8.12.2017, 23:59
Қараулар: 209
«Тау баласының» тұсауы кесілді

«Тау баласының» тұсауы кесілді

Теректіде тамаша бір кеш өтті. Онда өлең сүйер оқырман өзінің елеңдеп күтіп жүретін жас ақынымен кездесті.


Жас ақын деп отырғанымыз, Әділет Орынбасаров. Оның есімі жамағатқа тек аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі ғана емес, сонымен қатар ақын, халық театрының белсенді мүшесі ретінде мәлім.

Әділет Атырау облысының Индербор кентінде дүниеге келген.

Оралдың М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Бала кезінен өлең өрнектеуді жаны сүйеді. Талай рет республикалық, облыстық, қалалық түрлі байқауларда есімі ерекше аталды.

Осы күні кеше Теректі аудандық мәдениет үйінде сөзіміздің басында айтқан кеште оның «Тау баласы» атты кітабының тұсаукесері болды.

«Тау баласының» алғы сөзінде «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин: – Біреулер «Қырдың баласымын» десе, жазиралы кең даланы мақтан еткені. Сондықтан Әділеттің «Тау баласымын» деп, қия шыңдарға құлаш сермеуі өзіне қойған талаптың деңгейі болар. Қайта жастарға таудай биікке ұмтылу, соған сай боламын деп талпыну жарасады. Дәл осы талпыныс Әділеттің бойынан анық аңғарылады. Ол – адал жүруді, әділ болуды қалайтын, осыны өзінен ғана емес, өзгелерден де талап ететін, шыншыл, сыншыл, сыршыл ақын» деп Әділеттің өлеңдегі жолы даңғыл болуына ақжарма тілегін арнаған.

Ал «Таңдайдан жыр төгілсе, арман бар ма?!» деп тамсанып тілек жазған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ: – Автор тырнақалды туындысының атын «Тау баласы» деп тегін қоймаған шығар. Оны «Мен таулықпын!» деген өлеңінің өн бойынан сезінуге болады.

Тау естіді іңгәлаған даусымды,

Сонда өткіздім мамыражай маусымды.

Тау сынды ешкім мені тыңдай алмаған,

Ешкім мені түсінбеген тау сынды, – дей келіп,

Маңғаз таулар жүрегіме үңілді,

Сүйеді екем аспан мен жел, гүліңді.

Алып Анам!

Құшағыңа құлаймын,

Тәркі етумен күйбеңімді бүгінгі, – деп түйіндесе, оған иланасың. Тау баласын түсінбейтіндер де болар. Ең бастысы, өлеңінде өтірік айтпайды. Жырларынан қазақ баласының өршілдігін, намысқойлығын айқын сезінесің, – дей келе, жас ақынның келешегіне сеніп, өлең көшінің көрікті болуын тілейді.

Әділеттің осы қасиетін айрықша бағалайтын ақын аға-інілері, бауырлары, достары, оқырмандары жыр жинақтың тұсаукесеріне арнайы келіп игі лебіздерін білдірді.

Айтыскер ақын Бауыржан Ширмедин жүргізген шара барысында кеш кейіпкерінің өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.

Жыр кешінде аталмыш кітап ата-әжесіне арналғандығын жеткізген Әділет Әлібекұлы бұл кітаптың «дүниеге келуіне» септігін тигізген аудан басшылығына және Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Мәулет Жұбатовқа зор ризашылығын жасырмады.

Самал ЖАМЕТ,

Орал қаласы