7.04.2015, 7:27
Қараулар: 130
Жерлес фотожурналистің жеке көрмесі

Жерлес фотожурналистің жеке көрмесі

Фото выставки


Алматыда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің үлкен көрме залында көрнекті хронодокументалист, ҚазТАГ-ТАСС фототілшісі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Мұрат Мәмбетовтің жеке көрмесі ашылды.


Көрме оның 60 жылдық мерейжасына орайластырып ұйымдастырылған. «Қазақстан социалистік реализм көзімен» деп аталатын көрмеге белгілі фотожурналистің камерасы әр жылдары еліміздің әр өңірінің өндірістік, қоғамдық және рухани өмірінен бейнелеген қайталанбас қас қағым сәттердің жүзден астам деректі әрі көркем суреттері қойылған. Оларда қазақтың кең-байтақ даласында мыңғыртып мал баққан, алқаптарда алтын масақ баптап, егін өсірген, өңешінен от шашқан мартен пештерінде металл балқытқан еңбек адамдарымен қатар, мәртебесі биік мәдениет және өнер қайраткерлері мен әлем алдында ел беделін асқақтатқан үздік спортшылардың көркем бейнелері көрініс тапқан. Фотокөрмені тұтастай алғанда, тәуелсіз еліміздің бір үзік көркем де деректі шежіресі деуге болады.

Мұрат Мәмбетов – Орал өңірінің тумасы. Өзінің фотожурналист ретіндегі еңбек жолын алғаш рет облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясында бастаған. Осы газеттің фототілшісі қызметінен бастап, еліміздің басты ақпарат агенттігі – ҚазТАГ-тың және осы агенттік арқылы ТАСС-тың арнаулы фототілшісі, Қазақстан Республикасы Үкіметі төрағасының жеке фотосуретшісі дәрежесіне дейін көтерілген кемел сурет шеберінің кәсіптік жолының алғашқы соқпағы осы ұжымнан бастау алады. Фотожурналистің туған өлкесімен байланысы әлі де берік. Сондықтан да көрмеге қойылған көркем туындылардың арасында Орал өңірінің жемісті жетістіктерін бейнелейтін туындылардың қомақты орын алғаны түсінікті.

Көрменің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев мерейжас иесінің фотожурналистика саласында игерген айшықты биіктерін айрықша атап көрсетіп, оның өңіріне «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін тақты. Мерейгердің тұңғыш ұстаздарының бірі – «Орал өңірі» газетінің бұрынғы редакторы Ғ. Көшенов және кәсіптік әріптестері Мұрат Мәмбетовтің шығармашылықтың соқтықпалы-соқпақты жолында қол жеткізген сөзсіз табыстарына «құтты болсын» айтты.

Алмагүл ӘБІКЕНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар