20.10.2017, 21:51
Қараулар: 83
Сыңар қанат қалмасын балапандар…

Сыңар қанат қалмасын балапандар…


Он жылдай мектеп қабырғасында баламен жұмыс жасағандықтан, бала психологиясы маған жақсы таныс. Толық отбасы мен толық емес отбасында өскен баланың көңіл күйі жер мен көктей. Мен оқытқан бір сыныптағы 25 оқушының 12-сі толық емес отбасының ұл-қызы еді. Оның екеуінің әкесі қайтыс болған, қалғандары ажырасқан ерлі-зайыптылардың перзенттері болатын. Осы сыныптағы оқушыларды біраз сырттай жүйелі бақыладым.


Айдос пен Дәурен алдыңғы партада отыратын. Айдос толық емес отбасының, ал Дәурен толық отбасының баласы. Айдостың анасының жеке кәсібі бар. Сабаққа баласын көлікпен әкеліп тастап, алып қайтады. Күнде жаңа киім киеді. Қаламсапты да күн сайын ауыстырады. Жағдайы жақсы. Бірақ ылғи көңілсіз, тұнжырап, қабағы ашылмай, әлденеге көңілі толмай жүретін. Ал Дәурен мектеп жанындағы көп қабатты жатақхананың бір бөлмесінде тұратын көп балалы отбасынан шыққан. Әкесі тек жаз кездерінде ғана жұмыс жасайды. Анасы бір мекемеде еден жуады. Жағдайлары орташа. Кей кездері нан алатын да ақшалары болмай қалады. Оны Дәурен жасырмай, айтып қояды. Бірақ соған қарамастан, ол ылғи көңілді жүруші еді. Байқағаным, анасының жалақы алған күні – олар үшін мереке. Сол күні-ақ: «Мамам бүгін жалақы алады. Мен «5» алып баруым керек» деп қуанады. Көп балалы отбасында өскесін бе, бауырмал, көпшіл, қолындағы кәмпитінің жартысын бөліп беріп, достарын қуантуға әуес. Бұл жерде негізгі мәселе тағы да отбасындағы ахуалға тіреледі. Дәурен қара шай ішіп, қара нан жеп жүрсе де, көңілі бүтін. Айдосқа анасы бар жағдайын жасағанымен, көңілі жарты. Себебі анасы қандай мейірімді адам тауып алса да, баланы өз әкесіндей еміреніп, еркелете алмайды. Бала үшін «Әкем бар» деген сөздің өзі дәтке қуат екен.

Күз мезгілі, сабақ жаңа басталып жатқан сәт еді. Есік ашылып, қолында дорбасы бар ақжаулықты әжей кіріп келді. Аман-сау жоқ, арқаланып кіріп келген әжейге балалар үрпиіп қарап қалды. Тек алдыңғы партада үндемей отыратын Сая есімді шәкіртім: «Әже!» деп жүгіріп барып, үлкен кісінің құшағына енді. Әжесі де етпеттей құлап-сүрініп, қызына жабысып, көзінен тарам-тарам жас ағып жылап жатыр. Түрлеріне қарасаң, көп жыл көріспеген адамдар секілді. Бір-бірін құшақтап, сағынысқан әже мен немересі біраз тұрды. Саяның жылаған дауысы әсер етсе керек, сыныпта сілтідей тыныштық орнады. Мен балаларға тапсырма беріп тастап, әжеймен оңаша сөйлестім. Ұққаным, Саяны әжесі кішкене күнінен өзі өсіріпті. Ол мектепке баратын жылы ата-анасы ажырасып, содан ерегескен анасы қызды әкесіне де, оның туыстарына да көрсетпей қояды.

Жаз бойы ауылдан келіп, қызын көре алмаған әже үй айналып, есік алдын торып, беймаза күй кешкенін, немересін сағынып, әбден құса болғанын айтты. Кейіннен

Саямен сөйлескенімде, ол да әжесін, әкесінің туыстарын қатты жақсы көретінін, бірақ анасы олармен сөйлесуге қарсы екенін айтты. Осы жағдайдан кейін Саяның анасымен әңгімелесіп, біраз дәлелдер келтіріп, екі жақты татуластырғандай болдық. Әжесі қалаға келген сайын Саяға келіп тұратын болды.

Тағы бірде балаларға «Өз көңіл күйлеріңді бойнелеп, сурет салып беріңдер» деген психологиялық тапсырма бердім. Балалар салған суретін жапырлап, тапсырып жатты. Бірі жарқыраған күнді, бірі гүлді, бірі көлікті, енді бірі тамақтың суретін салған. Тек артқы партада отыратын Нұргүл есімді оқушым бір қанаты жоқ, бұйығып отырған құстың суретін салыпты. Көңілді сурет салған балаларды тақтаға шығарып, әлгі оқушымды қозғамадым. Бірақ сабақ бойы бақыладым. Партаға басын қойып жатады, біресе тұрады. Әйтеуір, мазасы болмай отырғанын сездім. «Бір жерің ауырып отыр ма?» десем, «Жоқ» деп басын шайқайды. Сабақтан соң өзін алып қалып, неліктен бұл суретті салғанын сұрадым. «Себебі мен өзімді дәл осы құс сияқты сезініп тұрмын. Кеше папам үйден кетіп қалды. Олар ажырасып жатыр» деді.

3-сынып оқитын баланың өз көңіл күйін дәл осылай жеткізуі менің де жүрегімді ауыртты. Шынында да, толық емес отбасының баласы өзін бір қанаты жоқ құс секілді сезінеді. Ол қанша тырысқанымен, әке-шешесі бар баладай өзін еркін сезіне алмайды. «Әкем жоқ, ол бізбен тұрмайды» деген түсінік әбден санасына сіңіп қалған баланың басқаларға қарағанда бәрібір мысы басылып тұрады. Көп жағдайда бала екі тараптың түсініспеушілігінің құрбанына айналады. Ашуға мінген ата-ана тек өздерін ойлап, баланы мүлдем ұмытады. Әрі-беріден соң, баласын көрсетпей, ана ауылға, мына ауылға апарып, екі ортаға қолжаулық қылады. Өкініштісі сол, жүректерін ыза мен кек басып, бір-біріне жауыққан ата-ана өз баласының тағдырымен ойнап жүргендерін өздері сезінбейді. Бұдан шығатын қорытынды – қандай жағдайда да бала ата-анасымен бірге, өз шаңырағында өсуі керек. Өмір болған соң, әр түрлі жағдайлар орын алады. Бірақ мейірім мен кешірім бар жерде жанұя сақталады. Мейірімді болайық, ашу бойды қысқан сәтте де, сәл сабыр сақтап, дүниеге бала көзімен бір қарап көрейікші…

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар