7.04.2015, 7:20
Қараулар: 277
Ынтымағы жарасқан, ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН

Ынтымағы жарасқан, ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН

IMG_2573


Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты Қақпақты қыстағында орналасқан «Сұлтан» шаруа қожалығы – қазір аудан бойынша мал басын көбейту, асылдандыру ісіне ден қойып отырған үлкен қожалықтардың бірі. Қожалық жетекшісі Асқар Сағынаев – еңбекпен ерте айналысқан азамат. Кезінде інісі Тұрлан екеуі Орал, Атырау қалаларына «УАЗ» аутокөлігімен жолаушы тасып, жеке кәсіппен айналысқаны бар. Кейін атакәсіп – мал шаруашылығына ден қойды.


Қазір мал қыстатуды ұйымшылдықпен жүргізіп отырған оның иелігінде заңдастырылған 12 400 гектар жер бар. Осы Қақпақты – шүйгінді, малға жайлы өңір. Ең бастысы, мал әзірге құдықтағы суға қанып отыр. Бірақ түбі оның да сарқылары анық. Себебі қазір барлық аймақта су тапшылығы сезілуде. Мұны күні бүгіннен ойластыруымыз керек.

— Мал суынан тапшылық болмасын. Суға қанбай, мал күйлі болмайды. Осы жердегі көлдіктің қабағынан қазылған құдық суы қазір 300 бас ірі қара, 350 бас еділбай қойының шөлін қандырып келеді. Жаз кезінде су ішер 63 бас қылқұйрықтың да шөлін басатын осы құдық. Қыстақта электр қуаты болмағандықтан, құдықтағы сусорғы мотормен істеп тұр. Оған да шүкір, осыншама малды қолшығырмен суару қайда?! – дейді Асқар Кенжесұлы.

Асқар мал өсірудің кәнігі маманы дерсің. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы аналық малға 2,7 млн. теңге демеуқаржы алды. 126 ақбас тұқымды қашарды өз қаражатына сатып алып, бағуда. Сонымен қатар «Сыбаға» бағ-дарламасының көмегімен 13 млн. теңгеге алынған он сегіз айлық 64 бас қашар қазір төл бере бастады. Бұдан үш жыл бұрын алған 6 бас асыл тұқымды бұқадан тараған 32 бас өгізше қазір жемделуде. Қазақтың ақбас асыл тұқымының Республикалық Палатасына мүшелікке кіруді ойластырған ол малдың бағымына ерекше мән беріп отыр. Қазіргі бордақылаудағы жануарлардың жайы ойлаған мақсатына орайлас. Палатаға мүше болса, көптеген жеңілдіктерге ие болмақ.

Қожалықта 2014 жылы асыл тұқымды 120 бас бұзау алынған. Ал биылғы алғашқы екі айда 24 бас бұзау алынып, қазір ойнақтап жүр. Күтімі келіскендіктен, түгі жылтырап, адамға тәкаппар көз салады. Жас төлге сұқтана қарағанымызды ұнатыңқырамай қалған Асқар жаңа салынған қораға қарай бастап кетті. Ішіміз сезсе де, ештеңе байқамаған болдық. Бірақ азаматтың байқампаздығын, ырымшылдығын іштей мақұлдадық.

Осыншама малдың бағымын техниканың көмегінсіз елестету қиын. Қожалықта 1 «МТЗ-82» тракторы лизингке алынды. Оған қосымша «МТЗ-80» 2 ныспылы трактор қысы-жазы жұмыс үстінде. Сондай-ақ орақты 3 «КДП-6» шалғысы, 1 «КУН», 1 шөптайлағыш та мезгілінде үлкен көмек болып тұр. Осылардың арқасында өткен жылы 10 500 центнер тайланған шөп үйіп алып, биылғы қысты уайымсыз өткізді. Айтпақшы, тырмауыш та жаңаланды. Мұнда жұмысшыларға «УАЗ» аутокөлігі, өзінің жапондық жол талғамайтын «Тойота» аутокөлігі де шаруашылықтың «қолғанатына» жарап келеді. Жоғарыдағы 3 шалғыға кеткен қаржының 50 пайызын инвестициялық демеуқаржылау бағдарламасы бойынша кері қайтарып алды. Сөзіміз жалаң болмас үшін айта кетсек, өз қаражатына 2 жаңа қора (40х12 метр), жұмысшыларға бір тұрғын үй салып, қазір малшылар игілігін көруде. Жайықтың сол жағалауындағы округтерде мұндай жаңа құрылыстар жоқ. Суық қыста қораның жылы болғаны жақсы емес пе?! Жас бұзау, ойнақтаған қошақан жылы жерде тұрса, азбайды. Іскер азаматтың малдың игілігін көру, малға берілетін мемлекеттік жеңілдіктерді пайдалану арқылы жайлы тұрмыс пен еңбеккерлердің жұмысын жеңілдетуді ойластырғандығы көрініп тұр.

Ендігі айтпағымыз, Қарауылтөбеден 12 шақырым жердегі Қақпақтыға қалай электр жарығын тартпақпыз? Оның қуатынсыз осыншама шаруашылықты жүргізу қиын ғой. «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша алыс малшы қыстақтарына баған тартып, қуат көзін жеткізу – оңай шаруа емес. Жерге орналастыру құжаттамасын жасауға қожалық өз қаражатын шығаруы керек. 2015 жылға аудан бойынша 7 шаруа қожалығы өз қаржыларына осы жұмысты жасады. Оған 1 миллион теңгеге жуық қаржыларын жұмсады. Қазір бәрі әзір тұр. Кейінгі негізгі шаруаларға (баған тұрғызу, сым тарту т.б.) мемлекет көмектесуі тиіс. 2014 жылы будариндік «Атамұра», «Бастау» шаруа қожалықтары жоғарыдағы бағдарламамен мақсаттарына жетті.

— Қар қалың түскен жылдары Қақпақтыға қатынас қиындайды. Бірақ әлді техника барда тоқталыс болмайды. Қазір баяғыдай қыс та, қар да жоқ. Сондықтан жол бейнетін көрмейміз. Дегенмен сақтықтың қажеттігін үнемі ескереміз. Бірде көлігіміз сынып, жолда қалдық. Ұялы телефон арқылы ауылға хабарласып, әкімшіліктің жігіттері көмекке келді, — дейді азамат.

Мұнда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына сай Тоғайбай Мәулешов, Қоңырша Талпақова, Мирас Ысмағұлов сияқты тұрғындар еңбек етеді. Олар құжаттары арқылы осы қожалыққа жұмысшы болып тіркеліп, еңбекақы алуда.

Асқар Қарауылтөбеде әкесімен бірге тұрады. Еңбек ардагері Кенжес ағамыз қазір бағып-қағуды қажетсініп қалды. І топтағы мүгедек. Жан жолдасы Жолдықыз апамыз өмірден озған. Асқардың жолдасы Бибігүл – Тайпақ орта мектебінде мұғалім. Әйтеуір, мейірімі мөлдіреген, аяулы жүзі атасына деген қамқорлықты қалтқысыз танытып, мүгедек жанды (көзі көрмейді) кіршіксіз бағып отыр. Ойы орнықты, тілге жүйрік Кенжеақаң келініне шексіз риза екенін әңгіме төркінінде аңғартып-ақ тастады. Асқардың үлкен қызы Жадыра Ақтөбедегі М. Оспанов атындағы медициналық академияда соңғы курста оқыса, одан кішісі Шұғыла Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін биыл бітірмек. Ал ұлы Сұлтан мектепте 9-сыныпта оқиды. «Сұлтан» шаруа қожалығының аты қалай таңдалғаны енді белгілі болды.

…Ынтымағы жарасқан, шаруасы шалқыған әулетке біз алдағы уақытта да береке-бірлік тілеп аттандық.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы