7.04.2015, 7:52
Қараулар: 152
Көшет егіп, КӨРКЕЙТЕЙІК!

Көшет егіп, КӨРКЕЙТЕЙІК!

IMG_1594


Көшет егу арқылы Қазақстанның жасыл желегін молайтып, туған елімізді көркейте  түсу – ҚР  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы назарындағы мәселе. Елбасының ұйытқы болуымен Астана маңындағы орман көкжиегінің кеңейе түсуі – осы  сөзіміздің нақты дәлелі. Облысқа өткен аптадағы сапарында да Ұлт көшбасшысы «Жасыл ел» бағдарламасының мән-маңызына ерекше тоқталып, бұл бағыттағы жасампаз жұмыстың жалғасын табуы тиіс екендігін және бір жадымызға салды.


Биылғы наурыз айында Орал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен облыс орталығының аумағына және қала маңына 600 түп қылқанжапырақты көшет отырғызылды. Осы бағыттағы көгалдандыру жұмыстарын «Интергаз», «Орал Кров», «Алем Плаза» секілді мекеме-кәсіпорындардың ұжымы жіті көңіл бөліп, қаламыздың көркеюіне белсенді үлес қосып отырғанын атап өту қажет.

Облыс әкімдігінің  хаттамалық шешіміне сәйкес, Орал қаласы және аудан-ауылдарды көгалдандыру-көркейту, сондай-ақ санитарлық тазалау мақсатында биылғы 6 сәуір-6 мамыр аралығы санитарлық айлық деп жарияланды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі 2015 жылдың 18 сәуірін «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» деп белгіледі. Осы қос шараға орай  облыс аумағындағы елді мекендерді тазалау және көгалдандыру-көркейту жұмыстары ұйымдастырылатын болады. Туған өлкеміздің көркіне көрік қосар осындай жасампаз істерге баршаңызды барынша атсалысуға шақырамыз.

Облыстағы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерге қарасты 8 орман тұқымбағы (лесопитомник) бар. Тұқымбақтардағы өсірілетін көшеттер жергілікті елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге жеткілікті екендігін хабарлаймыз.

Елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын ақылы да жүргізуге болады. Көшет алуға қатысты ақпаратты мына телефондар арқылы білуге болады: Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы: 26-52-57, Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі: 26-50-10.

Ерлан ҮМБЕТОВ,

облыстық табиғи ресурстар

және табиғат

пайдалануды реттеу

басқармасы басшының

орынбасары


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар