7.04.2015, 7:00
Қараулар: 169
Атамды мақтан тұтамын

Атамды мақтан тұтамын

жаксыгалиев еуржан


Мен 3 «а» сынып оқушысымын. Біздің отбасымызда әр уақытта атам мен әжем арғы атамның Ұлы Отан соғысының ардагері екенін айтып отырады.


Менің үлкен атам Нұржан Жақсығалиев Ақжайық өңірінде 1907 жылы дүниеге келген. Әке-шешесінен жас уақытында жетім қалып, немере ағасының қолында тәрбиеленген. 1942 жылы наурыз айында Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Иванов облысына көшірілген Ленинградтағы Қызыл тулы әскери саяси қызметкерлерді дайындайтын Ф. Энгельс атындағы училищеде 6 ай оқыған. Сол жылдың қазан айынан бастап курсанттарды бірден майданның алғы шебіне жіберген. Солтүстік-батыс майданының 759-атқыштар полкінде, 163-атқыштар дивизиясында рота командирінің саяси басқару жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған.

Ол қызмет атқарған полк 1943 жылдың 17 қаңтарында теміржолдағы немістердің бекінісін бұзып, 5 блиндажын талқандап, 2 танкісін істен шығарып, 28 неміс солдатын тұтқынға алып, бірнеше қару-жарақты қолға түсірген. Осы ұрыста жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін атамды Отан соғысының екінші дәрежелі орденімен наградтаған. Сол жылдың 19 қаңтарындағы кескілескен ұрыста аяғынан ауыр жараланып, госпитальға түскен. 1943 жылдың маусым айына дейін емделіп, екінші топтағы мүгедек болып елге оралды. Арғы атам бірнеше медальмен де марапатталған.

Туған жеріне оралғаннан кейін атам мен әжем жанұя құрған. Тоғыз баланың әкесі атанып, оларды бағып-қағып, өсірген. Атам өз балаларын тәрбиелеп, білім бе-ріп, жанұясын асырап, халқына адал еңбек етіп, елінің ардақты, құрметті азаматы болған. Мен үшін үлгі тұтатын көп батырлардың ең біріншісі – өзімнің арғы атам. Мен атамды мақтан тұтамын және оны қатты жақсы көремін.

Нұржанар ЖАҚСЫҒАЛИ,
Приурал мектебінің оқушысы,
Бөрлі ауданы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар