30.10.2017, 21:40
Қараулар: 493
Оралдан басталған ғылыми жол

Оралдан басталған ғылыми жол


Шығыс әлемінде «Ғалымдар серке секілді, қай жаққа бастаса да, тура жолға бастайды» деген тұжырым бар. Ғалым ретінде профессор Бердібай Шалабай – тап осы сапта. Ұлт данасы Абай ғұламаша ой өрсек, адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болары даусыз. Ұстаз Бердібай ағамыз шәкірт пен оқытушы арасындағы ынтымақтастық педагогикасын кредо тұтқан педагог-ғалым. Бүгінде профессор Бердібай Шалабай құрылғанына 85 жыл толып отырған М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде бір кезде еңбек етіп, аймақтың кәсіби тіл мамандарын даярлауға мол үлес қосқанын ерекше мақтаныш етеді. Өз кезегінде аталмыш университет те Бердібай Шалабай сынды лингвист-ғалымын мақтан тұтады.


Бердібай Шалабай 1947 жылы қараша айының 2-сі күні Өзбекстанға қарасты Қарақалпақ АССР-ның Шоманай ауданында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі Жұмағамбет Шалабайұлы, анасы Рәзия Сатбергенқызы ұзақ жылдар бастауыш мектеп мұғалімдері болып қызмет істеген. Ол ауданның Шоманай бөлімшесінде М. Горький атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірген соң, 1964 жылы Алматыда С. Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түседі. 1969 жылы оқуды үздік аяқтаған ол университеттің аспирантурасын жалғастырады. Аспирантураны бітіргеннен кейін 1972 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына арнайы жолдамамен жіберіліп, еңбек жолын педагогика кафедрасында оқытушылық қызметтен бастайды. 1973 жылы филология ғылымының докторы, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор М. Балақаевтың жетекшілігімен «Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы синтаксистік құралдардың стилистикалық қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. 1975-1988 жылдары жоғарыда аталған институттың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті ғылыми дәрежесінде еңбек етеді. 1988 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында қазақ тіл білімі кафедрасының доценті қызметін жалғастырып, 1989 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі білімі кафедрасына қызметке келеді. 1997 жылы филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Респуликасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Р. Сыздықтың ғылыми жетекшілігімен «Көркем проза тілін зерттеудің ғылыми-теориялық негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғайды. 2000 жылы Қазақстан Республикасы жоғары аттестациялық комитетінің бекітуімен профессор атағын алады. 2003-2007 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жалпы тіл білімі және қазақ тілінің тарихы кафедрасының меңгерушісі, 2009-2010 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі болып, еңбек етеді. Ал 2015 жылдан бастап Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры болып ауысады.

Б. Шалабай ғылым жолындағы алғашқы қадамынан-ақ көркем әдебиет тілін дендеп зерттеуге көңіл қояды. Оның алғашқы «Көркем шығарма тілі – даралық стиль құбылысы», «Әдеби тіл және көркемсөз табиғаты» тақырыбындағы ғылыми мақалалары көркем әдебиет тілінің өнер құбылысы ретіндегі өзіндік мәнін, ерекшелігін ашуға, сырын ұғынуға бағытталды. Бұл ізденістері одан әрі «Көркем әдебиет тілі және оны мектепте оқыту», «Көркем проза тілі» атты көлемді еңбектерінде жалғасты. Мұнда ғалым көркем әдебиет тілі басқа өнер құбылыстарымен бір қатардағы емес, олардан басқаша ендіктегі құбылыс екеніне, қарым-қатынас құралы ретіндегі тілдің көркем шығарма құралына айналғанда өзгеше иірімге түсіп, жаңаша мәнге ие болатынына көңіл аударады. Оны анықтау үшін «автор бейнесі» ұғымына жүгіну қажеттігін негіздейді және көркем прозадағы авторлық баяндаудың түрліше қабаттардан тұратынын (әңгімелеу, суреттеу, ойталқы, диалог),  соларды талдау арқылы көркем тілдің ерекше құбылыс ретіндегі өзіндік мәнін ашуға болатынын түсіндіреді. Бұл түсінікке автор орыс филологиясы ғылымының ірі өкілі академик В. Виноградовтың ілімін басшылыққа ала отырып келді. Ғалым көркем әдебиет тілін зерттеуді мектепте оқыту ісімен ұштастыра жүргізді.

Ғалым Б. Шалабай айналысқан тіл білімінің бір саласы – мәтін лингвистикасы. Ол – қазақ тіл білімінде мәтінді теориялық тұрғыдан алғашқылардың бірі болып зерттеген ғалым. Оның 1975 жылы жарияланған «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі синтаксистік тұтастық» атты мақаласы – қазақ тіл білімінде мәтінді арнайы тұрғыдан зерттеген тұңғыш еңбек. Онда ғалым қазақ тіл ғылымының алдыңғы буын өкілдері Р. Сыздықова мен Т. Қордабаевтан кейін осы ұғымды енгізіп («шумақ», «күрделі синтаксистік бірлік»), оны теориялық тұрғыдан жан-жақты талдайды, кейінгі зерттеулерге жол ашады. Сексенінші жылдардың аяғына қарай республиканың жоғары оқу орындарының филология факультеттерінің оқу бағдарламаларына «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» курсы жеке пән болып енгізіле бастады. Соған орай Б. Шалабай осы курстың типтік оқу бағдарламасын жасап, оқу құралын шығарды, пәнді оқытуға байланысты бірнеше өзекті мақалалар жариялады. Демек, көркем мәтін, жалпы мәтін талдау профессор Б. Шалабайдың ғылыми ізденістерінің өзегіне айналып отыр. Көп жылғы зерттеулердің нәтижесінде  1997 жылы ғалымның «Қазақ көркем прозасының тілін зерттеудің ғылыми-теориялық негіздері» атты монографиясы жарық көрді. Ғалымның іргелі еңбегінде өзіне дейінгі көркем проза тілін зерттеудің тәжірибелері жинақталып, оларды қорыта отырып, мәселені зерттеуге жаңаша ғылыми тұрғыдан келеді. Ол – көркем шығармадағы автор бейнесі және көркем прозадағы баяндау қабаттары (түрлері) туралы мәселе. Автор бейнесі – көркем шығармадағы өзге бейнелермен бір қатардағы құбылыс емес, оларды жинақтап, бір жіпке тізіп көмкеріп тұратын, көркем шығарманың құрылымын біртұтас ететін ерекше құбылыс. Прозадағы автор баяндауы да құбылып тұрады: бірде автор өз атынан сөйлесе, бірде кейіпкер атынан сөйлейді, бірде онымен бірігіп кетеді, кейде тіпті ойдан құрастырылған басқа бір бейнеге енеді. Мұның бәрінде де шығарманың біртұтастығы, бір бүтін құрылымы жойылмайды. Соған орай баяндау бірде әңгімелеу, бірде суреттеу, бірде ойталқы, бірде диалог (полилог) түрінде беріліп, көркем шығарма құрылымын күрделендіре түседі. Көркем шығарма құрылымындағы бұл баяндау түрлерін А. Байтұрсынұлы әуезелеу, әліптеу, пайымдау деп атап, оларға ең алғаш түсінік берген еді. Жоғарыдағы теориялық қағидаттарды ғалым қазақ көркем прозасының қалыптасу, даму тарихымен байланыстырып қарайды. Алғашқы проза үлгілері – ертегілерден бастап, кейінгі дамыған прозаға дейінгі олардың ерекшелігін, даму үрдісін саралайды. Профессор  Б. Шалабай шәкірттерімен бірлікте мәтін туралы зерттеулерін одан әрі жалғастырып, көптеген ғылыми еңбектерін жарыққа шығарды. Онда мәтіннің негізгі белгілері мен категориялары, бірліктері, түрлері, мәтін талдаудың аспектілері жан-жақты қарастырылады. Ол көркем мәтінді зерттеу бойынша өзіндік мектебін қалыптастырды.

Профессор Б. Шалабай қазақ тілі синтаксисін және стилистикасын зерттеуге де зор үлес қосып келеді. Бұл саладағы ондаған мақалалары мен екі оқу құралы – соның дәлелі. 1982 жылы жарияланған мақаласында (Құрмалас сөйлем құрылымына бірер сөз // «Қазақстан мектебі», 1982, №8) ғалым құрмалас сөйлемдерді классификациялауда жаңа принцип ұсынады. Ол құрмалас сөйлемдерді алдымен құрылымдық ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлуді ұсынады (жай құрмалас сөйлемдер және көп құрамды құрмалас сөйлемдер). Жай құрмаластар салалас, сабақтас болып жіктелсе, көп құрамдылар көп компонентті салаласқа, көп бағыныңқылы сабақтасқа және аралас құрмалас сөйлемге жіктеледі. Сөйлеу жүйесінің құрылымдық әрі функционалдық сипаттарына қарай бөлінетін бұл жіктеліс кейін ғалымдар тарапынан (Қ. Есенов, Б. Қапалбеков, Т. Ермекова т.б.) қолдау тауып, оқу әдебиеттеріне енді.

Ғалым Б. Шалабай ұзақ жылдар (45 жыл) ҚР Жоғары мектептер саласында жемісті еңбек етіп келеді. Шәкірттеріне қазіргі қазақ тілінің синтаксисі, қазақ тілінің стилистикасы, көркем мәтінге лингвистикалық талдау, сөз мәдениеті т.б. пәндерден дәрістер оқып, практикалық сабақтар жүргізеді. Сол пәндерден типтік оқу бағдарламаларын түзіп, оқулықтар мен оқу құралдарын дайындады. Ғалым бакалавр және магистратура бөлімдеріне арнап бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарын жазды: «Қазақ тілінің стилистикасы», «Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис», «Қазақ тілінің функционалды-коммуникативтік синтаксисі» т.б. Олардың ішінде теориялық білімдермен қатар оқу үдерісін тиімді жүргізуге қолқабысын тигізетін практикалық сабақтарға қажет «Кестелі грамматика», «Қазіргі қазақ тілінің жаттығулар жинағы», «Практикалық қазақ тілі», «Қазіргі қазақ тілі» курсы бойынша лабораториялық  жұмыстарды» жазуға қатысты.

Профессор Б. Шалабай алғашқылардың бірі болып тілді функционалды аспектіде зерттеуге атсалысты. Оның «Қатысым синтаксисі туралы», «Сөйлемді зерттеудің коммуникативтік аспектісі» атты мақалалары және «Қатысым синтаксисі» оқу құралы  осы саладағы алғашқы бастамалары болса, кейін осы мәселеге көптеген еңбектер арнап, шетелдерде мақалалар жариялады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Мемлекеттік тілді дамыту институында гранттық негізде қаржыландырған ғылыми жобаларға қатысып, жүргізілген ғылыми жұмыстардың нәтижесінде «Қазақ тілінің функционалды-коммуникативтік синтаксисі»  атты оқу құралын жарыққа шығарып, «Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар» атты монографияоқулығын жазуға қатысты. Ғалым қазақ тілі білімінің өзекті мәселелері бойынша шет елдерде (Украинада (Черкассы), Түркменстанда (Ашхабад), Қытайда (Пекин), Өзбекстанда (Нөкіс), Қырғызстанда (Бішкек)) халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, баяндамалар жасады. Профессор Б. Шалабай жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Пекинде Қытай Орталық ұлттар университетінде екі рет, Бішкекте Қарасаев атындағы Қырғыз ұлттық университетінде  қазақ, қырғыз, түрік  бөлімдерінің студенттеріне дәрістер оқыды. Ол  2000-2009 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және 2009-2010 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы қазақ тілі мамандығы бойынша диссертация қорғайтын мамандандырылған кеңестердің мүшесі болды. Профессор Б. Шалабай ғылымдағы ізбасар шәкірттерін дайындауға да үлкен еңбек сіңірді. Оның ғылыми жетекшілігімен 34 ғылым кандидаты, екі ғылым докторы,  бір PhD докторы даярланды. Олар қазір тәуелсіз Қазақстанның әр түрлі жоғары оқу орындарында жемісті еңбек етіп жүр.

Сөз соңында Бердібай ағамызға айтарымыз, жетпіс – кемел жас, десек те, жетпіске кідіре көрмеңіз. Сексен – парасат жасы, сексеннің сеңгіріне бойлаңыз. Тоқсан – толымды ғұламалық сатысы, тоқсанға тоқтау болмағай, жүздің биігіне кемеңгерлік шыңына шыққайсыз демекпіз.

Абат ҚЫДЫРШАЕВ,

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік

 университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы,

Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар