6.12.2017, 22:46
Қараулар: 63
Зеленовтың дамуы қалыпты

Зеленовтың дамуы қалыпты


Тәуелсіздік  күні  қарсаңында  Зеленов  ауданының  орталығы Переметный  ауылында «Тәуелсіздік  тұғыры»  монументі  ашылады. Бұл  туралы  БҚО  өңірлік коммуникациялар  қызметінде  өткен  брифингте  аудан  әкімі  Асхат  Шахаров  мәлімдеді.


Ақ Жайық өңіріндегі ауыл шаруашылығы мен өндірісі қатар дамыған Зеленов ауданының биылғы он айдың ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қалыпты. Аудан әкімінің айтуынша, ауданның барлық округінде «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы өтті. 2018 жылы «Туған жер» бағдарламасы бойынша демалыс саябақтар, спорттық алаңдар мен гүлзарлар, тынымбақтар, жастар орталықтары құрылыстарын қамтитын 35 жоба іске асырылады.

Аудандағы шаруашылықтар қысқа дайын. Шабындықтардан 94,9 мың тонна шөп жиналып, жоспарлы меже орындалды. Төрт түлік малдың өсімі де жақсы. Саланы несиелеуде 146 несие алушыға «Батыс Шаруа» несие серіктестігі, «Береке» бағдарламасы және «Агронесие корпорациясы» АҚ арқылы 1,1 млрд. теңге көлемінде несиелік қаржы бөлінген. Бүгінде ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы  бойынша тоғыз ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Олардың төртеуі ірі қараны бордақылаумен, екеуі сүт сатып алу және оны өңдеумен, екеуі тұқым түрлендірумен, біреуі көкөніс өсірумен айналысады.

Соңғы жылдары ауданда егістік көлемі айтарлықтай ұлғайды. Биыл ауыл шаруашылығының егістігі 215,8 мың гектар болды. Соның ішінде 133,3 мың гектарға егілген дәнді дақылдардан орташа түсім гектарына 17,3 центнерді құрады. Ауданда кәсіпкерлік саласы да даму үстінде. 2017 жылдың 1 желтоқсанына ауданда 3147 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелді. Бұл дегеніңіз – өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткішпен салыстырғанда 18,7%-ға өсті деген сөз. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 1930,2 млн. теңге көлемінде 222 жаңа жұмыс орнын ашатын 21 жоба мақұлданды. 2017 жылы төрт кәсіпкер 9 млн. теңге шамасында қайтарымсыз грант иеленді. Соның нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ұйымдастырылуда.

– Таяуда Щапов ауылдық округінде жылына 6000 тонна құс етін өндіруге қауқарлы «Жайық Агро ЛТД» ЖШС-ның құс фабрикасын іске қосамыз. Жобаның құны 4087 млн. теңге, 200 адамға жұмыс беріледі. Белес ауылдық округінде «Жайық Петролеум ЛТД» ЖШС көмірсутекті шикізатты сақтау және өңдеу кешенінің құрылысын салуда. Онда 180 адамға жұмыс ашылады, – деді Асхат Шахаров.

Әкімнің айтуынша, құрылыс саласындағы сегіз нысанның бесеуі пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде ауыз сумен қамту нысанының бесеуінің құрылысы биыл басталып, төртеуінің құрылысы аяқталды. Володар ауылындағы су құбырын тарту жұмысы 2018 жылы аяқталады. Тәуелсіздік күні қарсаңында Калинин ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Биыл 14 267 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді, бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,8%-ға артық. Сондай-ақ өткен жылы Дариян ауылындағы сегіз көшенің жолы «ҚПО б.в.» компаниясының инвестициясына күрделі жөндеуден өткізілген. Макаров, Жайық, Өркен ауылдарына кіреберіс жолдар ағымдағы жөндеуден өткен. Осы жұмыстарға облыстық бюджеттен 80 млн. теңге бөлініп, игерілген.

Эльмира РАХМЕШЕВА,

«ТДК-42» телеарнасы:

– Аудандағы өтпелі көпірлер-дің жағдайына алаңдаған тұрғын-дардың өтініші бойынша хабар дайындағанбыз. Қазір бұл мәселе шешілді ме?

Асхат  ШАХАРОВ,

Зеленов  ауданының  әкімі:

– 2016 жылы екі елді мекенде екі көпір салынды. Биыл Гремячий ауылында осындай мәселе көтерілді. Көпір қалпына келтірілді, қатынас тұрақты.

Наталья ГОРОХОВА,

«Приуралье» газеті:

– Зеленов ауданында қанша қойма бар? Оларда қанша көкөніс пен дәнді дақылдар  сақталуда?

Асхат  ШАХАРОВ:

– Ауданда үш астық сақтау орны жұмыс істейді.  Олардың қамбалары толық. Көкөніс қоймалары жеткіліксіз. Биыл бақша өсірушілер өнімдерін сақтайтын орын болмағандықтан, оларды даладан сатуға мәжбүр болды. Бұл бағытта жұмыстанатын  боламыз.

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»  газеті:

– Ауданға әкім болып келгеніңізге 4-5 айдың ішінде ауданның спорт болсын, өзге саласынан болсын «әттеген-ай» дегізетін мәселелерін байқап, назарыңызға алдыңыз ба? Екінші сұрақ, көмірсутекті шикізатты сақтау және өңдеу кешенінің құрылысы жобасы туралы  толығырақ  айтсаңыз?

Асхат  ШАХАРОВ:

– Әкімнің жұмысы спортпен шектелмейді. Елбасының тапсырмасы бойынша халықтың 30%-ы бұқаралық спортпен айналысуы  керек. Мен келгелі жобалық-сметалар дайындалып, дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын бастап кетті. Тәуелсіздік күніне орай осы кешен ашылады. Көңіл толмайтын мәселелер де бар. Біраз жұмыстар бұдан бұрын да атқарылды. Сол шаруаларды жалғастыратын боламыз. Екінші сұраққа келсек, аталмыш жоба құны 5,5 млрд. теңге, мұнайды сақтауға, өңдеуге арналған кешен. Бұл нысан 2018 жылы жанданады. Қазір жобаның құрылыс жұмыстары 80%-ға аяқтала келді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар