10.11.2017, 18:57
Қараулар: 42
Егер «Жедел жәрдемді» дер кезінде шақырғанда…

Егер «Жедел жәрдемді» дер кезінде шақырғанда…


Өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  өткен баспасөз  мәслихатында  облыстық қоғамдық  денсаулық  сақтау департаментінің  басшысы  Жайдар Құрманов  ағымдағы  жылдағы облыс  бойынша  санитарлық-эпидемиологиялық  жағдай  туралы баяндады.


Департамент басшысының мәліметінше, биыл облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, жұқпалы аурулар көрсеткіші төмендеген. Бактериялық дизентериямен сырқаттану – 2,3 пайызға, жіті ішек инфекциясына шалдығу – 1,2 пайызға, жел шешекпен ауыру – 23,2 пайызға, тұмаумен науқастану – 26 пайызға азайған. Ал дифтерия, қызылша, құтырма, тырысқақ, С, Е гепатиттері, сіреспе сияқты аурулармен сырқаттану жағдайы мүлдем тіркелмеген. Аскаридоз, лямблиоз, тыныс органдарының туберкулезі, педикулез көрсеткіштері былтырғыдай қалыпта. 2017-2018 жылдары тұмаудың алдын алу үшін жергілікті бюджеттен бөлінген 52,2 млн. теңгеге ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынып, облыс тұрғындарының 10,2 пайызы егілген. Сондай-ақ Жайдар Бисенбайұлы тағам және жеңіл өнеркәсіп өнімдерінен улануды болдырмау үшін оларды сатып алып, зертханалық бақылаудан жиі өткізетіндерін айтты.

– Бақылау барысында 1 729 тамақ өнімдері және 449 тамақ өнімдеріне жатпайтын тауарлар санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаға салынды. Нәтижесінде 224 сәйкессіздік анықталып, олардың қатарында құс етінің тағамдары, ет, балық өнімдері кездесті. Сонымен қатар балаларға арналған 67, жеңіл өнеркәсіптен шығатын 37 тауардың талапқа сай еместігі анықталды. Өнімдерді таңбалауда 216 қате табылып, азық-түлік өнімдерінің микробиологиялық көрсеткіштерінде сәйкессіздіктер байқалды. Осылайша стандартқа сай келмейтін өнімді сатпау үшін сауда нысандарына 69 нұсқама берілсе, әкімшілік құқықбұзушылық жөнінде жеті іс қозғалып, 453 800 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді Жайдар  Бисенбайұлы.

Сонымен қатар ауыз судың сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп, нормадан ауытқу шегі 2-4 пайызды ғана құраған. Ауыз судан эпидемиологиялық асқынулар тіркелмеген.

Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау ұйымдары 2017 жылдың он айында барлығы 2076 тексеру ұйымдастырып, 39 927 593 теңгені құрайтын 1152 айыппұл салған. Оның 28 371 576 теңгесі өндірілген. Сондай-ақ аталған мерзімде 23 іс сотқа беріліп, алты іске қатысты өндіріс тоқтатылып, 17 іс бойынша тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2018 жылдың ал-ғашқы жартыжылдығында 624 тексеру  жұмысы  жүргізілмек.

– Әкімшілік кедергілердің азайғанымен, кәсіпкерлер өз сауда нысандарындағы эпидемиологиялық тазалықты сақтап, белгілі уақыт аралығында санитарлық шараларды жүргізіп тұрулары тиіс, – деді  Ж. Құрманов.

Басқосу соңында департамент басшысы БАҚ өкілдерінің сауалдарына  жауап  берді.

Кристина  КОБИНА,

«Мой  город»  газетінің  тілшісі:

– Биыл мантыдан және шұжықтан уланған отбасылардың жағдайы бойынша зерттеу жұмыстары қандай нәтиже көрсетті?

– Иә, ағымдағы жылдың тамыз айында Орал қаласында тұратын әйел адам мантыдан уланып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Оның үш баласы жұқпалы аурулар ауруханасына түсті. Бүгінде бұл жағдайға қатысты зерттеу жұмыстары толығымен аяқталды. Балалардың айтуынша, мантының еті сатып алынған азық-түлік дүкеніндегі барлық ет өнімдерін сараптамадан өткіздік. Нәтижесінде ешқандай ауытқу анықталмады.

Ал аталған отбасы мантыны пісірілген күнінен кейін төртінші күні де пайдаланған. Оның үстіне тағамды сақтаған тоңазытқыштары дұрыс істемеген. Егер «Жедел жәрдемді» дер кезінде шақырғанда, отанасын құтқаруға болатын еді. Сондай-ақ қараша айында шұжықтан улану жағдайы тіркелді. Барлығы 11 адам шұжық жеп, олардың төртеуі ауруханаға түскен. Отбасы мүшелері шұжықты қай жерден алғанын айтпады. Сонымен қатар бірнеше тәулік бойы сақталған тағамды пайдаланғандарын  мойындады.

– Балалар арасындағы педикулез және туберкулездің көрсеткіші қандай?

– Облыс бойынша он айда педикулезбен 100 жағдай тіркелген. Бұл – былтырғы көрсеткішпен  бірдей. Ал балалардың туберкулезге шалдығуы 16,7 пайызға төмендеді.

Санат  ОРЫНӘЛИЕВ,

«Надежда»  газетінің  тілшісі:

– Стандартқа сәйкес келмейтін балаларға арналған өнімдер тізімін  айта  аласыз  ба?

– Бірнеше жыл бұрын стандартқа сай емес өнімдер тізімі сайтымызда жарияланып тұрды. Бүгінде тұтынушының құқығын қорғау қызметі біздің тікелей міндетіміз болмаған соң, ресми жариялауға  құқымыз  жоқ.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар