7.04.2015, 7:03
Қараулар: 182
Батыр ұрпақтары өнерлі өлкеде

Батыр ұрпақтары өнерлі өлкеде

DSC_0688


Сәуірдің 3-і күні «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков бастаған делегация құрамын қарсы алған қаратөбелік ағайын достық пен ынтымақтың туын көтерген меймандарға ақ дәм ұсынып, ән-жырдан шашу шашты.


Сырымдық меймандар алдымен аудан орталығындағы «Қаратөбе сиезі» өткен тарихи орындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Алаш қайраткерлері рухына тағзым етті.

Одан соң М. Мерәліұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану мұражайында болып, өлке тарихынан  мағлұмат алды.

Ал Қаратөбе мектеп-гимназиясының спорт залында басталған қос аудан спортшыларының волейбол ойынынан жолдастық кездесуінің ашылу салтанатында Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров пен Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Менің елім – Мәңгілік ел!» тақырыбында өткен дөңгелек үстелді ашқан Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында атқарылған жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, көрші екі аудан арасындағы байланыстың нығая түсетіндігіне сенім білдірді.

Сырымдық делегация мүшелерін үлкен ықыласпен қарсы алған қаратөбелік ағайынға алғысын жеткізе сөз алған Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков:

– Былтырғы жылы басталып, дәстүрге айналған мегажоба аясында көршілес аудандар мәдени, экономикалық, көпшілік шараларды өткізіп, елдегі бірлік пен татулықты насихаттауда. Ассамблея жылы аясында аудандарымызда атқарылып жатырған жоспарлы жұмыстардың, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы жайында тәжірибе алмасу маңызды деп білемін. Татулығымыз бен бірлігіміз, ынтымағымыз бен достығымыз нығая берсін деген ниеттеміз, – деп Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында екі аудан арасында атқарылмақ жұмыстарға тоқталды.

Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов татулық пен тұтастық жылындағы шырайлы мереке салтанатымен барша жиналғандарды құттықтады.

Қаратөбе аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, Жусандыой ауылының тұрғыны, неміс ұлтының өкілі Ирина Классен, Сырым аудандық «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева, аудандық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, орыс ұлтының өкілі Надежда Севяхова  сөз алып, көрші аудан халықтарының мызғымас достығы мен ынтымақтастығы хақында  тереңнен  ой  өрбітті.

Ал  Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде өткен Сырым ауданы көркемөнерпаздарының «Сырымнан сазды сәлем» атты мерекелік сазды бағдарламасын тамашалаған халықтың қарасы өте көп болды.

Сазды бағдарлама Жымпиты халық театрының театрландырылған көрінісімен ашылып, алып тұлғалар – С. Датұлы, Ж. Досмұхамедов, А. Жұмағалиев, Қ. Мырзалиев образдары көрерменге  тарих  қатпарынан  сыр  шертті.

Әсіресе, көрермендерге «Ақ ниет» әжелер ансамблінің орындауындағы «Алаш азаматтары», вокалды аспаптар ансамблінің орындауындағы «Бозторғайым», «Қуанышым менің» әндері ерекше әсер сыйлады.

Ойшыл ақын Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін мәнерлеп оқыған көркемсөз шеберлері мен халық ән-термелерін шебер орындаған дәстүрлі әншілерге қаратөбелік ағайын әлсін-әлсін қол соқты.

Ал үлгілі «Аружан» би ансамблінің орындауындағы «Дала сазы», «Танец с платком», «Достық биі» сахна сәнін келтіріп, мерекелік кештің ажарын аша түсті.

Концерт соңында Сырым ауданының әкімі Абат Абайұлы сөз алып, Қаратөбе ауданы халқына берекелі тірлік, еңбек табысын тіледі.

Бұдан соң Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров Сырым ауданы әкімінің қолынан мегажоба эстафетасын салтанатты түрде қабылдады.  Қаратөбе ауданы әкімінің атынан тамаша кеш сыйлаған сырымдық өнерпаздарға ықылас гүлі табыс етілді.

Әсем ән, күміс күй, озық өнер иірімі өрілген кеште көрші екі ауданның басшылары өзара естелік сыйлықтармен алмасты.

Серікбай ХАСАНОВ,

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы