10.11.2017, 19:04
Қараулар: 92
Тағдыры қатыгез мейірімді жан

Тағдыры қатыгез мейірімді жан


Тағдырдың тәттісінен гөрі, ащысын, әділінен гөрі, сатқындығын көп көрсе де мейірімге деген пәк сеніміне селкеу түсірмеген, жақсылық атаулыдан үмітін үзбеген ақ пейіл, шуақты жандар болады. Олар адамзаттың барлығын Абайша бауырым деп сүйіп, ешкімді өгейсімей, ешкімді өгейсітпей айналасына жан жылуын шашып жүреді.  Олар алдынан қандай қиындық шықса да, өз ерік-жігеріне сеніп, бақытты болу үшін соңына дейін күресуге дайын екенін дәлелдеуге ұмтылады. Өзі ғана бақытты болып қоймайды, өзгені де бақытты етіп, үлкеннің батасына, кішінің алғысына бөленіп өнегелі өмір сүреді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Виталий Ан сондай азамат.


«Бір тілім нан үшін қаршадай балалар еден жуатын»

«Дәрігерлер анамның мені өмірге әкелуіне үзілді-кесілді қарсы болған. Өйткені анамның созылмалы дерттің кесірінен босану кезінде қансырап өліп кету қаупі зор. Ата-анам тәуекелге бел буып, 1960 жылдың 26 маусымында жарық дүниеге келіппін. Дәрігерлердің күмәні расқа айналып, анамның денсаулығы күн санап нашарлай береді. Жатырдан қан тоқтамай, үш келіден ауыр зат көтеруге, тіпті төсектен тұруға тыйым салынады. Әкем ол кезде медициналық институттың студенті. Сөйтіп, анамнан өзге бағып-қағатын туысқаным болмағандықтан, мені Нүкіс қаласындағы балалар үйіне уақытша орналастырады. Анамның денсаулығы түзеле қоймайды, бірнеше рет өлім аузынан қалады. Кезекті клиникалық өлімге ұшырағанда, емдеуші дәрігері оны өлдіге санап, әкеме қаралы хабар жібереді.

Әкем атам екеуі мені алты жасымда Кунград қалашығындағы жетімдер үйінен әрең іздеп табады. Өйткені мені Қарақалпақстанның астанасы Нүкістен Қожеліге, одан Тахиаташқа және ең соңғысы Кунградтағы балалар үйлеріне ауыстырып отырған екен».

Бүгінде жасы алпысты алқымдаса да, Виталий Константинұлы балалар үйіндегі өмірінің әр сәті әлі күнге санасында жаңғырып тұрғанын айтады. Тәрбиешілердің озбырлығы мен жәбірін, аштық пен суықты, өзгелердің жиіркене, әлде мүсіркей қараған көзқарасын ұмыту мүмкін емес. Кешкісін қарын ашқанда жейтін бір тілім нан үшін қаршадай балалардың асхананың еденін жуып амалдағаны қалай есінен кетер. Балалар үйіне қонаққа келген әлдебір мейірімді әйел берген кәмпитті үш күн жегенін қалай ұмытар. Бұл оның тәтті атаулының дәмін ең алғаш татып көргені еді.

«Қазір мемлекет жетім-жесірлерге қажеттінің бәрін жасауда. Балалар үйлеріне ерекше көңіл бөлініп, жетім балалар мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Ал ол кезде жағдай мүлдем басқаша еді» деп еріксіз еске алады. Туа сала анасының аялы алақаны мен әкесінің мейірімінен ажырап, балалықтың бал шағын балалар үйінде өткізіп, тасжүрек ортада тәрбиеленсе де, балаң жүректің қатайып, қатыгезденіп, суынып кетпегені таңғалдырады.

«Қазақтарды жақын тартып тұрамын»

Жеті жасқа қараған шағында әкесінің жаңа жанұясымен Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген Виталийдің кейінгі өмірі қасиетті қазақ жерімен тығыз байланысты. Алдымен Қостанайды, одан кейін Көкшетау мен Целиноград облыстарын мекен етіп, орта білім алады. Ержетіп, достар тауып, алтынға айырбастамас бақытты сәттерді бастан кешіреді. Қазақ халқын ешкімге ұқсамайтын дархан көңілі, кең пейілі мен қонақжайлығы үшін ерекше құрмет тұтады.

— Қазақ халқы ешкімді де тілің, түрің, дінің немесе мәдениетің бөлек деп кеудесінен итерген емес. Тіптен өз басы қиындыққа тап болып, аштықтың құрсауына түсіп, әрең күн көріп отырғанның өзінде де, ауылының іргесіне аяқ басқан адамды ықылассыз, ас-сусыз жібермеген. Қаншама халықты, ұлтты аш-жалаңаш қазақ даласына әкеліп төгіп кеткенде де бауырына басып, пана болған. Біз де қазақ, орыс, кәріс деп бөлінбей бір үйдің ба-лаларындай қатар ойнап, бірге өстік. Сондықтан да болар, ұлтым кәріс болғанымен, қазақтарды қатты жақын тартып тұрамын, — дейді Виталий Ан.

«Анам мені жазбай таныды»

Әке жолын қуып, дәрігер мамандығын алуды мақсат тұтқан жас жігіт Тәжікстанның Ленинабад қаласындағы медициналық институтқа оқуға түседі. Көп ұзамай үйленіп, тұңғыш қызы өмірге келеді.

— Еш алаңсыз күндер зулап өтіп жатты. Сүйікті жарым, қылығы тәтті бүлдіршінім, басымда баспанам, табысты жұмысым бар. Адамға осыдан артық қандай бақыт керек деп ойлайтынмын. Тек аяулы анамның жалғыз перзентінің қызығын көре алмағаны жаныма қатты бататын, — дейді Виталий Константинұлы. Күндердің күнінде Ленинабад қаласында тұратын туысқан ағам «Виталий, анаң тірі екен» дегенде, есімнен танып қала жаздадым. Анамның ескі құрбысы ағамды кездейсоқ жолықтырып қалып, анамның тірі екенін және мекенжайын айтыпты. Осылайша араға 38 жыл салып туған анамды іздеп таптым. Арнайы мамандандырылған жабық мекемеде өмір сүрген анам ұзақ жыл бойы дәрігерлерге күйеуі, ұлы бар екенін айтумен, бізді іздеумен болыпты. Анамның алтын тістері көп еді. Мекеме медбикелері ұлың туралы қандай ма бір мәлімет тауып береміз деп алдап, алтын тістерін біртіндеп алып отырыпты. Ұлымды көремін деген үміті сөнуге айналған, тісі жоқ қызыл иегі ғана қалған, кемсеңдеген қарт анамды көргенде, көкірегім қарс айырылды. Ана жүрегімен сезді ме, әлде әкеме қатты ұқсайтындықтан ба, мені жазбай таныды. Екеуміз егіліп, жылап көрістік. Әкем туралы ештеңе сұрамады.

Өлдіге саналған адамда қайбір құжат болады дейсіз?! Әлде, дәрігерлер өздерінің кәсіби қателігін жасырғысы келіп, құжатын қасақана жойып жіберді ме екен?! Әйтеуір, анамның менің анам екенін дәлелдейтін еш құжаты болмады. Құжаттарды мемлекеттік архив арқылы қайта рәсімдеуге екі жылға жуық уақыт кетеді екен. Мен дереу құжат қамына кіріскеніммен, араға жылға жуық уақыт салып, асыл анам мәңгілікке көз жұмды. Өмір бойы аңсап, сағынып, қамығып күткен аяулы анашымнан осылайша аз уақыт ішінде тағы да айырылдым. Бұл жолы мәңгіге айырылдым. Анамның өмірден өтуі мен үшін ең ауыр соққы болды», — дейді еріксіз көз жасына ерік берген Виталий ағай.

«Сырты жылтыр, жан жылуы жоқ Еуропаға үйрене алмадым»

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта шенінде Тәжікстандағы азамат соғысынан кейінгі жағдай күрделі болғандықтан, Витали Ан отбасын алып, Қазақстанға, Алматы қаласына қоныс аударады. Шығыс медицинасын үйренуге ықыласы ауып, Оңтүстік Кореяға барып, кәріс массажының қыр-сырын меңгереді. Кейін Еуропа елдерінде, атап айтсақ, Германия мен Италияның озық клиникаларында қызмет істеп, білім-білігін жетілдіреді.

«Алғашында еуропалықтардың жайлы тұрмысын, бақуатты тірлігін көргенде отбасымды алып, біржола көшіп келсем бе екен деген ойдың болғаны рас. Алайда Қазақстандағыдай кең жайылған дастарқан, қуанышыңда да, қайғыңда да қаумалап, қасыңнан табылатын адал достар, аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдаған көрші-көлем деген атымен жоқ. Туған ағасы інісінің үйіне қалаған уақытында қонаққа келе алмайды. Ал бізде кез келген үйге бас сұқсаң да, құшақ жайып, қуана қарсы алып, бар дәмді-тәттісін дастарқанына қойып, туғанындай сыйлайды. Қысқасы, еуропалықтардың сырты жылтырағанымен, жылуы жоқ сүреңсіз өмір салтына еш көндіге алмадым. «Сабақты ине – сәтімен» дегендей, сол кезде жұбайым жұмыс барысымен Алматыдан Ақсай қаласына ауысып, мен де Еуропаға қол бұлғап, Қазақстаныма қайта оралдым», — дейді ол.

Бүгінде елімізде Виталий Константинұлы Анның есімін білмейтін адам кемде-кем. Шығыс медицинасының майталман маманы ем іздеп келген талай науқасты аяғынан тік тұрғызып, құлантаза сауығып кетуіне себепші болып жүр. Бір ғана Ақсай қаласында 10 мыңнан астам адам білікті дәрігердің көмегіне жүгінген. Емделушілердің қатарында көлік апатынан, инсульттан кейін сал болып қалған адамдар көп. Виталий Константинұлының айтуынша, дәстүрлі медицинаның күші жетпейтін кезде шығыс медицинасы көмекке келеді. Мәселен, сылап-сипаудың (массаждың) көмегімен мыңдаған дертке дауа табуға болады.

Массаж ісінің маманы инсульттан кейін сал ауруына шалдыққан тәжікстандық досын қашықтан емдеп, аяғына тұрғызғанын естігенде, таңғалмау әсте мүмкін емес. «Досымның ұлы қоңырау шалды. Жол қашық. Уақыт жоғалтуға болмайды. Жақсы массаж жасаушы медбике табуын сұрадым. Мен телефоннан айтып отырамын, сіз менің қолым боласыз дедім. «Егер әлдеқандай жағдай туындаса, мен жауап беремін ғой» деп, алғашында келіспеді. Науқастың өзі өтініп сұрағасын, менің айтқаныммен күнде келіп массаж жасады. Арада біраз уақыт өткенде, досым ауруынан айығып, аяғына тұрды. Медбике болса, таңданысын жасыра алмай, «Сіздің әдісіңізді жұмыс тәжірибемде қолдансам бола ма?» деп рұқсат сұрады» — дейді өз ісінің шебері.

Жалпы, ұзақ жылғы еңбек өтілінде шығыс медицинасының дәрігері көп адамға сылап-сипауды (массажды) тегін үйретіп, білікті маман ретінде қалыптасуына, өз кәсібін ашуына септігін тигізген. Мәселен, Орал қаласындағы «Арба» қоғамдық бірлестігіне массаж кабинетін ашуға жәрдемдесіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға массажды тегін үйреткен. Бүгінде қоғамға қажетті екендігін іс жүзінде дәлелдеп қана қоймай, күнделікті табыс тауып отырған мүгедек жандардың алғыстан басқа айтары жоқ.

«Асхатымды қос қызымнан кем көрмеймін»

Облыс жұртшылығы Виталий Анды шығыс медицинасының білгірі, Бөрлі аудандық мәслихатының депутаты ретінде ғана емес, қайырымдылық шараларының ұйымдастырушысы, қамкөңіл жандардың қамқоршысы деп те таниды. Олай деуіміздің жөні бар. Өйткені ол 2007 жылдан бері Орал қаласындағы облыстық балалар үйінің тұрақты демеушісі әрі жанашыры. Қамқорлық пен қолдауға мұқтаж, көңілдерін шер, қабақтарын мұң басқан сәбилерге аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу әрбір азаматтың парызы деп санайды. Бейкүнә періштелердің жарқын болашаққа деген сеніміне селкеу түскенін қаламайды. Мейрам сайын сый-сияпатын арқалай келіп, мейіріміне бөлеп, жан жылуымен баурап алатын үлкен жүректі азаматты мұндағы балалардың көпшілігі «әке» деп атап кеткен. Виталий Константинұлының өзі де оларды екінші отбасындай көретінін айтады.

«Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне массаждан «сабақ» беріп жүрдім. Ертең жетімдер үйінен үлкен өмірге шыққанда нан табатын кәсіп үйренсін деген оймен жасөспірімдерге арналған үйірме аштым. Тобымда ағалы-інілі қазақ балалары болатын. Кішісі Асхат аңқылдаған ашық мінезімен, бауырмалдығымен, қарапайымдылығымен мені ерекше баурап алды. Шығыс медицинасына қызығушылық танытып, үйреткенімді лезде қағып алатын. Балалар үйіндегі достарымен бірге үйге, жұмысыма қонаққа келіп жүрді. Аз уақыт ішінде Асхатқа бауыр басып қалғаным соншалықты жанымнан бір елі ажыратқым келмейтін. Оған қарасам, өзімнің жас кезім есіме түсетін. Күндердің күнінде Асхатқа оны асырап алғым келетіні туралы айттым. Ол келісті. Әрине, түрлі уәж айтып, райымнан қайтарғысы келгендер аз болған жоқ. Бірақ мен өзімнің жүрегімнің әмірін ғана тыңдадым, оған еш өкінбеймін. Қазір Асхат Аронов – облыстық клиникалық аурухананың мақтаулы дәрігері, мықты массаж маманы. Бізді жақын танитын адамдар Асхатты жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, тіпті түр-тұлғасына дейін маған ұқсатып жатқанда, марқайып қаламын. Жақында ұлымды үйлендіріп, келін түсірдім. Жұбайым екеуміз Асхатымызды қос қызымыздан кем көрмейміз, туған ұлымыздай жақсы көреміз», — дейді Витя ағай.

«Жақсылық қылсаң — өзің үшін» деп санайтын кейіпкеріміз азды-көпті ғұмырында жасаған қайырымды істерін БАҚ арқылы жарнамалап жалаулатқанды ұнатпайды. Жүрек түкпіріндегі жан жарасымен бөлісіп, қазақ халқына деген алғысын ақтарыла айтып, мейірімге мұқтаж жетім балаларға жанашырлық танытқан ақжолтай сыр сұхбатын да тұңғыш рет «Орал өңірі» газетіне беріп отыр.

Жат түгілі, туған бауырына да тоң-теріс мына қатыгез заманда мейірімге зәру жандарға қабағын да, тамағын да беріп, жан жылуын сыйлаған Виталий Ан сияқты ақпейіл, дархан жандар қазақстандық қоғамда көп болса, елімізде жақсылық молайып, береке-бірлігіміз артары анық. Өйткені теңіз де тамшыдан құралады емес пе?!

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар