7.12.2017, 1:13
Қараулар: 962
Бөкей ордасы тарихи-музей кешені

Бөкей ордасы тарихи-музей кешені


Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылы Батыс Қазақстандағы Бөкей мен Жәңгір хандардан бастау алатын, өзінің бай тарихымен ерекшеленетін елді мекен екендігі мәлім. Бөкей ордасы тарихи-музей кешені осында орналасқан.


Бөкей сұлтан І Павел патшаның 1801 жылғы 11 наурыздағы жарлығы негізінде Еділ мен Жайық өзендерінің аралығына көшсе, оның ұлы Жәңгір хан 1826 жылы Хан ордасының негізін қалады. 1828 жылы Жәңгір хан өз сарайының бір бөлмесіне қару-жарақ палатасын ұйымдастырып, музей ісін алғаш қолға алды. Ал Орда музейін 1962 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Ахметфайыз Тажетдинов осы өңірде өткен тарихи оқиғаларға қатысты жинақтаған 55 экспонатымен қоғамдық негізде ашты.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев киелі Орда топырағына екі мәрте аяқ басып, 1997 жылы келгенінде музейдің тілек және пікір кітабына «Өз жерінің, елінің тарихын, атақты азаматтарын құрметтей білу деген – халық сана-сезімінің өсуіне себеп болмақ» – деп, осындай тарихы бай мекенді республикаға, шетелдерге таныту қажеттігін айтып, бірнеше тапсырма жүктеген болатын. Соның нәтижесінде бір ғана музей Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніне дейін жетіп, құрамындағы 19-ғасырдың ғимараттары қайта жаңғыртылып, төртеуінде музей жасақталды. Бөкей ордасы тарихы музейі, Тәуелсіздік музейі, Хан сарайындағы қару-жарақ палатасы музейі, Бөкей ордасында халыққа білім беру және тұңғыш қазақ баспаханасы музейлерінен басқа кешеннің құрамындағы Ордадағы тұңғыш штаттық дәрігер А. Сергачев үйі, Тарғын мектебі, Ордада болған мектеп қалашығының үйлері де қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін қызмет етіп келеді. Сәйкесінше музей кешенінің қоры толығып, жәдігер саны 16 мыңнан асты.

«Бөкей ордасы – тұңғыштар мекені» деп тегін аталмаған. Мұны қазынашылық ғимаратында орын тепкен Бөкей ордасы тарихы музейінен көруге болады. Мұнда 1801 жылы Бөкейдің Еділ-Жайық аралығына қоныстанған кезінен бастап, Жәңгірдің ел басқару кезеңіндегі Ішкі Қазақ ордасындағы бірінші реформалар, жәрмеңкенің ұйымдастырылуы, 1841 жылы ашылған Қазақстандағы тұңғыш мектеп, медицина саласының дамуы, алғашқы пошта-телеграф, орман шаруашылығы, қазынашылық мекемесінің қызметі көрініс тапқан. Сол секілді 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлтазаттық көтерілісіне қатысты құжаттар, оған қатысқан Арен Шотұлының қанжары, Шыналы Байтілеуұлының найзасы мен есімі белгісіз жауынгер жарағы, Бөкей ордасына келген орыс және шетел зерттеушілері, елі үшін қызмет еткен Шоқанмен тұстас ғалым-этнограф Мұхаммед-Салық Бабажанов, ақындар Шәңгерей Бөкеев пен Ғұмар Қараш, әкім Мақаш Бекмұхамедов, күйші-композиторлар Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Дина сынды бөкейліктен шыққан атақты адамдар туралы деректер мен жәдігерлерді молынан кездестіруге болады. Бөкей ордасы – 100-ден астам ғалым-зерттеушілердің (олардың жиырмадан астамы – академик), үш Кеңес одағының батыры, бір Халық қаһарманы, 25 Социалистік Еңбек Ері, тұңғыш генералдар Ғұбайдолла Жәңгіров, Шәкір Жексенбаев, алты алашқа танымал өнер қайраткерлері мен ақын-жазушылардың, медицина және басқа сала майталмандарының отаны.

Кешенде туристердің қызығушылығын туғызатын нысандардың бірі – 19-ғасырда салынған Жәңгір ханның сарайы. Бұл ғимараттың қазірге дейін сақталған шығыс бөлігінде «Хан сарайының қару-жарақ палатасы» музейі орналасса, орталық бөлігі тарихи зерттеулер мен Хан сарайын көрген саяхатшылардың сипаттамалары бойынша 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде қайта тұрғызылды. Алдағы уақытта «Хан сарайы» мемориалдық музейін жасақтау ойластырылуда.

2010 жылы мектеп қалашығының үйлері сатып алынып, кешен аумағы кеңейтілді. Болашақта қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, мемлекет қайраткері Сейтқали Меңдешевтің, қазақ қыздары арасынан шыққан қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның, өлкетанушы-ұстаз Ахметфайыз Тажетдиновтың мемориалдық музейін, табиғат музейін жасақтау жоспарда. Кешен негізінде алғашқы облыстық тарихи-мәдени этнографиялық «Бөкей орда» музей қорығын жасақтап, оны мәдени-ағарту орталығына айналдыру көзделуде. Себебі осы өлкеде ХІХ ғасырдан сақталған тарихи нысандар әлемдік мәдени туризм орталығы болуға әбден лайық.

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 4 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы» туралы  №939 Жарлығы негізінде Бөкей ордасы тарихи-музей кешені Батыс аймақтағы «Каспий қақпасы» кластеріне, сондай-ақ 2017 жылы «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қонақтары мен қатысушыларына арналған туристік маршруттар тізбесіне енгізілді.

«Ашық аспан астындағы музей» атанған кешен құрамында күні бүгін он үш ғимарат және Жәңгір хан, күйші-композитор Дәулеткерей, ғалым-этнограф М-С. Бабажановтардың кесенелерінен тұратын пантеон бар. «Хан қорымындағы» 500-ден астам көне құлпытасты зерттеп, кітапқа енгізу жоспарлануда.

Музейге 1970-1978 жылдары Шарап Сиранов, 1978-2010 жылдары Темірболат Махимов басшылық етті. Қазіргі директоры – Ғайса Махимов.

Елжан ЕРАЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар