Азаматтық қоғамның белсенділігін қалыптастырсақ…

Күні , 75 рет оқылды


Қазақстан  Республикасының Президенті  Н. Ә.  Назарбаевтың Жарлығымен  бекітілген  Қазақстан  Республикасының  2015-2025 жылдарға  арналған  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  стратегиясында көрсетілгендей, сыбайлас жемқорлықтың  тиімді  әрі жүйелі  алдын  алудың  басты  шарты  билік  органдарының  қоғам  алдындағы  есептілігі мен бақылауы, сот төрелігінің тәуелсіздігі мен  әділдігі,  мазмұндалуы  анық  және  қолданысқа жеңіл заңнама, мемлекеттің  кадр  саясатындағы  меритократия, мемлекеттік  рәсімдердің  ашықтығы  мен  қоғамда  сыбайлас  жемқорлыққа  төзбеушілік  деп  танылды.


«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік аппараттың қызметіне азаматтық бақылауды қамтамасыз ету үшін құқықтық және институционалды негіз қалыптасты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерінде азаматтық қоғам институттарының рөлі жандандырылып, күшейтілді.  Тек мемлекет пен қоғамның әріптестігі ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың басты кепілі болады.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңымен сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субьектілеріне сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органнан бөлек, өзге де мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ басқа  да жеке және заңды тұлғалар жататындығы алғаш рет белгіленді.

Заңмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі белгіленген. Аталған шараларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру және сақтау, мүдделер қақтығысын болғызбау және шешу, кәсіпкерлік саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары және өзге шаралар жатады.

Сыбайлас  жемқорлықтың алдын алу жолында қоғамның қолдау маңыздылығын есепке ала отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметінің барлық бағыттары бойынша облыстағы үкіметтік емес ұйымдармен тығыз әріптестік  жолға  қойылды.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында облыста жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың шеңберінде департамент жанынан «Парасыз болашаққа. Бірге!» сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді тобы құрылып, оның құрамына қоғам өкілдері, облыстың абыройлы адамдары, мәдениет, спорт, этномәдени бірлестіктерінің  өкілдері  енді.

Биылғы наурыз айынан бастап 250-ден астам кездесу ұйымдастырылып, оған 18 мыңнан астам адам қатысты,  660 түрлі еңбек ұжымдары қамтылды. Дәл осындай мобильді топтар облыстың барлық аудандарында құрылып, қазіргі таңда өз жұмыстарын атқаруда.

Агенттік пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы әріптестік туралы келісім жол картасының шеңберінде бизнестің дамуы үшін маңызды 16 салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. «Жол картасы» кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудің, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын себептер мен шарттарын анықтау және жоюдың маңызды құралы болып табылады. Аймақтық кәсіпкерлер палатасымен тығыз қарым-қатынастағы әріптестік негізінде департаментпен салықтық әкімшіліктендіру саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Талдау қорытындылары Ұлттық палата алаңында Парламент депутаттары және үкіметтік емес ұйымдармен талқыланды.

Азаматтық қоғамның маңызды институттарының бірі – саяси партиялар. Бұл бағытта департамент пен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен белсенді әріптестік жүзеге асырылып келеді. «Жол картасын» жүзеге асыру мақсатында агенттік пен партия, департамент пен партияның облыстық филиалымен бірлесе халықты әлеуметтік  қорғау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Талдау қорытындысы бойынша азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» және ҚР-ның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің БҚО бойынша  департаментінің қызметтерінде сыбайлас  жемқорлық  қатерлерін жою бойынша іс-шаралар жоспары жасақталып жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе мәдениет, спорт және ақпарат салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы  талдау  жүргізілуде.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда Қазақстан халқы ассамблеясы маңызды рөлге ие. Бұл бағытта департамент пен ассамблея арасында іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар шеңберінде семинарлар, облыстық ассамблеяның қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта акциялар мен театрландырылған қойылымдар  ұйымдастырылды.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі – халықтың мемлекеттен көрсетілген қызметтердің сапалылығымен қанағаттану деңгейі болып табылады. Департамент пен «Ақжол» шағын және орта бизнесті қолдау қауымдастығымен бірлесе әлеуметтік маңызды мемлекеттен көрсетілетін қызметтерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің  бар екеніне қоғамдық  аудит  жүргізілуде.

Сондай-ақ биылғы жылдың мамыр мен тамыз айлары аралығында қауымдастықтың қатысуымен қоғамдық бақылау шеңберінде «Жасырын сатып алу» әдісімен арыз-шағымдарды қабылдау және көрсетілген қызметтердің қорытындысын беруді жүзеге асыратын 40 мекеме инспекцияланды. Қоғамдық бақылау қорытындысы бойынша бұзушылықтардың көптеген фактілері  анықталды. Аталған жоба мемлекеттен қызметтерді көрсету кезінде бұзушылықтарды жедел жоюда өзінің тиімділігін көрсетті. Бұл тәжірибе өз  жалғасын таба бермек.

Агенттік пен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа – орталық» республикалық қоғамдық  ұйымымен бірлесе «Жолдарда сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету бойынша он қадам» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба шеңберінде қызметтік аутокөліктерді қызметтен тыс уақытта жеке мақсатта пайдалану фактілерін анықтау бойынша жол патрульдік полициясы қызметкерлері мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейдтер өткізіледі. Қызметтен тыс уақытта қызметтік  аутокөлікті  пайдалану бойынша облыста анықталған жеті фактінің негізінде кінәлі тұлғалар тәртіптік  жауапкершілікке тартылды.

«Азаматтық бақылау» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Жоба аясында «Ақжол» қауымдастығымен салық, кеден, құқық қорғау және сот органдарында, денсаулық сақтау және мемлекеттік сатып алу салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шаралар өткізілді. Қоғамдық қабылдау ашылып, оған облыстың 30 тұрғыны мемлекеттік органдармен әрекеттесу мәселелері бойынша қабылдауда болды.

Облыстық Азаматтық альянсының бастамасымен цифровизациялау арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және мемлекеттен көрсетілетін қызметтердің электронды форматқа көшу мәселелерін қамтыған «Цифрлы Қазақстан – есепті мемлекеттің кепілі» тақырыбында «Қазақстан – Орал» телеарнасының «Социум» бағдарламасында қозғалды.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша белсенді жұмысты «ЖАҢАРУ» жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыс» республикалық қоғамдық  ұйымының Батыс Қазақстан облыстық филиалы, «Жас қанат», «Жас эколог», «Батыс-Қамқор» жастар қоғамдық ұйымдары және т. б. жүргізуде.

Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы саясаттың негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет саласында  сыбайлас  жемқорлықтың алдын алу. Мемлекеттік қызметшілердің адалдығы және олардың қызметтерінің ашықтығы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың маңызды негізі. Биыл «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттау жүргізілді. Аттестаттауды өткізудің форматы бұрынғылармен салыстырғанда прин-ципті ерекшеліктері бар. Сонымен облыстағы аттестаттау комиссиясының құрамының жартысы мәслихат депутаттары, ғылыми, академиялық орта, қоғамдық ұйымдар өкілдері. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің өз қызметтеріне сәйкестігін тек қана мемлекеттік органдардың басшылары ғана емес, қоғам өкілдері де баға берді. Аттестаттауды өткізудің бұл форматы қабылданған шешімдердің шынайылығын, әділдігін және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауды қамтамасыз етеді.

Кәсіби аппарат қалыптастырудың маңызды кезеңінің бірі – меритократия принципіне негізделген мемлекеттік қызметке үміткерлерді алудың әділдігі мен транспаренттігі болып табылады. Бұл бағытта конкурстық іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бізбен мемлекеттік органдардың конкурстық комиссиясының жұмысына бақылаушылар ретінде қоғам өкілдерін кеңінен тарту жұмыстары жүргізілді. Үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдеріне тәжірибелік және оқыту семинарлары өткізіліп, әңгімелесу кезінде назарға алынуға тиісті мәселелер, құқықтары  мен мүмкіндіктері жазылған арнайы жадынамалар жасалды. Қоғам ұйымдары өкілдерінің белсенділерінен құралған бақылаушылар пулы құрылды. Тұрақты жаңартылып тұратын тізім барлық мемлекеттік құрылымдарға жолданды. Ағымдағы тоқсанда біз облыстағы барлық аудандарда дәл осындай пулдарды құруға кірісіп кеттік. Бүгінгі күні облыстағы мемлекеттік органдардың конкурстық комиссиясының жұмысы қатысқандардың төрттен үші қоғам өкілдері.

Мемлекет басшысы айқын міндеттер белгіледі: қоғамды белсенді қатыстыру арқылы сыбайлас жемқорлық себептерін анықтау және оны жою бойынша жұмыстарды күшейту. Бұл міндеттердің сәтті шешілуі – сыбайлас жемқорлықтан және орынсыз тамыр-таныстықтан ада, еліміздің болашағына жаны ашитын барлығымыз  үшін  маңызды.

Болат  ИСАҚОВ,

ҚР  Мемлекеттік  қызмет  істері  және  сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  агенттігінің  Батыс  Қазақстан  облысы  бойынша  департаментінің   басшысы,  әдеп  жөніндегі  кеңестің  төрағасы


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика