7.12.2017, 0:05
Қараулар: 371
Аспан аясындағы музей-шаһар

Аспан аясындағы музей-шаһар


Біз  күні  кешеге  дейін  Жайық бойындағы  ортағасырлық  Сарайшық  қаласын  ғана  біліп келдік. Алайда  Ұлы Жібек  жолы  бойындағы қалаларды зерттеп, Алтын орда кезеңіндегі сауда-саттық  қатынасты  ескерсек, әрі  XVII-XVIII ғасырлардағы орыс ғалымдарының жазба деректеріне жүгінсек, Сарайшық – Ақ  Жайық  атырабындағы  жалғыз шаһар  деген  ғылыми тұжырым  қисынға  келмейді.


2002 жылы құрылған Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы бұл мәселенің түйінін шешті. Жайық бойындағы көне қалаларды зерттеу мақсатында мақала авторының төрағалығымен 2002 жылы кешенді археологиялық экспедиция жасағы құрылған болатын. Бұл – Қазақстан тарихы үшін өте маңызды мәселе. Еділ бойында бірнеше қаланың болғаны тарихшыларға белгілі. Ал XVIII-XV ғасырлардағы Жайық бойындағы қалалар туралы деректер сол кезеңнің карталарында, еуропалық және шығыс саяхатшыларының жазба деректерінде ғана келтірілді. Алайда бүгінге дейін аталмыш деректер нақты археологиялық-тарихи ақпарат бере алмады.

Жайық өңіріндегі су қорының молдығы және табиғаты  отырықшы шаруашылық жүргізу үшін өте қолайлы болды. Батыс Қазақстан облысы аумағынан табылған көптеген қорған-обалар бұл жерде адамдардың ертеден бері мекен еткенін және негізінен көшпенді мал шаруашылығымен айналысқанын айғақтайды. Сол кезден қалған жазба деректерді зерттей келе, Ұлы Жібек жолының осы бағыт арқылы өткендігі де дәлелденді. Ал ұлы сауда керуені өтетін жерде тұрақты тауар саудалайтын орталық болуы қажет. Оның үстіне дала тұрғындары Жібек жолының тауарларының негізгі тұтынушылары болған. Көшпенді тұрмыс дала мен қала мәдениетін байланыстырып, жаңа өркениеттің дамуына әсер етті. Сондықтан көшпенді мал шаруашылығымен айналысқан халықтың қыстап шығатын және сауда-саттықпен айналысатын тұрақты мекендері болуы керек.

Археологиялық ескерткіштерге мән берсек, біздің заманымызға дейінгі алғашқы мыңжылдықта бұл аймақта сармат, ғұн және түрік тайпалары көшпенді мәдениеттің негізін қалағанын аңғарамыз. Ал ортағасырлық кезеңдегі тұрмыс-тіршілік жағдайы мүлдем өзгерген. Ескерткіштер көлемінің бірден азайғанын байқауға болады. Мұның себебі жаңа дәстүрлер мен жаңаша жерлеу рәсімін енгізген ислам дінінің келуінде. Зерттеушілер көп уақытқа дейін ортағасырлық ескерткіштердің қалдығын таба алмай келді. Сондықтан Кеңес дәуіріндегі тарихи тұжырымдамаларда Жайық өзенінің жағалауы иесіз, бос болғандығы айтылады. Зерттеушілер көшпенді мал шаруашылығымен айналысудың қыр-сырын ұқпағандықтан осындай теріс ғылыми көзқарасқа ұрынды. Жылдың әр мезгілінде қолайлы жерді мекендеген көшпенділер көктем мен жаз мезгілінде облысымыздың солтүстік өңірінде тұрақтаған. Қорғандардың басым бөлігі де аталған аумақтан көптеп табылды.  Ал суық мезгілдерде оңтүстікке қарай көшкен. Бұл үрдіс ХХ ғасырдың басына дейін сақталып келді. Ислам дінін тарату және мал шаруашылығымен айналысу мақсатында халық көшпенді өмір сүргендіктен, бұл өңірде ешкім мекендемеді деген қате тарихи болжамдар жасалды. Алайда XIV-XVI ғасырлардағы жазба деректерінде Батыс Қазақстан облысы маңында 250-300 мың адамның мекендегені көрсетіледі. Ал XIX ғасырдың аяғында көшпенді  мал шаруашылығымен айналысқан халық саны тіптен 800 мыңға жеткен. Сондықтан сол кезден қандайда бір ескерткіштердің қалуы керек еді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы 110-нан астам қаласы бар орта ғасырлардағы ең ұлы мемлекет – Алтын орданың құрамына кірген.

Біздің өңір туралы алғашқы ақпараттар монғол басқыншылығына дейінгі оғыз, және қыпшақ тайпалары кезеңінде көрсетілген. Ахмед ибн Фадланның және Абу Хамид аль-Гарнатидің XII ғасырдағы «Еділ Бұлғариясына саяхат», «Шығыс және орталық Еуропаға саяхат» атты еңбектерінде бүгінгі БҚО аумағындағы сауда керуендері өтетін қалалар жөнінде ақпарат келтірілген. Бұл туралы өзге де шығыс авторлары жазған.

Сонымен қатар Алтын орда кезеңіндегі көптеген ғалымдар мен саяхатшылар өз еңбектерінде сауда-саттық бағытында Жайық өзені арқылы өткендерін жазған.

X-XIV ғасырлардағы саудагер көпестердің жазбаларында Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында және Жайық өзенінің бойында бірнеше қаланың болғандығы көрсетіледі. Олардың саны шамамен 8-30 аралығында деп көрсетілген. Сонымен қатар деректерде XIV ғасырда Сарайшықтың солтүстік жоғары жағында, яғни қазіргі Орал қаласының маңында тас ғимараттары бар тағы бір қаланың болғаны жазылған. XVIII-XIX ғасырлардағы орыс ғалымдарының зерттеуінде де ортағасырлық қалалардың болғаны дәлелденеді. XVI ғасыр соңында сызылған «Үлкен сызба» деп аталатын алғашқы орыс картасында да қазіргі Батыс Қазақстан облысының аумағы бойынша бірнеше қала мен елді мекендер белгіленген. 1748 жылы жазылған «Орынбор губерниясының топографиясы» атты еңбегінде П. Рычков Жайық бойында бірнеше қалалардың болғандығы туралы көптеген дәлелдер мен мысалдар келтіреді. Орыс ғалымдарының арасында П. Паллас «Ресей империясының түрлі провинциялары» атты еңбегінде өзі тапқан екі дерек туралы жазады. Біз ол кездегі көптеген карталарда белгіленген Шакашик қаласы туралы жазған деп болжадық. Палластың келтірген дәлеліне сенуге негіз бар. Себебі ол Үлкен және Кіші өзеннің ең жақын ағатын жерінде тағы бір қаланың бар екендігін жазған. Расымен, 2006 жылы біз бұл жерден қалашықтың орнын тауып, оны Жалпақтал деп атадық.

2001 жылдан бері жүргізілген оралдық және алматылық ғалымдардың археологиялық зерттеуі нәтижесінде Орал қаласының маңынан тағы бір қалашық табылды. Бұл қалашық XIV-XVI ғасырларға келеді. Осылайша жоғарыда жазылған барлық деректер расталды. Ендеше, зерттеу жұмыстарының нәтижесін негізге алып, Орал қаласының тарихын 1613 жылдан емес, XIV ғасырдың алғашқы жартысынан бастау керек.

2006 жылы анықталған қаланы, Жалпақтал деп, 2007 жылы анықталған қалашықты Сарыөзен деп шартты атадық. Аталған қалалар XIII-XV ғасырларға, яғни Алтын орда кезеңіне жатқызылды.

Зерттеушілер Алтын орда кезеңіндегі XIII ғасырдың аяғы мен XIV ғасырдың алғашқы жартысына аса мән береді. Себебі осы кезеңде қалалық мәдениет қарқынды дамыған. Сауда-экономикалық маңызы бар орталықтар пайда болған. Үлкен қалалар мен қалашықтар салынған. Бұл кезең Өзбек пен Жәнібек хандардың билік құрған (1312-1357)  уақыттарына сәйкес келеді. Бұл  кезде ескі қалалардың орнын жаңа қалалар басқан. Г. Федоров-Давыдовтың мәліметінше, Алтын ордада көшпелі де, отырықшы да шаруашылық түрлері жүргізілген.

Оның пікірінше, Қазақстанның шығыс және батыс өңірлеріндегі Алтын орда қалаларының ортағасырлық қалалардан үлкен айырмашылығы болған. Бір топ ақсүйек отбасы үйлерінің жанында олардың қызметкерлерінің үйлері шоғырланған. Қорған салуды тоқтатқандықтан, қала аумағы ұлғая берген. Жалпы, Алтын орда кезеңіндегі қалалар шығыстық үлгіде салынған. Күйдірілген кірпіш, өрнектелген тақтайшалардан салынған мешіттер, медреселер, кесенелер және шығыс мәнеріндегі моншалар қаланың сәнін келтірген.

Зерттеулер нәтижесінде табылған ортағасырлық қалалардың бірі «Жайық» қалашығы. Бұл шаһар XIII ғасыр аяғында тұрғызылған және 10 гектар аумақты алып жатқан. Жергілікті халық «Ысқырық тау» атап кеткен қыраттың батысына қарай екі шақырым қашықтықтан көне зираттар табылып, оның Жайық қалашығымен байланысы бар екені дәлелденді. Жайық қалашығының және Еділ бойындағы қалалардың құрылыс мәнері XIII-XIV ғасырлардағы Үргеніш, Отырар, Түркістан қалаларындағы үйлерге келіңкірейді. Бірақ ұқсастықтарына қоса, айтарлықтай айырмашылықтары да  бар.

Алтынордалық  кезеңнің қалдығы болып саналатын Жайық қалашығы – маңызды әкімшілік-саяси, әскери-сауда саттық қатынасы дамыған үлкен ұлыс орталығы болған. Ғалымдар оны Көкордаға теңейді. Зираттағы ең үлкен кесененің көлемі Жошының  кесенесінен кем түспейді. Яғни жерленген адамның да бақуатты болғаны анық. Қалашық облыс орталығы Орал қаласынан 12 шақырым қашықтықта. Сол кезден қалған ескерткіштердің өзі екіге бөлінеді. Біріншісі – қалашықтың өзі, екіншісі одан жоғарырақ орналасқан зират. Ғалымдар Жайық қалашығын ортағасырлық карталарда көрсетілген Шакашик қаласымен сәйкестендіріп отыр. Бұл жаңалық әлемдік тарихи-мәдени қоғамның оң бағасын алды.

Бүгінгі таңда бұл бірегей ескерткіш сыртқы табиғи әсерлерден бұзыла бастады. Сондықтан құнды археологиялық ескерткішті сақтау, жаңғырту, музеефикациялау ісін қолға алу аса маңызды. Зерттеу, сақтау, сондай-ақ тарихи және мәдени археологиялық мұраны пайдалану, аймақтың туристік инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдесу мақсатында ашық аспан астындағы «Жайық қалашығы» тарихи-мәдени музейін құру қажет. Ол ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттайтын орталыққа айналуы тиіс. Аталмыш музей өзінің маңыздылығы және әсерлілігімен Батыс Қазақстандағы ең тартымды туристік нысанға айнала алады. Бұл жерге Орал, Атырау, Ақтөбе, сондай-ақ Жайық өзеніне деген дәстүрлі қызығушылықтары басым Ресейдің Самара, Орынбор, Саратов және Волгоград қалаларының жақындығы, аталмыш қалалардағы көлік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың дамығандығы «Жайық қалашығы» музейін Қазақстан туризмінің ерекше  жауқары  етеді.

Мұндай музей мәдени мұра ескерткіштерін сақтау және музеефикациялау бойынша ғылыми жұмыстардың жаңа заманғы әдістерін, сондай-ақ ғылыми айналымға заманауи ақпараттық технологияларды, музей қызметінің әдістері мен түрлерін енгізетін орталық болады.

Аталмыш музей үшін керекті жер аумағы шамамен 300 гектарды құрайды. Оның 52 гектары қаланың өзіне, ал 245 гектардан астамы қорымға тиесілі болады. Бұл жерлерді біртұтас етіп біріктіру бірыңғай тарихи-мәдени кешен құруға мүмкіндік береді.

Ашық аспан аясындағы болашақ «Жайық қалашығы» музей қорығының негізгі қызметі археологиялық, этнографиялық әдістермен, музей экспозицияларының мүмкіндігімен және айрықша ірі ескерткіштерді қалпына  келтіру арқылы қазақ мәдениеті мен тарихын насихаттау болмақ. Музейдің хронологиялық шегі көшпенділердің скиф, сармат заманынан бастап Алтын орда дәуіріндегі ортағасырлық қала мәдениетін қамтиды. Барлық композициялар мен экспонаттар, сондай-ақ қалпына келтірілген ескерткіштер өңір халқының белгілі бір кезеңдегі тарихы мен мәдениеті туралы анағұрлым толық әрі көрнекі ұғым қалыптастыратын бірыңғай ансамбльді құрайды. Музей аумағы қатарласа егілген тал-теректермен қоршалатын болады. Кіреберісіне ортағасырлық архитектураға сай қақпа орнатылады. Музейдің атауы және Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауындағы сөздер жазылған әсем билбордтар қалашықтың кіреберісін ерекше әрлендіріп тұрмақ.

Қорымнан қалаға дейін шағын автобустарға арналған арнайы жолдар төселеді. Туристерге саяхаттың мынадай бірнеше нұсқасы ұсынылады:

– Көне Орал

– Алтын орда – мәдениеті дамыған  мемлекет

– Өңірдің көнеден орта ғасырға дейінгі тұрғындары және мәдениеті

– Ұлы жібек жолының Орал аумағы

– Батыс Қазақстан халқының салт-жоралғылары және басқа да тақырыптар.

Музейдің өз мәртебесі, штаты, материалдық және ғылыми базасы болуы керек. Болашақта шағын қонақүй мен кафе құрылысы  қолға  алынуы  тиіс.

Өз басым бұл жобаның болашағы зор екеніндігіне  бек сенімдімін.

Мұрат  СДЫКОВ,

ҚР ҰҒА-ның  құрметті  академигі, тарих   ғылымдарының  докторы, профессор, Батыс  Қазақстан  тарих   және  археология  орталығының  директоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар