10.11.2017, 18:50
Қараулар: 77
Ақпәтердегі көше мерекесі

Ақпәтердегі көше мерекесі


Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа жол» атты жалпыға ой салатын мақаласы негізіндегі «Туған жер» бағдарламасы аясында Ақпәтер ауылдық округінің орталығында «Ақпәтер» көшесінің мерекесі өтті.


Рухани істердің басы-қасында  жүрген Қазталов  ауданының құрметті азаматы Кәрім Өтеғұлов бұл мерекені әрбір тұрғынның туған жеріне деген патриоттық сезімінің одан әрі күшейе түсуі мақсатында қолға алған. Көшеге ауылдағы заманауи үлгіде салынған әлеуметтік ғимараттар мен осы көше тұрғындарының фотосуреттері салынған баннерлер қойылған. Сондай-ақ  Ұлы Отан соғысының ардагерлері тұрған бес үйдің сыртқы  бетіне ескерткіш мәрмәр тақта ілініпті. Көше бойына жаңадан 18 баған мен шамдар орнатылған.

– «Туған жер» бағдарламасы бойынша Ақпәтер ауылында көптеген игі істер атқарылуда. Мұндай бастамалар ауданымызға ғана емес, басқа өңірлерге де үлгі болғандай. Округте осы бағдарламаға орай атқарылатын жобалар бар. Сол жобалар іске асып, халық игілігіне айналсын, – деді мерекеде сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков.

Көше бойына тігілген қос киіз үйдің бірінде көрме ұйымдастырылса, екіншісінде тұрғындар дайындаған ұлттық тағамдар ұсынылды.

Мерекеде ұлттық ойындар да ұмыт қалған жоқ. Қоңыр күздің жаймашуақ күнінде ұйымдастырылған «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Бағанаға өрмелеу», тағы басқа да ойындар тұрғындардың мерейін бір көтеріп тастады. «Қыз қуу» ойынына қатысқан көше тұрғындары, мұғалім Гүлшат Кенжеғалиева мен жұмысшы Әлімбек Әшіретов, «Аударыспақта» айла тәсілімен көзге түскен Мереке Арыстанов, «Теңге ілуде» ілкімділігін көрсеткен Елдос Өтеғұловтар ата-бабадан жеткен ұлттық ойындарды бүгінгі жастар әрі қарай дамытып келе жатқанын көрсетті.

Ақпәтерлік өнерлілердің ән-күй мен биден шашқан шашулары көше мерекесін одан әрі әрлендіріп жіберді.

Көше мерекесіне белсене қатысушылар сый-сияпаттан құр қалған жоқ.

Сәндібек   ЖОМАРТҰЛЫ,

Қазталов   ауданы