Көне шаһардың көнекөз ғимараттары

Күні , 243 рет оқылды


Орал  – қазақ  елінің  байырғы  қалаларының  бірі.  Шаһардың  Шаған  мен  Жайық  өзендерінің  тоғысқан  тұсындағы  тарихи   бөлігін  ХІХ  ғасырдың  тарихи-мәдени  сәулет  ескерткіштері құрайды.


Қала орталығындағы шығыстық сәулет үлгісінде салынған үш қатарлы Ванюшин үйі (қазір Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей орналасқан) ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіші болып табылады. Бұл үй 1984 жылы 12 қыркүйекте Орал облыстық атқару комитетінің №473 шешімі-мен тарихи ғимарат ретінде танылып, облыстық архитектуралық ескерткіштерді қорғау комитетінің  есебіне  алынған.

Жергілікті өлкетанушы Геннадий Васильевтің пікірінше, өлкеміздегі патша үкіметінің отарлық саясатын жүзеге асырушы ірі көпестердің бірі Александр Ванюшин бұл үйді 1876 жылы салдырған.

Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейге кіретін есіктің жоғарғы жағына қарайтын болсаңыз, тасқа қашалып жазылған «1876» санын көруге болады. Деректерге қарағанда, бұл ғимарат кейін көпестер бірлестігіне сатылып, Орал қаласының көпестері мен саудагерлерінің көңіл көтеріп, демалатын коммерциялық клуб үйіне айналады.

Александр Ванюшин үйінің алдында үлкен сауда базары болғандығын ескі суреттерден де көруге болады. Қазір бұл Некрасов атындағы шағын алаң.

А. Ванюшиннің ұрпақтары туралы өлкетанушы Николай Чесноков: «Көпестің жанұясында екі ұл, бір қыз болды. Қызы Анна Александровна Ванюшина қаладағы өте бай әйел болған. Ол бұл үйді кейін шарап өндіретін үйге айналдырып, жоғары сапалы ұннан жасалған шарап бірнеше рет халықаралық көрмелерге қатысып, медальдарға ие болған» — деген мәлімет береді.

1997 жылы №38 мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жүрген кезімде өлкетанушы Геннадий Васильевті мектепке шақырып, осы ғимарат тарихын айтып беруді өтінген едім. Сонда ол: «1980 жылдардың бас кезінде А. Ванюшин үйіне үлкен жөндеу жұмысы жүргізілген кезде ғимараттың жертөлесінен сынған бөтелкелер мен шараптың этикеткалары табылды» – деп сол этикетканың біреуін маған көрсеткен  еді.

Азамат соғысы кезінде 1919 жылдың қаңтар айынан бастап, Ванюшин үйіне Орал қалалық РКП(б), кейінірек губерниялық комитет орналасып  жұмыс  жасайды. Ал 1930 жылдары бұл үй өлкеміздегі ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орны болғандығын облыстық мұрағат қорында сақталған ауыл шаруашылығы техникумының төлқұжаты дәлелдейді.

ХІХ ғасырдың ескерткіш үйінің 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тарихымен де тығыз байланысы бар. Өйткені соғыс басталған кезде өлкемізге Одесса қаласынан эвакуацияланып келген жаяу әскери училищесі осы үйге орналасады. Алты айлық қысқа мерзімді курсты тәмамдаған кеңес жауынгерлері осы үйден Сталинград майданына жөнелтіліп отырған.

Қаланың байырғы тұрғыны С. Аверянова соғыс кезінде бұл үйдің жертөлесіндегі жауынгерлердің кір киімдерін жуатын бөлмесінде анасының қызмет еткенін, ал өзі оның «кішкентай көмекшісі» болғанын  айтады.

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Ванюшин үйі қайтадан ауыл шаруашылығы техникумының оқу корпусы болып 1981 жылға дейін қызмет етеді. Одан соң ғимаратта пионерлер үйі орналасты. Ал 1996 жылдан бері Ванюшин үйі қаламыздағы жалпы білім беретін орта мектепке айналды.

Облыс орталығындағы Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана орналасқан ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіші, көпес Александр Карев үйінің салыну тарихы кім-кімді де қызықтыратыны анық.

Дерек көздеріне қарағанда, Бузулук көпесі (Ресей) Карев алғаш рет Орал қаласына ат-арбамен келген. Жайық жағасындағы балықшылардың жағаға лақтырып тастайтын ұсақ балықтарын жинап, Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына дейін баруды кәсіп еткен. Өздерін Жайық өзені балығының қожасы санаған казактар бекіре тұқымдас балықтарды ғана аулап, ұсақ шабақтарды суға қайта лақтырып жіберетін еді. Осы балық аулау маусымында Александр Карев балықтың мол қорын жинап алып, оны Ресей қалаларына апарып, саудасын қыздырған. Ал балық сатудан түскен ақшасына сол кездегі оралдықтар үшін ең қажетті иірілген жіп, арқан сияқты тауарларды әкеліп, жоғары бағамен өткізіп отырған. Сөйтіп, бірте-бірте қаржы қорын жинаған көпес А. Карев 1900 жылы Орал қаласында дүкенімен бірге екі қабатты үй тұрғызбақшы болады. Алайда тағдыр Каревке бұл үйінің құрылысы аяқталғанын көруді жазбайды. Қалың орман арасында құрылысқа қажетті материалдар дайындап жүрген кезде ағаш астында қалып, қайтыс болады да, әйелі Кариха үйдің құрылысын аяғына дейін жеткізіп, үш қабатты үй тұрғызады (А. Карев құрылыстың үшінші қабатынан құлап, өлім құшты деген дерек те айтылады). Сөйтіп, қала ортасындағы алыстан көз тартатын әдемі Карев үйі бой көтереді. Қазақтар биіктігі мен сыртқы түсіне қарап, бұл үйді «Нар үй» немесе «Қызыл үй» деп атаған. 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін бұл ғимаратта бірнеше дүкен, мысалы, «Шмит және К°» сауда үйі, екінші қабатында ресторан және офицерлер клубы, үшінші қабатында қонақүй орналасады.

1919 жылдың жазында Орал қаласы қызыл әскер бөлімшелерінің қолына көшкеннен кейін Карев үйі «Еңбекшілер сарайы» деп аталады да, бұл үйге жергілікті кәсіподақ орналасады. Ал 1920 жылдардың бас кезінде үйдің бірінші қабатында «Красный Урал» газетінің баспаханасы және конференция залы орналасады да, үшінші қабаты қонақүй болып қала береді. 1923 жылы қараша айында Орал қаласына келген халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, қазақ жазушысы Сәкен Сейфуллиннің осы қонақүйде тоқтағаны жөнінде мәліметтер бар.

А. Карев үйінің жанында кең аумақты қамтыған металшылар кәсіподағының қалалық бағы болған. Бұл бақта әдеби кештер өткізіліп, ақындар өлең оқып отырған. Қазір бұл бақтың орнында қалалық сот пен балабақша орналасқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында Карев үйінің екінші және үшінші қабаты эвакуацияланып келген әскери госпитальдың баспанасына айналады. 1965-1984 жылдар аралығында ғимараттың үшінші қабатынан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің редакциялары қоныстанады. Ал екінші қабаты бүгінгі күнге дейін бұрынғы Н. Крупская (қазір Ж. Молдағалиев) атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана мен облыстық филармонияның құзырында. Филармония залы өзінің жоғарғы акустикасымен ерекшеленеді.

ХІХ ғасыр соңында Орал қаласында бой көтерген архитектуралық сәулет ескерткіштерінің бірі алғашқы коммерциялық банк ғимараты. Қазақстанда ХІХ ғасырдың ІІ жартысында капиталистік қатынастардың дамуына байланысты. Бұл ғимаратта біраз жылдан бері Батыс Қазақстан облысының  әкімдігі қоныстанған.

Деректерге жүгінсек, ғимарат 1896 жылы сәулетші Александр Бунькиннің жетекшілігімен тұрғызылған. Құрылыс жұмысына мәскеулік белгілі теміржол құрылысшысы Николай Раевский басшылық еткен.

Орыс сауда-өндірістік коммерциялық банк үйі үш қабатты. Төменгі жер асты қабаты бар. Екінші қабаты жаяу адам жүретін жолмен деңгейлес болды. Екінші қабатқа – дүкен, ал үшінші қабатқа банк және биржа орналасады. Жоба бойынша құрылысқа 22 мың сом қаржы бөлінеді. Орал қаласында бұл үйге алғашқы орталық жылу құбыры, желдеткіштер, электр желісі тартылады. Сонымен қатар ғимараттың төңірегіне алғашқы жаяу адам жүретін жолдар мен көпірлер салынып, аумағы 1000 шаршы метр көлемінде көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, Орал қаласының бүгінгідей көрікті орталығына айналады. Ғимараттың қасбетінде бедерлі сәнді торлармен көмкерілген балкондар болды. Сол әдемі балкондарды қазір де көре аламыз.

Ғимаратқа кіретін есік алдындағы бағаналардың арасына екі арыстан мүсіні қойылды. Бұл мүсіндердің авторы Николай Гаврилович Калентьев. ХІХ ғасыр соңында тұрғызылған қаладағы бұл ғимарат әмбебап үй болды деп те айтуға болады. Өйткені мұнда банк, биржа кеңсесінен басқа, нотариалдық кеңсе, ресторан, коммерциялық шайхана және дүкендер орналасады. Осы ғимаратта ірі кәсіпкерлер Компанейцаның дәріханасы, көпес Р. Функаның дүкені, Грязновтың шаштаразы қала тұрғындарына қызмет көрсеткен. Ал үшінші қабаттағы кең дәлізде кеңсе қызметкерлерінің демалысы үшін концерт, спектакльдер қойылған.

1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін бұл ғимарат жұмысшы солдат, шаруалар кеңесінің үйі, ал 1919 жылдан облыстық революциялық комитет, 1920 жылы губерниялық комитет, 1924 жылы Орал губерниялық соты, кейін облыстық атқару комитеті орналасады. Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізген 1991 жылдан бастап, аталмыш ғимаратта Батыс Қазақстан облысының әкімдігі қоныстанды.

Міне, Орал қаласы – өзінің көне сәулет ескерткіштерімен ерекшеленетін сәнді қала. Демек, қаламыздағы көненің көзі саналатын мәдени-тарихи архитектуралық ескерткіштердің тарихымен танысып, олардың сәнді келбетінің бұзылмай сақталуына қамқорлық жасауға өз үлесімізді қосу абыройлы  міндет  екенін  ұмытпау  қажет.

Бақтылы  БОРАНБАЕВА,

Батыс  Қазақстан инновациялық-технологиялық

 университетінің  доценті, тарих  ғылымдарының кандидаты


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика