7.04.2015, 7:56
Қараулар: 215
Қаңғыбас иттер ҚАПТАП КЕТТІ

Қаңғыбас иттер ҚАПТАП КЕТТІ

20150328_123821


Жуырда редакциямызға қоңырау шалған оқырман қала көшелеріндегі қаңғыбас иттерге қатысты мәселе көтерді. Ол бұралқы иттердің көбеюінен, әсіресе, сабаққа жаяу қатынайтын кішкентай немерелерінің жолдағы қауіпсіздігіне алаңдайтынын және оның ересек адамдар үшін де әр түрлі ауруларды тарату көзі екенін айта келіп, «Әсіресе, медколледждің маңы мен «Зашаған» бау-бақша серіктестігінің аумағында ит атаулы өріп жүр. Әуелден осыған жауапты арнайы мекемелер бар емес пе? Аталмыш мәселе неліктен түбегейлі шешілмейді екен?» деген сауал тастады.


 

Оқырман сауалы бойынша Орал қаласындағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды атқаратын қалалық ветеринария стансасына және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасындағы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің мамандарына арнайы хабарласқан едік.

«Орал қалалық ветеринариялық стансасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Қайрат Төлеуішевтің айтуынша, қала аумағындағы қаңғыбас иттер мен мысықтардың көзін жою жұмыстары жыл он екі ай бойына үздіксіз жүргізіледі екен. Бұл мақсатта жылма-жыл жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. Мәселен, 2014 жылы аталмыш бағытта 20 971 965 теңге бөлініп, Орал қаласы, Зашаған, Круглоозерный кенттері және Желаев ауылдық округі бойынша 6 292 қаңғыбас ит пен 521 мысық ауланып жойылған. Ал биыл жергілікті бюджеттен иттер мен мысықтарды аулау және жою жұмыстарына 19 090 000 теңге бөлініп, жыл басынан бері Орал қаласы, Зашаған, Круглоозерный, Желаев кенттері Деркөл шағын ауданы бойынша 2 426 қаңғыбас ит және 14 мысық ауланып жойылған. Қайрат Нұғыманұлы жоғарыда жазылған жәйттерге қарамастан қала көшелеріндегі қаңғыбас иттер мен мысықтардың азаймауының басты себептеріне тоқталып өтті. Оның айтуынша, жекелеген қала тұрғындары қаңғыбас ит-мысықтарды көп қабатты үйлердің жертөле, кіреберістерінде азықтандырып (олардың ішінде осылайша 5-6 ит, 10-20 мысықтан «асырайтындары» бар), күшіктерін ветеринариялық стансаға жоюға тапсырмай, қала көшелеріне жібереді. Ал оларды аулауға барған арнайы мекеме қызметкерлеріне тұрғындар кедергі келтіріп, аулаушыларды балағаттап, кей жағдайларда қол жұмсауға дейін барып, көлікті жүргізбейтіндері де кездесетін көрінеді. Қала тұрғындары көктем-жаз айларында саяжайды күзету мақсатында ит асырап, күз келгенде оларды қалада ұстауға мүмкіндіктері болмай, саяжайларға тастап кетеді. Бұл иттер қорек іздеп қалаға келгендіктен, жыл сайын күз мезгілінде қала көшелерінде иттердің көбеюі байқалады. Қаламен шектес Трекин, Мичурин, Асан агрофирмасы, Подстепный елді мекендерінде бұралқы иттердің жылына бір-ақ рет аулануына байланысты мұндағы бұралқы иттер саяжай аумақтары арқылы қалаға қарай көшіп отырады. «Орал қаласының ветеринариялық стансасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында ит-мысықтарды аулау жұмыстарына не бары 2 көлік бөлінген. Бүгінде оның бірінің тозығы жеткен. Аулау жұмыстарына дротиктер, атылатын шприц, миорелаксанттар (қозғалуды шектейтін дәрі-дәрмектер) алуға қаржы жетіспегендіктен, аулау қолмен жүргізіледі. Бұл көп уақыт алады. Қала тұрғындары мен кейбір мекеме-кәсіпорындардың иттерді байлауда ұстамай, көшеге бетімен қоя беретіндері де кездеседі. Оған иттердің табиғи жолмен көбеюге аса қабілеттілігін қосыңыз. Ұрғашы ит 6-8 айлығында күшіктей алады. Олар жылына екі рет күшіктеп, әр жолы 7-8 күшік туады екен. Оның үстіне қала бойынша тамақ қалдықтарының молдығы, яғни иттерге қоректің көп болуы олардың арымай, ауруға да шалдықпай көбеюіне қолайлы жағдай туғызады. Қайрат Нұғыманұлының мәлімдеуінше, қаладағы қаңғыбас ит-мысықтарды жою өтінішімен тиісті мекемелерге жиі хабарласатын қазақ ұлтының өкілдері, ал оған қарсы тұрып, әлгіндей кедергі келтірушілердің дені өзге ұлт-тың жастары, ұлғайған қариялары көрінеді. Олардың ішінде жоғалған қаңғыбас иттерді түгендеп, мекемеге арнайы келіп, аулаушыларды қарғап-сілеп кететіндері де табылады екен.

Орал қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасындағы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Эльмира Сапарованың берген мәліметі бойынша, өткен жылы ит-мысық, өзге де жануарларға қабылып жарақаттанған 1062 адам тіркелген. Ал жыл басынан бері ондай жарақат түрімен 224 адам тіркеліпті. Оның ішінде белгісіз иттерге қабылғаны – 134, белгісіз мысықтардан жарақаттанғандары – 9.

— Қандай да бір жануарға қабылып, тістелген немесе жай ғана сілекейін жұқтырған жағдайда ересек адамдар дереу облыстық клиникалық аурухананың жарақат бөліміне, ал балалар облыстық балалар ауруханасына қаралуы шарт. Бұған қоса олар қауіпсіздік үшін белгіленген емделу курсын міндетті түрде толықтай қабылдауы қажет. Өйткені мұндай жағдайда ауру жұқтырған адамдардың бойындағы науқастық белгілер түрлі себептерге байланысты ұзақ мерзімнен кейін ғана анықталуы мүмкін. Онда тым кеш болады, — дейді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы Фарида Оразова.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар