Зейнетақы жүйесін қандай өзгерістер күтіп тұр?..

Күні , 202 рет оқылды

Міне, жыл аяқтала келді. Ал жаңа жылда көп адамды зейнетақы жүйесіндегі тың өзгерістер күтеді. Олар қандай? Бұл туралы таяуда мемлекеттік Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) облыстық бөлімшесінде өткен баспасөз мәслихатында оның директоры Қайрат Ихсанов, директордың орынбасары Гүлмира Рәшева және бас маманы Шара Қалыбековалар әңгімелеп берді.


– 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы ұлғайып, базалық зейнетақыны есептеуге байланысты өзгерістер күшіне енеді. Яғни базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі және зейнетақы жарнасын төлеумен расталатын 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі де ескерілмек. Бұдан басқа БЖЗҚ қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі де өзгереді. Сонымен, 2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген, ҚР зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, зейнеткерлік жасқа толуына және І, ІІ топтардағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу барысында аталмыш жинақтың бүкіл ақшасын біржола беруді тоқтату жоспарланған. Енді жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинағының мөлшері ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, аталмыш ақша алушыға БЖЗҚ-дан бір рет толығымен беріледі. Ал егер алушы зейнетақы төлемін алу үшін қорға жүгінген күні оның жинағының мөлшері ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен асса, онда қордан төленетін зейнетақы тек ай сайын ғана берілмек. Ал ең төмен зейнетақы қоры жоғарыда көрсетілген шектен аспаса, оны толығымен алуға мүмкіндік бар. Аталмыш мөлшер келесі жылы 404940 теңгені құрайды, – деді Қайрат Ибрагимұлы БАҚ өкілдеріне.

Оның айтуынша, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы төлемнің мөлшері Үкімет қаулысымен бекітілген, зейнетақы төлемнің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде (12,1) айқындалады. Бірақ ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан кем болмайды.

– Келер жылдың 1 шілдесінен бастап, мемлекеттік бюджеттен базалық зейнетақы жалпы еңбек және жинақтаушының зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, тағайындалады. Яғни базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Бүгінгі базалық зейнетақы 14466 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысынан сәл жоғары). Сонымен, зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. Он жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері екі пайызға өсіп отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына теңестіріліп, әрі қарай өсірілмейді. 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе ол алты айдан төмен болса, аталмыш адамдарға ортақ зейнетақы төленбейді. Жаңа өзгеріс бойынша алдағы жылы зейнетке шығатындар айына екі жерден, яғни мемлекеттік бюджеттен және салымшының жеке зейнетақы қорынан өзіне тиесілі үлесін алатын болады. Басты мақсат – салымшыларды тұрақты түрде ай сайын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету, – деді Гүлмира Серікқызы.

Әрі қарай ол әр салымшыға өтініш жасаған күннен бастап, қордағы үлесі таусылғанша, ай сайын төлем беріліп тұратынын айтты. Сонымен қатар барлық салымшыны зейнеткерлікке жасы келгенде, қорға тап сол күні жолығып, өзінің заңды құқығын жедел жүзеге асыруға шақырды. Биыл БЖЗҚ облыстық бөлімшесі 2017 жылдың 30 және 31 желтоқсан күндері таңғы 9-дан түскі сағат 1-ге дейін жұмыс істейді. Себебі – БЖЗҚ-дан төлем алу құқығы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін туындаған немесе туындайтын салымшының осы төлемді рәсімдеу құқығын жүзеге асыру.

– Өкініштісі сол, шетелге, көбіне Ресейге кететін салымшылардың іс-әрекетінен қиындықтар болып жатады. Шетелге шығатындар бірінші кезекте көші-қон жөніндегі полицияға жолығып, содан кейін бізге келіп, есеп айырысуы керек. Алайда кейбіреулер оны ескермейді. Нәтижесінде дау-дамай туады. Себебі біз бұған қатысты белгіленген мемлекет заңдылығының шеңберінен шықпаймыз. Соның салдарынан кейде соттасатын да кез болады. Бірақ заң шеңберінен шықпағандықтан, сот бізді жақтап шығады. Ең дұрысы – жанжалдасуға бармау, – деді Гүлмира Серікқызы.

Баспасөз мәслихатының соңында сұрақтарға жауап берілді.

Серік ИХСАНҒАЛИ


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика