Жылдамдық өлшегіш жұмысынан жаңылмаған

Күні , 76 рет оқылды


Жүзден астам оралдық көлік жүргізушісі үшін күздің соңы қарбаласқа толы болды. Оған себеп – халық арасында «фотоаппарат» немесе «спанч-боб» аталып кеткен жылдамдық өлшегіш құрал төңірегіндегі түйткіл. Шаған жағалауы көшесінің бойында, нақтырақ айтсақ, «Өшпес ерлік» ескерткішінің тұсында орнатылған жылдамдық өлшеу құралына «түскен» жүргізушілер жол ережесін бұзбағандарын алға тартып, стационарлық құрылғының жұмысына күмән келтірген болатын. Бұл учаскеде көлік жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан аспауы тиіс. Әйтпесе, жол ережесін бұзғаны үшін 10 АЕК көлемінде, яғни 22 690 теңге айыппұл салынады. Наразылық тудырушы тараптың айтуынша, көлік иелері жылдамдықты асырмаса да, «фотоаппарат» суретке түсіріп, кейін айыппұл төлеу жөнінде ұйғарымдар келген. Тіпті кейбір отбасыға бір айдың ішінде бірнеше айыппұл қағазы келген көрінеді. Жергілікті тәртіп сақшылары болса, мәселенің мән-жайын анықтау дереу қолға алынғанын айтады.


– 18 қарашада Шаған жағалауы көшесінде орналасқан стационарлық жылдамдық өлшегіштің жұмысына қатысты жүргізушілердің әлеуметтік желіде жарық көрген наразы пікірлерін оқыдық. Сол күні құрамына БҚО ІІД мен аталмыш құралды орнатқан «Жаңа жобалар» ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС-ның қызметкерлері енген жедел жұмыс тобы құрылды. 23 қараша күні тексеру нәтижесі өлшеу құралының сынбағанын, яғни дербес, (автономды) режімде жұмыс істеп тұрғандығын анықтады. Осы аралықта біз жол ережесін бұзғаны жөнінде жазбаша өкіммен келіспейтін жүргізушілермен бірнеше мәрте кездесу өткізіп, пікірлерін тыңдадық. 24 қараша күні кезекті кездесу өткізіп, тексеріс қорытындысы бойынша өлшеу құралының жұмысында ауытқу анықталмағандықтан, ұйғарымдардың өзгермейтіндігін, сәйкесінше, айыппұл заңды күшінде қалатындығын мәлімдедік. Бұл шешіммен келіспеген жағдайда, заң аясында шағымдануға болатынын да айттық. Бүгінге дейін 160-тан астам көлік жүргізуші арыз жазды, – дейді БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Манарбек Нәжиев.

Айта кету керек, «басы дауға қалған» өлшеу құралы 2008 жылдың соңында орнатылып, 2009 жылы іске қосылған. Манарбек Қатиұлының мәлімдеуінше, стационарлық құрал тоқсан сайын жоспарлы тексеруден өтіп тұрады. Биылғы қазан айында 792 заңбұзушылықты анықтаса, жиырмасыншы қарашаға дейін 346 жол ережесін бұзу дерегін тіркеген.

Жүгенсіз жүргізушілердің қатарында 11 патрульдік полиция көлігі де бар. Тәртіп сақшылары жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруының бір себебін Шаған жағалауы көшесінің жаз айларында жөндеуден өткенімен байланыстырады. Оған қоса аталмыш учаскеде жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көліктер некен-саяқ. Сондықтан көпшілігі тақтайдай тегіс жолда газды басыңқырап жібергенін байқамай қалады, – дейді М. Нәжиев.

Өткен аптаның соңында «NUR.KZ» сайтында Оралдағы өлшеу құралы төңірегіндегі даулы мәселеге қатысты ҚР ІІМ өкілі Алмас Садубаевтың мәлімдемесі жарық көрген болатын. Министрлік өкілі жылдамдық өлшегіштің қалыпты режімде жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Қазір облыс орталығында 2014 жылы орнатылған заманауи зияткерлік қиылыстарды айтпағанда, төрт «фотоаппарат» құрылғы жұмыс істеп тұр. Олар көлік көп жүретін аумақтарда, атап айтсақ, әуежайға барар жолдағы екі саяжай аялдамасы маңында, Зашаған кентіндегі бөген (дамба) аумағында, Жәңгір хан көшесіндегі «Бәйтерек» дүкені аялдамасының тұсында және Шаған жағалауы көшесінің бойында орналасқан.

БҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 11 айында Орал қаласында 365 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, апаттың салдарынан 463 адам түрлі дене жарақатын алып, 87 адам көз жұмған. Өткен жылы 420 жол апаты тіркеліп, 501 адам зардап шексе, 89 адам қайтыс болған.

Облыс орталығындағы жол-көлік апаттарының алдын алу мақсатында жергілікті бюджет есебінен стационарлы жылдамдық өлшеу құралдарының санын арттыру көзделуде.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Расул МЕДЕТОВ,

БҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары:

– Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында айқындалған міндеттерді өңірде жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасымен «2017-2018 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысында автоматтандыру және цифрландыру жол картасы» жасақталды. Соған сәйкес алдағы жылдары қала көшелеріне 40 жылдамдық өлшегіш құралы, бес зияткерлік қиылыс, оған қоса 200 көпфункционалды дербес бейнекамера орнатылады.

«Қауіпсіз аула» жобасы бойынша жергілікті әкімшіліктің қаржыландыруымен келер жылы Орал қаласында 100 бейнекамера орнатылады, сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ бірлескен жоба аясында 1236 бақылау камерасы көпқабатты үйлердің кіре-берістеріне және подьездерге қойылады. Бұлтты қойма (облачное хранилище) мүмкіндігіне ие бақылау камералары түсірген барлық мәлімет онлайн режімде бірден орталықтандырылған базаға тіркеліп, тәртіп сақшыларына қылмыстың алдын алуға және ізін суытпай ашуға жәрдемдеседі.

Николай ҚОШМАҒАНБЕТОВ,

қала тұрғыны:

– Шаған жағалауы көшесіндегі «скоростемер» төңірегіндегі даулы мәселеден хабардармын. Қанша адам болса, сонша пікір болатынын білемін. Наразылық білдіріп жатқан жүргізушілердің бәрі бірдей «сүттен ақ, судан таза» деп айтудан аулақпын. Араларында жылдамдықты асырыңқырап жіберіп, айыппұл төлеуден жалтарып жүргендер де болуы мүмкін. Сондықтан әр жағдай жеке-жеке қаралуы тиіс деп есептеймін.

Гүлзия ГҰБАШЕВА,

қала тұрғыны:

– Қараша айында жолдасымның атына айыппұл туралы ұйғарым келді. Сол бойда төлеп тастадық. Кейін жүргізушілердің жиналып, шағымданып жатқанын естідік. Әрине, темірдің аты темір. Істен шығуы да мүмкін. Бірақ құзырлы мекемелер тексеруден өткізіп, дұрыс жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді ғой. Болашақта көңілге күдік ұялататын осындай «түсініксіздеу» жағдай қайталанбаса екен деймін.

Тілекқабыл МАНКЕЕВ,

қала тұрғыны:

– Қырық жылдан астам жүргізушілік өтілім бар. Сол «фотоаппараттың» жоқ кезінде де талай жүрдік сол көшемен. Қазір де күніне бірнеше мәрте өтеміз. Жол ережесін бұзбай, жылдамдықты асырмай, көлікті сауатты, мәдениетті айдаған жүргізушіге ешнәрсе кедергі бола алмайды. Қазіргі жастар үнемі асығып жүреді. Жылдамдықты асырып, алдыңды орап, өзінің де, өзгенің де жүйкесін жұқартады. Көлігін тек «скоростомердің» тұсынан өтер тұста ғана баяулататын талай «шумахерді» көріп жүрміз…


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика