10.11.2017, 18:52
Қараулар: 58
Құтқару операциясы ойдағыдай орындалды

Құтқару операциясы ойдағыдай орындалды


«Жайықжылуқуат» АҚ-ға қарасты қалалық жылу электр орталығы аумағында «Қыс – 2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.


Қысқы төтенше жағдайларға әзірлік деңгейі пысықталатын маңызды шараға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев арнайы қатысты.

– «Қыс – 2017» оқу-жаттығуына бірқатар мемлекеттік құрылымдардың өкілдері де қатысып отыр. Бұл – төтеншеліктердің дағдысын, әрекет ету жылдамдығын арттыратын аса пайдалы шара. Мұндай республикалық деңгейдегі оқу-жаттығулар осы салаға жауапты басшылар үшін де зор тәжірибе. Мысалы, төтенше жағдай орын алған кезде әр түрлі қызметтерді тез арада іске қосу тәртібін іс жүзінде жасап көру маңызды. Бүгінгі оқу-жаттығу деңгейіне қарап «жақсы» деген баға беруге болады. Биылдың өзінде жергілікті бюджеттен бөлінген алты жүз миллион теңгеден аса қаражатқа төтенше жағдайлар қызметіне қажетті жиырма төрт техника сатып алынды. Жаңа техникалар бүгінгі оқу-жаттығу жұмыстарында әрекет етуде. Қызмет сапасын арттыру мақсатында техника жаңғырту жұмыстарына алдағы уақытта да үнемі мән беріліп отырады, – дейді Бағдат Оразалдыұлы.

Оқу-жаттығудың тапсырмасы бойынша мұнай құйылған резервуарда жарылыс болып, салдарынан іргелес орналасқан ішінде адамдар бар нысан қирап қалған. Резервуар үстінде де техникалық жұмысшылардың қалып қоюы жағдайды қиындата түсті. Олардың арасында жарақат алғандары да бар. Жарылыс болған жерден өрт шығып жатыр.

Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдайларды жою тобының жетекшісі жедел құтқару жасағына үйіндіні ашып, зардап шегушілерді іздеуге және резервуар үстіндегі адамдарды құтқарып, «Жедел жәрдем» мәшинесіне тасуға бұйрық берді. Үйінді астында қалғандарды іздеу үшін алдымен кинологтар іске кірісті. Иттер адам жатқан жерді тапқанда үріп белгі береді. Ал кинолог ол жерлерді белгілеп өтеді. Құтқарушылар болса көрсетілген жерлердегі құрылыс қалдықтарын тазалап, тақта тастарды көтеріп, табылған адамдарды үйінді астынан шығаруға кіріседі. Резервуардағы зардап шегушілерді құтқаруға сегіз құтқарушы жұмылдырылды. Құтқарылғандар жедел арада арнайы орынға тасымалданып, оларға тиісті медициналық көмек көрсетілді. Адамдар құтқарылғасын өрт сөндіру техникалары қарқынды түрде іске кірісті.

– Жылу электр орталығы маңызды стратегиялық нысанға жатады. Сондықтан мұнда болуы мүмкін түрлі апаттарға әрқашан тастүйін дайын болуымыз керек. Қыс кезіндегі кез келген апат төтенше жағдайға ұласып, қала тұрғындарын жылумен қамту тоқтап қалуы да мүмкін. Бүгінгі шара облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және қалалық құрылымдармен бірлескен түрде ұйымдастырылуда. Шараға отыз алты арнайы техника жұмылдырылды. Осы сәтте оқу-жаттығулар облыс орталығымен қоса барлық аудандарда да өтіп жатыр. Жылу электр орталығында екі жүздей, ал жалпы облысымыз бойынша екі мыңдай адам оқу-жаттығу жұмыстарына қатысуда, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашев шара кезінде журналистерге берген сұхбатында.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар