7.12.2017, 1:11
Қараулар: 710
Жымпиты – «Алаш арыстары» үйі

Жымпиты – «Алаш арыстары» үйі


Қазіргі Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылы – Алашорданың батыс бөлімінің астанасы.


Кезінде Алашорда үкіметі орналасқан орыс саудагері Таракановтың үйі тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі болып табылады. Бұл ғимарат 1867 жылдары салынған, екі қабатты ағаш үй, қабырғасы саман тастан тұрғызылып, сыртқы қабаты тақтаймен қапталған. Жалпы ауданы – 76 шаршы метр.

Орыс саудагері осы ғимараттан кейін 1890 жылдың аяғында астық тартатын механикалық диірмен салады. Онда сөктен бастап ең қымбат сапалы астық тартып, Орынбор, Оралға дейін жеткізіп сатқан.

1917 жылы шілде айында Алаш партиясы құрылды. Осы ғимаратта «Алашорда» үкіметі орналасты. Үкімет басшысы болып Жаһанша Досмұхамедов, орынбасары болып Халел Досмұхамедов сайланды. Сондай-ақ бұл жерге Бақытжан Қаратаев, Бақтығали Бейсенов, Дәулетше Күсепқалиев, атақты Сырым Датұлының шөбересі Салық Омаров, Ғұбайдолла Әлібеков, Қалдыбай Асанов, Бижан Жанқадамов, Кәрім Жәленов, Молдағали Жолдыбаев, Ахмет Мәметов, Қуанай Қосдәулетов секілді Алаш арыстарының табаны тиген.

1920 жылы ғимаратқа Жымпиты уездік партия комитеті орналасқан. 1925 жылы ғимарат аудандық партия комитетіне берілген. 1967 жылы ғимаратта әскери комиссариат орын теуіп, 1994 жылға дейін жұмысын жалғастырған. Одан кейін мұнда аудандық ветеринарлық станса, 2001-2004 жылдары Сырым аудандық балалар музыка мектебі мекендеді. 2005 жылдан бастап тарихи ғимарат аудандық мәдениет үйінің қарамағына алынып, 2007 жылға дейін мәдениет үйінің бухгалтериясы орналасты. 2007 жылы атақты батыр, би, сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем Сырым Датұлының 265 жылдығына орай ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, баба музейі ретінде ашылды. 2012 жылы Алаш қайраткерлерінің жұмыс жасаған орны болғандықтан, Алаш тарихына байланысты арнайы көрмелер жасақталып, залдар ашылды. Ресми атауы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі болса да, оны халық «Алаш музейі» деп атап кетті. Келген қонақтар да «Алаш музейін көрейік» деп айтып жатады.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сырым Датұлының 275 жылдығы, Алашорда үкіметі мен партиясының 100 жылдығы және заңгер, Батыс Алашорда басшысы Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығына орай 2017 жылы тарихи ғимаратқа жаңарту жұмыстары жүргізілді. Музей меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, төрт бірдей зал жаңғыртылып, жаңа жәдігерлермен толықтырылды. Негізгі зал Батыс Алашорда үкіметінің жетекшілері, халық «екі дос» деп атаған Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовтің жұмыс бөлмесінен тұрады. Бұл бөлмені белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» романында шебер суреттейді. Музей бөлмесі соған сәйкестендіріліп, жасақталған. Жаңа жәдігерлер деп – Жаһанша Досмұхамедовтің зайыбы Ольга Константиновнаның қайын сіңлісі Қанипа Шәріпқызына 1964 жылы сыйлаған кілемін, сондай-ақ Жымпитыдағы Алаш қайраткерлерінің жиыны өткен трактирдің иесі Иван Федяниннің скрипкасын айтуға болады. Музейдің тө-менгі қабатында ХХ ғасыр басындағы тұрмыстық бөлме мен сол кездің ақсүйектерінің бөлмесі орналасқан. Сондай-ақ ХХ ғасырдың басында қолданыста болған пәуескенің көшірмесі жасалып, музей ауласына қойылды. Музейдегі құнды жәдігерлердің бірі – вена орындығы. Мұндай жиһаз жасаудың негізін ХІХ ғасырдың ортасында веналық шебер Михаэль Тонеттің қалағаны белгілі. Музейде бұл екі орындық әуелден болған. Оның мұнда әкелуіне байланысты екі түрлі жорамал бар. Біріншіден, орындықтарды осы ғимараттың иесі болған орыс саудагерінің сатып алуы мүмкін. Екіншіден, бұларды ғимаратты кеңсе қылған Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі арнайы тапсырыспен Ресейден алдыруы ықтимал. Мұның себебі, Алаш зиялылары еуропаша киініп, сол үлгідегі бұйымдарды тұтынды. Бұл олардың суреттерінен айқын аңғарылады.

Тарихи ғимаратқа аяқ басқандар сол кезеңді еске түсіреді. Өйткені 1917 жылы «Азаттық жасасын!» деп жасыл ту тігіп, Алаш арыстарының анттасқан жері осы. Жымпитыдағы Алаш арыстары үйін қазақ тәуелсіздігінің бас тарихи ғимараты деп есептеуге болады. Себебі жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың мәліметінше, Семейдегі, Торғайдағы осындай тарихи үйлер жойылып кетті. Сақталғаны – Жымпитыдағы ғимарат қана. Сондықтан тарихи үйдің қайта жандануының маңызы ерекше. Оған қазақ азаттығының қағбасы ретінде кейінгі ұрпақ та тәу ететін болады.

Жалпы, Жымпиты ауылында Алаш қайраткерлерінің ізі сайрап жатыр.  Мысалы, ауылда Алаш саябағы да бар, онда Алаш арыстарының бейнелері көрініс тауып, ескерткіш орнатылған.

Алаш қайраткерлерінің барлығы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылды, айдалды. Алашорда көсемдерінің бірі Ж. Досмұхамедов 1938 жылы 3 тамыз күні атылып, Мәскеудегі Бутов полигонында жерленді.

Айта кетейік, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің бес мыңға жуық қоры бар. Онда келушілерге Сырым заманы мен тарихы, бес қару топтамасы, этнография, археология, табиғат және экология, мәдениет пен өнер, ардагерлер мен Алаш залдары қызмет көрсетеді. Сырым дәуірінен қалған жәдігер болмағанымен, Ресейдің мұрағат құжаттары мен түпнұсқа негізінде жасалған құнды, күміспен күптелген қару-жарақ, ат әбзелдері бар.

Музей алдағы уақытта да жәдігерлермен толықтырылатын болады.

Сырым батырдың музейі, Алаш арыстарының үйі деп іздеп келушілер саны жыл санап артып келеді.

Ғалым АЯН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар