6.12.2017, 22:52
Қараулар: 83
80 миллионға спортзал салдырған

80 миллионға спортзал салдырған


Бөрлі ауданының орталығындағы «АқсайСтройСервис и К» ЖШС-ның директоры Орынбасар Кушев – айналасына жанашыр азамат.


Бұл азаматтың Наурыз мейрамы, Жеңіс күні, Құрбан айт сықылды мерекелерде, сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы мен қайырымдылық айлығы кезінде халықтың әлеуметтік қолдау-көмекті қажетсінетін бөлігіне қолұшын беріп, демеушілік танытып жүргендігін ел-жұрттан жиі естіп, әрі өзіміз де көріп-біліп жүрміз. Осыдан 26 жыл бұрын Ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке ие болған қазақ елінің ұландары еңселі, тұлғалы һәм рухы асқақ болып ержетуі тиіс. Осы орайда спорттың алар орны ерекше. Міне, бұл бағытта да Орынбасар Сағынбасұлы — таудай іс тындырып жүрген тұлға. Мәселен, ол 2014 жылы Ақсай қаласында өзінің 80 миллион теңге жеке қаржысына грек-рим күресімен шұғылданатын балғын білек балуандар үшін төбесіне қарасаң, бөркің жерге түсетін еңселі спортзал салып берді. Осы нысан іке қосылғаннан кейін бір жыл бойы қос бапкердің жалақысын өзі төледі. Мұны азсынсаңыз, бапкерлерді баспанамен қамтамасыз еткендігін және қосыңыз. Бүгіндері аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құзырындағы үшбу спортзалда жүзге жуық жас өрен 48 елдің медалін алған қазақтың мәңгілік түйе палуаны Қажымұқандай бабалары айналысқан және Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров сынды аталары олимпиада чемпионы болған күрес түрімен айналысып, небір дүбірлі додаларда жеңімпаз да атанып, жүлделерге де қол жеткізіп жүр.

Орынбасар бауырымыз 1941-45 жылдардағы сұрапыл соғыста бүгінгі ашық аспан, жаймашуақ заман, бақытты ұрпақ үшін от кешіп, қан төгіп, елге Жеңіс туын желбіретіп оралған майдангердің ұлы. Сол себепті ол Бөрлі аудандық әкімдігінің қолдауымен Ұлы жеңіс күніне орай әкесі, соғыс және еңбек ардагері Сағынбас Кушевты еске алуға арналған грек-рим күресінен аудандық ашық турнир өткізіп келеді. Келер жылдан бастап осы сайыс құзырлы спорт мекемелерінің күнтізбелік жоспарына еніп, енді үшбу жарыстың жеңімпаздарына «Спорт шеберлігіне үміткер» дәрежесі беріледі. Сағынбастың Орынбасарының өзі мектеп оқушысы кезінен грек-рим күресімен айналысып, кейін Орынбор құрылыс техникумының студенті болып жүргенде де күрестен қол үзбей біраз бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері атанып, балуандық жолын КСРО спорт шеберлігіне үміткер деңгейінде доғарған марқасқа. Орекең әскерден кейін өзінің туған ауылында еңбек жолын бастап, бертін келе Қазақстандағы бірқатар құрылыс мекемелерінде прораб, құрылыс басшысы қызметтерін атқарып, еңбек майданына қызу араласып, өмір көріп, шыңдалды. Содан 2007 жылы Бөрлі ауданында өз кәсібін бастап көрген. Шүкір, шаруасы өрге жүзіп, бүгінде жүзге жуық кісіні тұрақты жұмыспен қамтып отырған «АқсайСтройСервис и К» ЖШС-ның директоры.

«Туған жер ешнәрсе жоқ сенен ыстық, себебі сенде туып сенен ұштық» деп академик-жазушы Сәбит Мұқанов айтқандай, кіндік қаны 1971 жылы Шыңғырлау ауданындағы Ащысай ауылдық округіне қарасты Жіңішке ауылында тамған Орынбасар Кушев туған ауыл-аймағына да қарайласып тұрады. Өзіне әлемнің жарығын сыйлаған аяулы анасының атында «Хадиша» шаруа қожалығын ашып, ол жақта төрт кісіні жұмыспен жарылқап отыр. Сонымен қатар Орекең туған ауыл-аймағының рухани түлеуіне негіз болар Ащысайда жасақталып жатқан музейге де демеушілік танытуда. Осыдан бірер апта бұрын Орынбасар Кушев өзі салдырған спортзалда жаттығатын 20 жасөспірім балуанның ата-анасын келер жылға «Орал өңірі» газетіне өз қаржысынан жаздырды. Бұл да жергілікті жұрттың рухани жаңғыруына сеп болар ізгі іс екендігі сөзсіз.

Бақытжан ҒАБДУЛЛИН,

Бөрлі ауданы

Суреттерді түсірген Жәдігер ШҮГІРОВ

 

Нұрбек ҒАБДЫУӘЛИЕВ,

жасөспірім балуан:

— Біздің спортпен шұғылданып, грек рим күресімен айналысумызға жағдай жасап, керемет спортзал салып бергені үшін Орынбасар ағамызға көп рақмет. Осы залда біз денемізді шынықтырып, шымыр болып өсеміз. Болашақта Орынбасар аға мен бапкерлеріміздің сенімін ақтап, біз әлем чемпионаты мен олимпиада ойындарында биіктен көрінуге тиіспіз.