10.11.2017, 19:55
Қараулар: 71
Уһ, әйтеуір, премьер-лигада қалды-ау…

Уһ, әйтеуір, премьер-лигада қалды-ау…


Бейсенбі  күні  елордадағы  «Астана  Арена»  стадионында  премьер-лига  жолдамасы үшін  Оралдың  «Ақжайығы» мен  ОҚО-ның «Мақтаарал»  командасы  жасыл  алаңға  шықты.


Футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде оралдықтар (бас бапкері Вахид Масудов) биыл оныншы, ал Қуаныш Қарақұлов жаттықтыратын Мақтаарал ауданының командасы бірінші лигада төртінші орынға ие болған еді. Бірінші лигада үшінші орынға табан тіреген «Қайрат А» командасы «Қайраттың» фарм-клубы болғандықтан, жоғары топ жолдамасы үшін таласуға құқығы жоқты, сондықтан бұл мүмкіндік оңтүстікқазақстандықтарға берілді.

Батысқазақстандықтар ойын тізгінін бірден қолға алып, Алмас Қамытбеков қорғаған қақпаны жиі нысанаға алды. Тіпті гол соғып та үлгерді. Әйтсе де, доп Предраг Говедарицаның қолына тиіп кеткендіктен, гол есептелмеді.

Есесіне 35-минутта оңтүстікқазақстандықтар күтпеген жерден  есеп ашты. Стандартты жағдайдан Эльмар Набиевтің тоғыздыққа тепкен добын «Ақжайықтың» қақпашысы Вячеслав Котляр қайтарып үлгергенімен, оған бірінші болып Самит Чулагов жетті.

Сөйтіп биылғы маусымды «Ақжайықта» бастап, «Мақтааралға» ауысқан С. Чулагов өзінің бұрынғы командасына гол соқты. Бірінші тайм осылайша 0:1 есебімен аяқталатындай көрінген. Дегенмен қосымша минутта Азат Ерсәлімовтің сол қапталдан берген добын «Ақжайықтың» шабуылшысы, украиналық легионер Константин Дудченко тордан бір-ақ шығарды. Айта кетейік, бұл матчта «Ақжайық» бірінші лиганың шартына сәйкес алаңда үш-ақ легионермен ойнауға мәжбүр болды.

Екінші таймда В. Масудов шәкірттерінің алға шығатындай керемет мүмкіндіктері болды. Әсіресе, 75-минутта С. Чулагов өз айып алаңында нигериялық қорғаушы Майкл Одибені шалып жықты. Алайда 11 метрлік айып добын К. Дудченко дәл орындамай, оны А. Қамытбеков қақшып ала білді. Дегенмен матч аяқталуға төрт минут қалғанда, тағы да А. Ерсәлімовтің пасынан кейін К. Дудченко баспен қақпаны дәл  көздеп, қос голдың авторы атанды. Бұдан кейін «Мақтаарал» қанша тырысқанымен, есеп өзгерген жоқ.

Осылайша, 2:1 есебімен жеңіске жеткен «Ақжайық» премьер-лигадағы орнын сақтап қалды.

Ғайса  БӘЙМЕН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар