ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілгенін жеткізді. Жаңа пәтер иелерін қоныстойымен құттықтады.

Лашығынан аяғы шығып жатса да, «Өз үйім – кең сарайлы боз үйім» деп Жиренше шешен айтпақшы, баспана кілтін қолдарына алғандардың атынан сөйлеген Әлия Қабиева егемен еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне орай тарту етілген тұрғын үй үшін алғысын білдіріп, бұл да Елбасымыздың сарабдал саясатының бір көрінісі екендігіне тоқталды. Қош келдің айтып, қуанышпен бөліскен қоныс иелері жиналғандарға шаңырақтарынан дастарқан жайып, қазақы дәстүрмен ақ пен наннан дәм таттырды.

Жылыту жүйесі жүргізіліп, табиғи газға, орталықтандырылған су құбырына қосылған, бір сөзбен айтқанда, барлық инфрақұрылым жүйесімен қамтылған бұл нысанға жөндеуді жергілікті мердігер Қуаныш Шәріпқалиев бастаған құрылысшылар жүргізіпті.

Айта кетелік, бүгінгі таңда аудан бойынша 187 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Жыл басынан бір пәтерлік 10, 4 және 6 пәтерлік үймен 20 отбасы қамтылды.

Бүгінгі қоныстойдан кейін олардың саны 28-ге жетті.

Раушан БАҚЫТОВА,

Бөкей ордасы ауданы


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика