27.11.2017, 20:35
Қараулар: 177
«Мемлекеттік қызметке келген соң, журналистерге басқаша қарайтын болдым»

«Мемлекеттік қызметке келген соң, журналистерге басқаша қарайтын болдым»


Қазақ елінің  иесі  өздері  екенін  бірінші  кезекте  журналистер сезінулері  керек.  Сол  себепті  кейбір  пасық  ойлы  жандардың байбаламына  еріп, арзан  сенсацияға  бой  алдырмағандары  жөн. Әйтпесе  осындай  іс-әрекеттері  арқылы  еліміздің  нығаюына  кері әсерін  тигізетінін  олар өздері  білмеуі  мүмкін.  Қазақ  журналистері  бұрынғы  батырлардың  рөлін  атқарып  жүргендерін  түсінгендері  жөн.


Бұл туралы өткен апта соңында облысымызға келген ҚР Инвестиция және даму министрлігі қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры, журналист Берік Уәли мәлімдеді. Ол қаламыздағы Оқушылар сарайында мемлекеттік құрылым, қоғамдық ұйым, білім мекемелерінің баспасөз хатшыларымен, журналистермен, блогерлермен кездесіп, тәжірибесімен бөлісті.

Кездесуді жүргізген облыс әкімінің кеңесшісі Жарқын Түсіпбекұлының айтуынша, ИДМ-ның аталмыш департаменті таяуда орталық мемлекеттік құрылымдар ішіндегі үздік баспасөз қызметі деген атаққа ие болды. 2012 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болған Берік Уәлидің бастамасымен елімізде алғаш рет әлеуметтік желінің күшін кеңінен пайдаланып, жергілікті мемқұрылымдардың қызметін жан-жақты көрсету жолға қойылды.

– Өзім кәсіби журналист болсам да, мемлекеттік қызметке келген соң, өз әріптестеріме басқаша қарайтын болдым. Себебі, тілшілер қауымы көбіне ұрандатып жүріп, мемлекеттің мүддесін естен шығарып алады. «Айқайлатып» тұрып екі минуттық сюжеттің не шағын мақаланың ғана шығуын көздейді, сөйтіп бір жақтың пікірімен кетеді. Ал оның арты не болады, екінші жақтың тағдырына алаңдаушылықтың жоқтығы жаныма батады, – деген Берік Уәли баспасөз қызметінің жұмысын жетілдіру жайына да тоқталып өтті.

Әріптестеріміздің рухани жаңғыру жөнінде сұрағына жауап берген  Берік Уәли мұны тәуелсіздігіміздің жаңа кезеңінің басталуы деп қабылдау қажеттілігін айтты. «Компьютер немесе ұялы телефонды қайта сөндіріп қосқанда, оның жұмысы жақсаратыны  белгілі, – деді ол. – Рухани жаңғыруды мен солай қабылдап отырмын. Елбасымыздың бұл бағыттағы мақаласы жарық көргеннен бері еліміздің, ұлтымыздың руханиятына қатысты қаншама ізгі іс бастау алды. Көп кешікпей оның бәрінің  жемісін  көреміз».

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар