6.12.2017, 22:39
Қараулар: 62
Гүлсезім мен Гүлжамалдың жүлдесі

Гүлсезім мен Гүлжамалдың жүлдесі


Қазақстан халқы ассамблеясының «Шаңырақ» шығармашылық байқауы биыл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылды. Аталмыш байқаудың облыстық кезеңі сейсенбі күні қаламыздағы Достық үйінде қо-рытындыланды.


Айта кетейік, бұл байқауға өңіріміздегі 20-дан астам БАҚ өкілдері қатысты. Телерадио, газет редакцияларының және этномәдени бірлестіктердің, «Қоғамдық келісім» мекемесінің тәжірибелі мамандары енген әділқазылар алқасы түрлі аталымдар бойынша 12 тілшінің материалдарын жоғары бағалады. Олардың ішінде біздің әріптестеріміз «Орал өңірі» газетінің тілшілері Гүлсезім  Бияшева мен Гүлжамал Кенжеғалиева бар. Гүлсезім Ерболатқызы газет тілшілері арасында топ жарса, Гүлжамал Жолдығалиқызы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үздік насихаттағаны үшін арнайы  жүлдеге  ие  болды.

– Журналистер қауымы еліміздің тәуелсіздігін тұғырлы етуге, халықтың ертеңгі күнге деген сенімін арттыруға және ұлтаралық татулық пен қоғамдық ынтымақтың нығая түсуіне айтарлықтай  үлес қосып келеді. Ұлтаралық  жарасымды нығайту және қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамытудағы ассамблея қызметі әрдайымда тілшілер қауымының назарында болатынына сенімдімін, – деді өз құттықтау сөзінде БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі  Ғайса  Қапақов.

Ал облыстық ассамблея жанындағы журналистер клубының төрағасы, «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ БҚО филиалының директоры Асланбек Ғұбашевтің сөзіне қарағанда, этножурналистиканың қоғамдағы мән-маңызы артып келеді, бұл бағытта қалам тербеп жүргендер абыройға бөленуде.

– Келесі жылдан бастап аталмыш байқауға блогерлерді де қатыстыру жоспарда бар. Сөйтіп байқаудың аудиториясы кеңейеді. – Жаңа жылдан кейін этножурналистиканы дамыту бағытында біраз шараларды жүзеге асырғымыз келеді. Бұл шаралар этножурналистердің қатарын көбейтіп, олардың шеберлігін шыңдай түсуіне мүмкіндік бермек, – деді Асланбек  Зинатұлы.

Шара барысында ҚХА-ның баспасөз қызметінің басшысы, белгілі журналист Қымбат Досжан бейнесәлемдеме арқылы жеңімпаздарды  құттықтады.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар