7.04.2015, 7:34
Қараулар: 309
Қазталовтан ЖАПОНИЯҒА ДЕЙІН

Қазталовтан ЖАПОНИЯҒА ДЕЙІН

Камидоллаканзира


«…В начале боя 25.11.42 г работал наводчиком. С двух выстрелов разбил блиндаж. За первый день боев под Михеево разбил 3-блиндажа, одну землянку. 26.11.42г из ДЗОТ-ов, которые считались не действующими противник открыл пулеметный огонь по нашей пехоте. Эти 2-блиндажа были разбиты. При сильном минометном обстреле орудие было повреждено, командир орудия убит. Сержант Сулейменов действуя уже за командира орудия, в упор расстреливал немцев, которые опять засели в разбитый блиндаж. В результате пехота противника не выдержав губительного огня, отступила, а наша пехота заняла оборонительный рубеж противника. Командир полка подполковник Нелепа. 3 декабря 1942 год».


Бұл архивте сақталынып, жақында ғаламторда жарияланған Калинин майданы, №22 әскери армиясы бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы атынан берілген 1942 жылдың 22 желтоқсандағы №0100 бұйрығына тіркелген подполковник Нелепаның марапаттау парағындағы (наградной лист) жазулар. Бұйрыққа №22 армия әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Селезнев, армия әскери кеңесінің мүшесі, генерал-майор Катков, армия штабының басшысы, генерал-майор Шалиндер қол қойған. Бұйрықтағы наводчик деп отырғаны – Қамидолла Сүлейменов. Подполковник оны ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденіне ұсыныпты. Сөйтіп, Сүлейменов анау №0100 бұйрықпен аталмыш орденмен марапатталады (орденнің №2256). Ол кезде жауынгер №610 танкіге қарсы ататын зеңбірек полкінің құрамында көздеуші (наводчик) болған. Әр шайқасты, әскери шабуылдар мен жорықтарды айна-қатесіз жіпке тізіп отыратын командирдің архивте сақтаулы жоғарыдағы жазбасы Сүлейменовтің бір ерлігін ғана баяндайды. Ал жерлесіміздің ондай ерліктері бес жылға созылған соғыста жиі қайталанған сияқты.

Ал ерлігі үшін орден алған Сүлейменов Қамидолла деген кім?.. Ол — Қазталов ауданының тумасы. Бұл сержант Сүлейменовтің екінші соғысқа қатысуы. Оқушыға түсінікті етіп баяндасақ, Қамидолла әуелі Қазталовтан 1938 жылы әскерге алынады. Сол жақта жүргенінде-ақ, финдермен соғыс басталып, соның алапатынан бір-ақ шығады. Шайқастардың бірінде ол жаудың самолетін атып түсіріпті. Финдермен болған соғыс аяқталғаннан кейін 1940 жылы 12 наурызда әскери міндетін де толық өтеп, елге оралады. Алайда сол кездегі кеңес халқы үшін мамыражай бейбіт күннің қызығын көру ұзаққа бұйырмады ғой. Гитлершіл Германия тұтатқан өрт талай халыққа қасірет әкеліп, миллиондаған өмірді жалмады. Сол алапат қырғынға кешегі фин соғысының ер-жүрек жауынгерінің бірі – Сүлейменов те аттанады. Нақтылай айтсақ, Ұлы Отан соғысы басталысымен, көп ұзамай 1941 жылы 13 шілдеде әскерге қайтадан шақыртылады. Былайша айтқанда, бас-аяғы екі-үш жылдың ішінде екінші рет соғысқа кіруге тура келеді.

Әскерге қайта шақыртылған Қамидолла Сүлейменов Ақтөбеде құрылған 312-атқыштар дивизиясының 591 жеке зениттік артиллериялық дивизионының (отдельный зенитный артиллерийский дивизион) 3-батареясы құрамында 1941 жылы 8 қыркүйек күні алғашқы рет Ұлы Отан соғысының шайқасына кіреді. Ол соғысты қатардағы жауынгер болып бастап, аға сержант дәрежесінде аяқтаған. Соғыста жүріп, екі рет ауыр жараланды.

Тағы бір назар аударарлығы, сол ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен Қамидолла Сүлейменов Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1985 жылы 11 наурыз күнгі Жарлығымен екінші рет марапатталған (№1659349). Алайда бұл кезде абзал азамат қайтыс болып кеткен еді…

Бұл, сірә, Жарлықтың 4-тармағында көрсетілгеніндей, аталмыш орденмен соңғы марапатталғанына қанша уақыт өткеніне қарамастан Ұлы Отан соғысының белсенді қатысушылары, Жапон соғысына қатысушылар, соғыс кезінде түрлі жағдайлармен ерлігі дұрыс еленбей қалғандар т.б марапатталған. Сонымен қатар ол бірнеше медальдың да иесі болған. Олардың арасында «За оборону Москвы», «За победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941-1945г.г.», «За отвагу», «За оборону Сталинграда», «Двадцать лет победы в Великой Отечественной войне 1941-1945 г.», «Тридцать лет Победы в Великой Отечественной войне 1941-1945 г.г.», «60 лет Вооруженных сил СССР» (екі рет 1978,1981 ж. ж.) «Ветеран труда», «За освоение целинных земель» медальдарымен марапатталған.

Жауынгердің қызы Р. Сүлейменованың айтуынша, әкесі үшін наградаларының ішіндегі ең қымбаттысы соғыс біткеннен кейін, І Украина майданы бойынша 1945 жылы шілде айында берілген мақтау грамотасы болған. Оны сол жылдарда халық арасында «Сталиннің грамотасы» деп атаған. Бұл грамотаға сол кездегі І Украина майданы әскерлерінің қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры И. Конев, Әскери кеңес мүшесі, генерал-лейтенант К. Крайнюков және майдан штабының басшысы, армия генералы И. Петровтар қол қойған. Аталмыш грамотада І Украина майданының соғыс кезіндегі ерліктері көрсетіліп, олардың Донның орталық ауданын, Курск иіні, Днепр, Житомир, Ровно, Проскуров, Винница, Каменец-Подольск, Ковель, Тернополь, Черновцы, Станислав, Дрогобычи, Львов, Польша, Сан, Висла өзендерінің бойы, Краков, Жоғарғы Силезия, Германия аумағын, Одер, Нейссе, Шпрее, Эльба өзені, Дрезден, Чехословакия, Прага қалаларын азат еткендері, ең соңында фашистерді талқандап, Германияда Жеңіс туын тіккендері үшін І Украина майданына нәтижелі әскери әрекеттері үшін Сталиннің 74-рет алғыс жариялағаны көрсетілген.

Сонымен қатар 27.07.1944 ж. Перемышль қаласын, 20.08.1944 жылы Сандомир плацдармын, 11.02.1945 ж. Одер өзенін кешіп өтіп, Бреславль қалаларын алғаны үшін, Кеңес Одағының Батыры, полковник, әскери комиссар Коняхиннің, Кеңес Одағының маршалы, КСРО қорғаныс министрі А. Гречконың т.б алғыс-құттықтаулары бар.

Сержант Сүлейменов Жеңіс күніне аман-есен жетеді. Енді елге қайтпай ма дер оқушы. Жоқ, сержанттың әскери өмірі одан әрі жалғасады. Венгрияның Вац қаласына аттандырылып, ол жерде де әскери операцияларға қатысады. Бұл қала Дунайдың жағасында Будапештің жоғарғы жағында 30 шақырым жерде жатыр екен. Осы жерден олардың әскери бөлімі 1946 жылдың 27 маусымында Жапонияға жөнелтіледі. Сол жылдың аяғына қарай Қамидолла Сүлейменов Қазталовына оралады-ау ақыры. Елге келген бойда еңбек майданына белсене араласады. Көп ұзамай Қанзира Ерғалиева апамызбен шаңырақ құрады. Ол кісімен тату-тәтті ғұмыр кешіп, он перзент сүйеді. Кешегі екі соғыстың жауынгері бейбіт күнде де өзіне тапсырылған қызметті абыроймен атқарады. Шильная балка (қазіргі Аққурай) селолық кеңесінің төрағасы, одан аудандық ДОСААФ төрағасы, Қараоба ауылында колхоз басқармасының орынбасары, парторг, Бостандық колхозы ауылдық советінің төрағасы болған, сол кезде бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестерінің депутаттығына сайланған. 1960 жылдан бастап, сол кезде жаңадан құрылған, төбесі балшықпен сыланған 3-4 үйі ғана бар «Мирон» мал бордақылау совхозында (қазіргі Жаңатаң) прораб болып тағайындалады. Сол ауылдағы үйдің дені Қ. Сүлейменовтің басшылығымен тұрғызылған. Еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болған Қамидолла Сүлейменов 1983 жылы өмірден озды. Азаматтың әрқайсысы бір-бір шаңырақтың иесі болған он ұл мен қыз бүгінде ұрпақ көшін одан әрі жалғастыруда. Жауынгердің жары Қанзира апай бүгінде жасы 87-де, Жаңақалада тұрады. Жасы біразға келіп қалса да, осыдан 50-60 жылғы аралас-құралас болған орысы бар, қазағы бар таныстарының аты-жөндерін, кейбіреулерінің әскери шендеріне дейін жатқа соғады. «Батыр ана» атағының иесі – кешегі соғыс кезіндегі тылдағы тынымсыз еңбегі үшін мемлекеттің талай марапаттарына ие болған жан.

— Мен мектепте оқып жүргенде, одан студент болған кезімде әкемді мектеп оқушылары мен мұғалімдері, комсомол жастар кездесулерге шақырып, соғыс тақырыбына әңгіме айтуды өтінетін, — дейді бізбен әңгімелесіп отырған қызы Р. Сүлейменова. — Сондай кездесулер туралы кезінде аудандық «Коммунизм жолы» газетінде мақалалар шыққаны есімде. Соғыс тақырыбына сөз қозғауды ұнатпаса да, әкем кейде там-тұмдап әңгіме айтатын. Бірде әкемдер орман ішінде жау қоршауында қалып, бір апта бойы нәр татпай, тек қайыңның қабығын сорып, талғажау қылған. Ол біздерді әділ, адал, төзімді, кешірімді, қанағатшыл болуға үйрететін.

Әкем сонымен қатар өзінің өмір жолында еңбектес болған, майданға бірге аттанған, соғыста бірге болған немесе өзі үлгі тұтқан жандар туралы да кеңінен әңгімелейтін. Сонау 1928 жылы өзі үйіне жатып оқыған Сухан атадан бастап, ұстазы Сейсенғали Жанғазыұлы, сол кездегі Яловтағы басқарушы Жақсығұлов Шакел (оны жұрт «Шәке, Шәкен» деп атайды екен, бұрынғы Камен (Тасқала) ауданында жұмыс істеген Кеңес Одағының Батыры Жақсығұлов Садықтың әкесі), ақын Қасым Аманжолов (әкем ақынмен 1933 жылы Оралдағы «Совхозтрестің» алты айлық курсында бірге оқыған, «сол кездің өзінде керемет өлеңдер жазып жүретін еді» дейтін). Теплов ауданындағы (қазіргі Зеленов ауданы) слесарь, трактористер дайындайтын мектеп директоры Ершов, соғыс алдында колхоз председателі болған Дүйсенғали Есенгелдин, есепші Мектеп Мәшімбаев, үлкенге де, кішіге де «сіз» деп сөйлейтін басшы Ғаббас Мұханов, Тасбай Балғазиев, Мәлік Досқалиев, Сүлеймен Тапалов, Шәріпжан Сахметов, Жұмақай Шадияров, Байтұрлы Мұстафин, Жәрдем, Сұлтан деген қарияларды және майдандастары Мамбетияр Досқалиев, Сансызбай Сұлтанғалиев (бұрынғы Фурманов ауданынан), Мәсәлім Хайрушев, (Жымпиты) Бейсен Өтеғұлов (соғыста ерлікпен қаза тапқан), Жауметовтің қайтыс болғанын, Кәкішбай Аяпбергенов (Қызылорда облысынан), деген досы, тағы басқалар туралы жиі-жиі еске алып отыратын» — деп аяқтады әңгімесін майдангердің қызы.

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ

"ЖЕҢІС ТАРИХЫ"

Басқа да мақалалар