6.12.2017, 22:38
Қараулар: 182
Триаж жүйесі іске қосылды

Триаж жүйесі іске қосылды


Облыстық  клиникалық  аурухананың  ғимаратында  қараша айында  триаж  жүйесі  негізінде  қабылдау  қызметі  іске  қосылды. Желтоқсанның  6-сы  күні «Emergency room», яғни  «Жедел  жәрдем»  бөлмесі  ресми  түрде  таныстырылды.  Бөлмеге  пердемен  бөлінген  алты  кереует  қойылған.


Ғимараттың кіреберісінен бастап еденге жасыл, сары және қызыл жолақтар белгіленген. Жасыл жолақ жоспарлы түрде тексерілуге келгендерге бағыт сілтейді. Сары мен қызыл белгілер дәліз бойында бірлесіп келіп, орта және ауыр дәрежедегі науқастарды шұғыл қабылдайтын аймақтарға бағыттайды. Ем қабылдаушыларға бригада құрамындағы бес хирург қызмет көрсетеді. Науқастардың жай-күйін бақылап отыратын медбике ыңғайлы жерге орналасқан. Шұғыл жағдайда қабылданғандарға диагноз қойылып, алғашқы көмек көрсетіледі. Ол үшін қажетті құрылғылар жинақталған. Мәселен, облыстық кардиологиялық орталық мамандарынан онлайн-байланыс арқылы шұғыл кеңес алуға болатын  ЭКГ құрылғысы дайын тұр. Сонымен қатар  жан-жақты пайдалануға ыңғайлы кереует (каталка) пен науқастарды тасымалдайтын қоларба бар.

– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №450 бұйрығына сәйкес клиникалық ауруханада халықаралық деңгейге сәйкес қабылдау бөлмесі ашылды. Онда науқасқа бірнеше дәрігер шұғыл көмек көрсетеді. Бұл – ауруханадағы кезек мәселесін шешуге және келушілер мен ақжелеңділердің уақытын үнемдеуге арналған. Жоспарлы түрде тексеріске келген тұрғындарды қабылдау бөлек жүргізіле береді. Триаж-іріктеу жүйесін алдағы уақытта басқа да ауруханаларға енгіземіз. Келесі жылы қабылдау бөлмесінің дәрігері деген жаңа маман даярлау жоспарда бар. Ондай маман  барлық науқасқа алғашқы көмек көрсете алуға қабілетті, біліктілігі зор, әмбебап болуы керек, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев.

Айта кетейік, клиникалық аурухана тәулігіне 200-дей науқасты қабылдайды. Орташа есеппен алғанда, күніне елуден астам адамға әр түрлі дәрежеде ота жасалады екен. Өткен тәулікте қаралуға келген 160-тай адамның 85-іне стационарлы ем жасауға шешім қабылданған. Қаралуға келгендердің ауру белгілері әр түрлі. Мысалы, бірі жарақат алса, бірі жүрек  дертімен  қабылданған.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар