7.04.2015, 7:08
Қараулар: 192
Ауыз су НЕГЕ ИІСТЕНДІ?

Ауыз су НЕГЕ ИІСТЕНДІ?

vedro


«Орал өңірі» газетінің редакциясына Жаңақала ауданының бір топ еңбек ардагері қол қойған хат келіп түсті. Онда газет оқырмандары Жаңақаладағы ауыз судың сапасына алаңдаушылық білдіріп, дабыл қаққан. Хаттың мазмұны төмендегідей:


«Ауру – астан» дейді халық даналығы. Ас сусыз ішілмейді. Адам ағзасындағы жасушаларда зат алмасу үрдісінің 70-75 пайызы судың арқасында қалыпты жұмыс істейді. Бұл физиологиялық жағдай бұзылса, адам созылмалы немесе жіті ауруларға шалдығады. Бүйрек, бауыр, асқазан, несеп жолдары қабынады.

Өкінішке орай, 7926 адам тұратын Жаңақала ауылында соңғы бір айдан бері ауыз су жайы мәз болмай отыр. Түсі сарғыш, лайланған судан өткір, сасық (балдыр,  балық иісі) иісі шығып, дәмі өзгеріп, ішуден қалдық. Бұл жайдың мәнісін сұрап коммуналдық  шаруашылық басшылығына телефон шалып едік. «Мен не істейін?»  деп дәрменсіздік танытты.

Аудан әкімінің  орынбасары мен аудан прокурорына айтып едік, олар «Қолға аламыз, анықтап, түзету шарасын аламыз» дегенмен әлі нәтиже жоқ.

Мұнан кейін тұтынушылардың құқығын қорғау бекеті басшысына телефон шалып, бұл жайдың жағдайын айтып едік, ол: «Бұл судан адам тез уланып өлмейді», — деді.

Бұл не деген сөз? Осы судан іше берсе, өлетінін жоққа шығармағаны ма әлде жауапсыздығына ақталғаны ма?

Құрметті редакция!

Біздің осы жағдайымызды тексеріп, шұғыл шара алынуына ықпал етуіңізді сұраймыз. Біздің талабымыз:

  1. Ауыз су шұғыл тазартылсын немесе су тазартылғанша басқа жерден су тасылып берілсе екен.
  2. Бұл мәселе Құлшық құмындағы жерасты суы құбыр арқылы тартылмай түбегейлі шешілмейтініне көзіміз жетіп келеді. Сондықтан Құлшықтан су тартуға облыстан не республикадан қаржы бөлінсе, оған облыс басшылары мүдделілік танытса дейміз.

Жаңақала ауылының еңбек ардагерлері: Сайран АХМЕТОВ, Сатыбалды ЖҰМАШЕВ, Мақсот ШАПИХОВ, Құмарғали ҚАЙЫРЖАНОВ, Молдағали ТӘЖИЕВ, Қабдығали ТЕКЕБАЕВ, Ғиният ВАЛИЕВ, Әмірхан ЗАКАРИН, Болат ДОСМАҒАНБЕТОВ, Күншығар ИЛИЯСОВ, Қадим ЖАКИН (қолдары қойылған)

Аталмыш хатта көрсетілген мәселенің мәнісін білмекке тиісті орындарға қатынас хаттар жолдадық. Жаңақала аудандық тұрғындар құқығын қорғау басқармасының басшысы Р. Ибрагимов жауап хатында: «Жаңақала аудандық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» санитарлық-химиялық зертханасында су үлгілерін зерттеу нәтижелері Жаңақала ауылы тұрғындарына беріліп жатқан ауыз судың түстілігі мен лайлығы нормативтік көрсеткіштерден асып кеткенін анықтады»  делінген. Содан кейін ауыз судың микробиологиялық көрсеткіштері нормативтік құжаттардың талаптарына сай екенін және анықталған жағдай бойынша «Коммунал» МКК директоры М. Батырхановқа ауыз судың сапасын арттыру жөнінде тиісті шараларды жүргізуге хат жолданғаны айтылған. Сондай-ақ хаттың соңында бұрын алынған сынамалардың көрсеткіштерімен салыстырғанда, соңғы сынамалардың нәтижелері ауыз судың жағдайы түзелгенін көрсетті деп жазады.

«Коммунал» МКК-ның басшысы М. Батырхановтың редакцияға жауап хатында былай делінген: «Жаңақала ауылы суды 30 шақырым жердегі «ҚазСушар» мекемесінің теңгерімінде тұрған Пятимар су қоймасынан Жаңақала желілік басқармасының қарауындағы су айдағыш сорғы арқылы алады. Келген суды «Коммунал» МКК-да су тазартқыш қондырғыдан өткізеді. Қысқы мезгілде мұз қалың болғандықтан, су сорғыш суды су қоймасының түбінен сорады. Судың  түбі иісі бар «өлі» топырақ, қамыстың түбі, балдырға толы болуынан судың иісі болады. Су тазартқыш бұл иісті жоя алмайды».

Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Дархан Закарин жауап хатында тұрғындарды ауыз сумен қамтитын «Коммунал» МКК-ға қарасты ауыз су қоймасына 2013 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, су тазарту қондырғыларының ауыстырылғанын жазған.

«Аталмыш су қоймасына су Пятимар су қоймасынан беріледі. Бұл ашық су көзі болып табылады. Көктемгі су тасқыны уақытында ағын сулардың өзен арнасына құйылуынан, мұздың еруінен Дөңгелек су қоймасынан су төменге жіберіліп, Пятимар су қоймасына жиналғанда, судың ластануы жыл сайын қайталанып отыр. Ауыз судың түсінің бұзылып, иістенуіне байланысты су қоймасындағы екі су мұнарасы тазартылып, залалсыздандырылды. Су жинағыш сыйымдылықтар тазартылуда, залалсыздандырғыштар  көлемі 2-3 есеге дейін көбейтіліп берілуде.  Апта сайын судың құрамы тексерілуде. Күні бүгінге судың сапасы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай. «Құлшық» елді мекенінің  жерасты суын пайдаланып, Жаңақала ауданын таза сумен қамтамасыз ету мақсатында техникалық-экономикалық негіздеме жасақталуда».