10.11.2017, 18:53
Қараулар: 40
Өзара ынтымақтастықты нығайтпақ

Өзара ынтымақтастықты нығайтпақ


Пенза облысының үкіметі мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім Челябі қаласында Ресей және Қазақстан елдері басшыларының қатысуымен өтіп жатқан XIV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында жасалды.


Осы жиынға қатысқан БҚО әкімі Алтай Көлгінов өңіраралық форумның екі ел үшін де тиімділігі мол екендігін жеткізді.

«Біз үшін Пенза облысының ІT технология, медицина, фармацевтика, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырып жатқан жобалары өте қызықты. Өйткені Батыс Қазақстан облысында да машина жасау, ауыл шаруашылығы саласы жақсы жолға қойылған. Сондықтан бүгін біз жасасқан келісімнің ауқымы кең, көп саланы қамтиды. Қазірдің өзінде екі облыстың өкілдері бір-бірімізге барып, тәжірибе алмасу жөнінде уағдаластық. Жалпы, мұндай шаралар жақындастыра түседі деп ойлаймын. Мысалы, былтыр Астана қаласында қос мемлекет басшысы Н. Назарбаев пен В. Путиннің қатысуымен өткен форумда Батыс Қазақстан облысына қатысты екі құжатқа қол қойылған болатын. Оның бірі жүрдек пойыздарды іске қосу және екі ел шекарасындағы тексерістерді алып тастау болса, екіншісі Жайық өзеніне қатысты. Бүгінде жүрдек пойыздар арқылы қатынау тұрғындарға өте қолайлы болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, халық осындай келісімдер негізінде жүзеге асатын шаралардың игі жемісін көруде», — деді А. Көлгінов.

Айта кетейік, 2003 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан форумның мақсаты — екі елдің арасындағы түрлі саладағы ынтымақтастықты бекітіп, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстарды нығайту.

Географиялық орналасуы жағынан қолайлы әрі тарихи байланысы тереңде жатқан екі мемлекеттің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар өте тығыз. Мәселен, Ресей елінің бес бірдей өңірімен шектесетін Батыс Қазақстан облысының өзінде Ресей бизнес өкілдерінің қатысуымен 160-тан аса кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасайды. Сондай-ақ соңғы үш жылдың ішінде тек Батыс Қазақстан облысының Еуразиялық экономикалық одақпен арадағы тауар айналымы 2 млрд. АҚШ долларын құраса, биылдың өзінде Ресей елімен сондай сауда-саттық көлемі 400 млн. долларға жетіп, 40 пайыз өсімді көрсетіп отыр.

Форум аясында Қазақстан мен Ресей Федерациясы облыстарының арасында өзге де арнайы келісімдер жасалды.

Форум тақырыбы «Адам капиталына инновациялар енгізу» болғандықтан, мұнда екі мемлекеттің оқу орындары мен ғылыми орталықтарының арасындағы байланыс мәселесі де талқыланды. Қазірдің өзінде Батыс Қазақсан облысының бірнеше оқу орындары мен Ресей оқу орындарының арасындағы байланыс жақсы. Студенттермен академиялық алмасу, ғалым-ұстаздардың тәжірибе бөлісуі мақсатындағы шаралар көптеп жүзеге асуда. Соның ішінде М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Пенза мемлекеттік университетінің арасында арнайы келісім жасалған.

Ғайса БӘЙМЕН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар