10.11.2017, 19:55
Қараулар: 41
Балалар Месси болғысы келеді. Неге?..

Балалар Месси болғысы келеді. Неге?..


Біз  шетелдік  әйгілі  спортшыларды  аспандатуға  құмармыз.  Сонау  Кеңес  заманы кезінде  Мұхаммед  Әли,  Стивенсон, Пеле,  тағы  басқалары спортсүйер  адамдардың  кумирі  болды.  Бүгінгі  жасөспірімдер  қазіргі  уақыттағы даңқты  спортшыларға  еліктеуде. Дегенмен  осы  арада  бір ойланарлық  жағдай  бар.  Мәселен, теңбіл  доп  қуған  балалар Мессидің  футболкасын  киіп, Месси  болғысы  келеді.  Әрине, бала  қиялында  шек  жоқ  қой… Бірақ  біздің  даңқты спортшыларымыз  насихатталудан кемшін  қалып  жатқан сияқты. Тізіп айтар болсақ,  сонау  ХХ  ғасырда да  әлемді  таңғалдырған спортшыларымыз көп болды. Ал соның  кейбіреулеріне  тоқталайықшы.


Қажымұқан атамыздан бастайық. Ол – еркін және грек-рим күресінен дүниежүзінің чемпионы, кезінде түрлі жарыстарға қатысып, 48 елдің медалін алған. 1927 жылы Қажымұқан атамызға «Қазақ даласының батыры» атағы берілген екен. Ғұсман Қосанов – жеңіл атлетикадан 1960 жылғы Рим олимпиадасының күміс жүлдегері. Әмин Тұяқов – жеңіл атлетикадан Еуропа кубогінің иегері. Жәнібек Сауранбаев – волейболдан әлем чемпионатының қола жүлдегері.  Әлжан Жармұхамедов – баскетболдан 1972 жылғы жазғы олимпиаданың жеңімпазы. Шәміл Серіков – грек-рим күресі бойынша қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы әрі олимпиада жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров – грек-рим күресінен олимпиадада алтынға ие болған тұңғыш қазақ. Серік Қонақбаев – 1979 жылы Еуропа, 1980 жылы Кеңес одағының чемпионы болған қазақ боксшысы, әрі ол 1980 жылғы олимпиаданың күміс жүлдегері. Нұрлан Меңдіғалиев – су добынан қазақ спортшыларынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Дәулет Тұрлыханов – грек-рим күресінен дүниежүзінің чемпионы, олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, Кеңес одағы кезінде қатарынан 7 дүркін КСРО чемпионы атанған тарихтағы жалғыз балуан. Марат Сатыбалдиев – велоспортта қазақтан шыққан бірінші әлем чемпионы. Сонымен қатар Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмаханов, тағы басқалары Алаш жұртының  «маңдайындағы  жұлдыздары».

Міне, осындай төрткүл дүниені таңдандырған даңқты спортшыларымыздың кейбіреулерінің есімдері елеусіз болып барады. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірлерінде ұмытқанымызды еске алу үшін музейлер, ескерткіштер ашылып жатыр. Осындайда қазақ деген халықтың атын шығарған даңқты спортшыларымызға арналған арнайы музей неге ашпасқа?! Әрине, бұл жерде даңқты спортшылардың есімімен аталатын спорт мектептері  туралы айтылып тұрған жоқ, ол бөлек мәселе. Ауылдарда бүгінгі күнде түрлі спорт кешендері салынып, пайдалануға берілуде. Сол кешендерде осындай спорт жұлдыздарына арналған арнайы музейлер ұйымдастырылса деген ой. Бұл да санадағы рухани сілкініске тигізер бір пайдасы болады деп түсінеміз.

Серік  ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов  ауданы